Күні кеше ғана өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойыны барысында елімізде ерекше рекорд тіркелді. Онда спортшылар ғана емес, құрақ көрпе тігуші қолөнершілер қазақтың атын әлемге танытып, 450 құрақшы 450 құрақ көрпе тігіп, Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Еліміз бойынша он тоғыз аймақтан жиналған құрақшылардың ең жасы 8 жаста болса, ең үлкені 85 жаста екен. Құрақ көрпе тігуші шеберлердің қолынан шыққан көрпелердің өлшемі бірдей.
Олардың ұсынған көрпелерінің жалпы ұзындығы 2 жарым метр болса, ені 90 сантиметр. Бәрін бірге жайған кезде көрпелердің аумағы 450 шаршы метрді құраған. Ол төсеніштер қараған жанға үлкен кілем төсегендей тамаша әсер қалдырды. Өткен жылы 200 құрақшы жиналып Гиннестің рекордтар кітабына енген болса, биыл олар өз рекордтарын өздері жаңартып отыр.
– Мен Қазира Қалмурзина батыс өңіріндегі Жалпақтал ауылының тумасымын. 1953 жылы 24 қазанда дүниеге келдім. Бүгін – туған күнім. Негізінен құрақ көрпе тігу қазақтың кез келген қызының қолынан келетін іс. Тек ниет қоя білсе жеткілікті. Менің анам да, енем де құрақ көрпе тігіп, киіз басып қолөнерге жақын болды. Өзім медицина қызметінің ардагерімін. 2011 жылы зейнеткерлікке шықтым. 2014 жылдан бері Орал қаласындағы «Нарын сазы» ансамблінің мүшесіндемін. Ардагерлер клубында Сәуле Нұрғалиева деген досым бар. Қолөнерге жақындауыма сол кісі себепші болды. Екеуміз екі қайтара Астанаға бірге бардық. V Дүниежүзілік Көшпенділер ойынына қатыстық. Диплом, алғысхаттарымыз өте көп. Өзім отбасымда үш бала, бір қыз тәрбиелеп өсірген анамын. Қазір шүкір, бәрі де үйлі-баранды. Немере, жиен, жиеншарлардың ортасында ақ жаулықты әже атанып, өмір сүріп жатырмын. Елімізде ұйымдастырылған «Аламан құрақ» акциясына екі жылда (2023, 2024) да қатыстым. Айтулы шараны ұйымдастырған Нұргүл Абайхан деген Алматының қызы еді. Биыл Нұргүлге белгілі дизайнер Аселина Батыр деген Украинада тұратын қазақ қызы көмектесті. Аселина негізінен Қарағандының қызы. Қазір шетелде тұрмыста. Ол 13 жасынан іс тіккен екен.
Ертең 25 қазан – Республика күні. Отандастарымыз үшін ұлық мейрам ғой. Мен өзіммен қатар жүрген барлық әріптес қыздарымды ел мерекесімен құттықтап, қазағымыздың атын шығарудағы өлшеусіз еңбегімізге толайым табыс тілеймін, - дейді жерлес қолөнерші апамыз Қазира Қалмурзина.
Айта кетсек, Астана қаласында бүкіл әлем көз тіккен V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны 2024 жылдың қыркүйек айында өткен болатын. Оған 89 мемлекеттен төрт мыңға жуық спортшы қатысып, Астанаға 100 мыңнан астам турист келді.
Ат спорты, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, жамбы ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, арқан тарту сынды ойынның 20 түрінен жарыс және ұлттық өнердің 10 түрінен арнайы көрсетілім сайысы өтті.
Көшпенділердің осы ойынында қазақтың «Құрақ құрау» өнерін Гиннестің рекордтар кітабына енгізу үшін 450 құрақшы құрақ көрпе тігіп, ұлттық қолөнерімізді әлемге паш етті.
Осынау құрақшы-шеберлер қатарында бүгін туған күнін атап өткелі отырған Қазира Зәлиқызы апамыз да бар екенін мақтанышпен айтып, жерлестері атынан жаңа жасымен шын жүректен құттықтаймыз!
Қыдыр Харесұлы
Казталов ауданы