Бөкей ордасы ауданына қарасты Бисен ауылында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Рүстем Зұлқашевтың қатысуымен жиын өтті.
Рүстем Мүлкәйұлымен бірге облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Қайрат Қадешев, «Охотзоопром» РМК Батыс өңірі филиалының Бөкей ордасы бойынша топ жетекшісі Досан Дарханов, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты басшысының орынбасары Аслан Сәрсенбаевтар арнайы келіпті.
Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов төрағалық еткен бұл жиынға тек Бөкей ордасының ғана емес, көршілес Жәнібек ауданының да қожалық иелері қатысты.
Алдымен аудан басшысы Нұрлыбек Даумов аудан ахуалынан хабарлама жасады. Оның айтуынша, аудандағы 122,0 мың малға 192,0 тонна мал азығы қажет екен.
Рүстем Зұлқашев мал шаруашылығы бойынша мәселелердің қордаланып қалғанын айта келіп, себептеріне де тоқталды.
– Ауа райының қолайсыздығы, киік мәселесі, су тасқыны, геосаяси ахуалға енді кеп шегіртке мәселесі қосылды. Жергілікті шаруаларымыз мал өнімін нарыққа шығара алмай отыр. Өйткені, сөрелерді Ресейдің арзан өнімі жаулап алған. Тұтынушыларға арзан етті алма дей алмаймыз. Сәуірде министрлік өкілдері кеп, суға кеткен аудандардың шаруаларымен кездесу өткізді. Сол кездесуде шекарадан өтетін тауарларға шектеу қою мәселесін Үкімет деңгейінде көтеретіндерін айтып кетіп еді. Қазіргі таңда облыс аумағында 607 мың гектар егіс алқабы бар. Кеңес үкіметі кезінде миллион екі жүзден астам егіс алқабы болған екен. Жылдағы дәстүр бойынша мал азығын дайындауға 8 000 тонна дизель отынын жеңілдікпен беруді бастадық. Дизель отынының литрі 238 теңгеден. Үш мың тоннасын мал азығын дайындауға деп қарастырып отырмыз.
Жалпы, басқарма тарапынан қол қусырып қарап отырғанымыз жоқ. Мамырдың 3-інде киік мәселесі бойынша көршілес Жәнібек ауданында жиын өтті. Жиын қорытындысы бойынша Үкіметтің алдына мәселе қойдық, - дейді Рүстем Мүлкәйұлы.
Қожалық иелері мал өнімдерін экспорттау, лимит, субсидия, дотация мәселелері бойынша сауалдарын қойып, толыққанды жауап та алды.
Аудандағы ахуалды ескеріп, төтенше жағдай жариялау туралы ұсыныстарын айтты.
Ұлпан Әнуарқызы
Бөкей ордасы ауданы