29.11.2024, 9:30
Оқылды: 201

«Күніне 15 құдыққа түсіп, шығамын» – Нұрлыбек Елеуов

Еңбек адамы
Бүгінгі күні ауылдағы ағайынның өмір сапасы артқаны шындық қой. Жылу, жарық, су – бәрі де бір түймеге бағынған заман. Біз үшін қалыпты игіліктердің арғы жағында коммуналдық сала мамандарының қалтқысыз еңбегі тұрғанын аңғара да бермейміз-ау.
IMG_6473
Нұрлыбек Елеуов үшін кейде жұмыс күні таңғы сағат 06:00-де басталады. Кейде кешкі асын да  түнгі 03:40-та ішуі мүмкін. Себебі, ол – су шаруашылығының слесары. Сырым ауданынындағы шақырымдап шұбырған құбырларының бірінің бойынан ақау шықса, асай-мүсейін арқалап Нұрлыбек аттанады. Уақытқа қарамайды.
Нұрлыбек Елеуов «Сырым» коммуналдық мекемесіне 2006 жылы қызметке қабылданды.  Осы жылдар ішінде Сырым ауданында қанша ауыл, қанша үй таза суға қосылды? Өмір нәрінің ауылдарға жетуін, үй-үйге үздіксіз баруын «Сырым» МКК директоры Тұрарбек Нұрғалиевтің әріптестері қамтамасыз етеді. Коммуналдық мекеменің ауласынан шұғыл аттанған «Собольдің» ішінде шебер қолды Нұрлыбек міндетті түрде болады.
Нұрлыбек Елеуов Жымпитының ішінде өзінің «екі аяқты жүйрігі» – велосипедпен қатынайды.
Ерінбей отырып, слесарьдің бір күндік маршрутын есептегенбіз. Күніне 50-60 шақырымдай жол жүріп, 12-15 құдыққа түсіп шығады екен. Елуге жасы жеткен Елеуовке үш метр тереңдігі бар су шахтасына енерде баспалдақ пайдаланбай, арқанмен салбырап түсіп, артылып шыға береді.
– Су шаруашылығындағы ұстазым-әріптесім Ахметкерей Үсенов. Ахаң осы қызметке шақырды, баулыды. Біздің қызметтп ширақ қимылдау керек, бірақ жанып-пісуге, абдырауға болмайды. Жаныққан адам қателік жібереді. Жымпитының өзінде 400-ден аса су шахтасы бар. Ішіне мен түспеген біреуі жоқ. Қай көше, қай үйге су қандай өлшемді тұрбамен баратынын, қай бұранданы бұрау керек екенін әбден жаттап алдық, - дейді слесарь.
Биыл Қособа ауылдық округі мемлекеттік бағдарлама бойынша таза ауыз су желісіне қосылуы тиіс еді. Мердігердің жауапсыздығынан жұмыс кешікті. Ақыры, атқарылған істен мін табылды. Ауылға су тасымалдайтын тұрбаның 14 жерінен ақау шықты. Жұмысқа «Сырым» МКК слесарі Нұрлыбек Елеуов кірісті. Әріптесі, көлік жүргізуші Шадияр Нәжімеденұлы екеуі саз бен суды белуардан кешіп, жарықтың бәрін жамап шықты.
Директор Тұрарбек Нұрғалиев те сыптай болып киініп, сырттай қарап тұрмай, су шұңқырларының ішіне түсіп, диаметрі 140 см тұрбаны өз қолымен желімдегенін айтпай кетуге болмас.
2016 жылы Астана қаласындағы салтанатты жиында Нұрлыбек Елеуовті мемлекеттік қайраткер, сол кездегі денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова «ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Слесарьдің кәсіби қызметінде осындай мерейлі сәттер де бар.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале