16.07.2026, 17:55
Оқылды: 7

Құрылтай сайлауы - азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі

Алдағы тамыз айының 23- і күні Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы өтетіні көпшілік оқырманға мәлім. Осы орайда сайлауды өткізуді ұйымдастыру, дауыс беруге дайындық барысы және дауыс беру кезінде кездесіп жататын кейбір мәселелерге түсінік беріп, бұл сайлаудың кейбір ерекшеліктері туралы нақты мағлумат беру мақсатында Шыңғырлау аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Қалиевпен сұхбаттасқан едік.

WhatsApp Image 2026-07-15 at 17.22.23

- Құрметті, Нұрлыбек Есенұлы! Баршамызға мәлім үстіміздегі жылы еліміз бойынша бірнеше маңызды саяси реформалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі тәуелсіз Қазақстан тарихындағы аса маңызды тарихи күн- «Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауын тағайындау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 2026 жылдың 23 тамызына тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауы болып отыр. Осы орайда сайлау алдында, Сізден, оқырмандардың сұрауы бойынша, сайлау тақырыбында бірқатар сұрақ қоюға рұқсат етіңіз!

- Ең алдымен аудан көлемінде Құрылтай депутаттарын сайлауды дайындау жұмыстары барысы туралы тоқталып өтсеңіз.

- Жоғарыда айтқандай, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауы 2026 жылдың 23 тамызына тағайындалып отыр. Осы орайда 2026 жылдың 1 шілдесі күні Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясымен Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауды дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітіліп, еліміз бойынша дайындық жұмыстары басталып кетті.

Сайлау күні аудан көлемінде 19 сайлау учаскелері халыққа қызмет көрсететін болады, оларда 95 комиссия мүшесі бар. Бүгінгі таңда бос орындар тіркелмеді. Учаскелік сайлау комиссиялары өз жұмыстарын заң талаптарына сәйкес, 2026 жылдың 2 тамызы күні, жергілікті атқарушы органнан сайлаушылар тізімін қабылдап алудан бастайтын болады, оларға қажетті құрал жабдықтар жегілікті атқарушы органдар және аудандық аумақтық сайлау комиссиясы тарапынан қамтамасыз етілетін болады.

Бүгінгі таңда аталған күнтізбелік жоспарға сәйкес сайлау учаскелерінің шекаралары, мекен жайлары, аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамдары, олардың жұмыс уақыттары туралы хабарлар аудандық «Серпін» газетінде және аудан әкімінің ресми сайтында жарияланды.

Ауданның елді мекендерінде Құрылтай депутаттарының сайлауы туралы 17 ақпараттық билбордтар орналастырылса, аудан орталығындағы LED экранда, аудандық аурухана, халыққа қызмет көрсету орталығы, ашық әкімдік орталығындағы экрандарда, орталық саябақ, супермаркеттердегі радионүктелерде  ақпараттық видео, аудиороликтер таратылуда.  Сайлауалдындағы үгіт жүргізу жұмыстары 2026 жылдың 23 шілдесі күні басталатын болады.

– Ең алдымен, сайлаушылар тізімі дегеніміз не және оның маңызы қандай?

- Сайлаушылар тізімі – Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлауға қатысу құқығын қамтамасыз ететін негізгі құжаттардың бірі. Президенттi, Құрылтай мен мәслихаттар депутаттарын, әкімдерді, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлаған кезде сайлаушылар тiзiмi жасалады. Әрбір азаматтың дауыс беру құқығын жүзеге асыруы оның осы тізімге енгізілуіне байланысты. Сондықтан сайлаушылар тізімінің дұрыс әрі уақытылы жасақталуы – әділ әрі ашық сайлаудың басты кепілі.

– Аталған сайлаушылар тізімі қалай және кімдер тарапынан жасақталады?

- Азаматты сайлаушылар тiзiмiне енгiзу үшiн оның осы сайлау учаскесiнiң аумағында тұрғылықты жерi бойынша тiркелу фактiсi негiз болады. Сайлаушылар тiзiмiн тиiстi жергiлiктi атқарушы орган, яғни әкімдіктер жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқордың негізінде жасайды. Әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған кезден бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы. Тізімдер үнемі жаңартылып отырады, бұған азаматтардың тұрғылықты мекенжайын өзгертуі, кәмелет жасына толуы немесе басқа да жағдайлар әсер етеді.

– Азамат өзінің сайлаушылар тізімінде бар, жоғын қалай тексере алады және тізімде қате кеткен жағдайда азаматтың құқығы қалай қорғалады?

-Бұл өте маңызды мәселе. Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 26 бабында «Азаматтардың тұрғылықты жері бойынша құрылған сайлау учаскелері бойынша сайлаушылардың тізімдері сайлаушыларға өздері туралы деректермен танысу үшін дауыс беру күнінен он бес күн бұрын ұсынылады» делінген. Яғни, қарапайым тілмен айтқанда, біздің жағдайда сайлау 23 тамызға тағайындалған болса, сіз тіркелген сайлау учаскесіндегі сайлау комиссиясы 7 тамыздан бастап, сайлаушылар тізімін өзi туралы деректермен танысуы үшін сіздерге, яғни сайлаушыларға ұсынады.

Әрбiр азамат сайлаушылар тiзiмдерiндегi өзi туралы деректердi тексеруге, егер тізімде өзін таба алмаса немесе өзі туралы деректерде қателіктер кеткені белгілі болса, ол туралы сайлау комиссиясын хабардар етіп, өзін тізімге қосу немесе қателіктерді түзету туралы өтініш бере алады. Сайлаушылардың тізімдеріне енгізу, олардан шығарып тастау не тізімдерге түзетулер жасау қажеттiлігi туралы өтініштерді, тиiстi сайлау комиссиясы, сол өтініш түскен күнi қарайды. Сайлау комиссиясы өтініш мақұлданбаған жағдайда өтініш берушіге оның өтінішінің мақұлданбағаны туралы уәжді шешiмнiң көшiрмесiн дереу бередi. Шешiмге сайлау комиссиясы орналасқан жердегі тиiстi сотқа шағым жасалуы мүмкін, сот шағымды келіп түскен күні қарайды. Өтініш беруші үшiн оң шешiм қабылданған жағдайда сайлаушылар тiзiмін түзетуді немесе тiзiмге енгiзiлмеген сайлаушыны енгізуді сайлау комиссиясы дереу жүргiзедi.

- Ал егер жоғарыда айтылғандай, өзі туралы ақпаратпен, барып тексеріп, танысу мүмкіндігі болмаған жағдайда қандай қосымша жолдары бола ма?

- Егер азаматтың, сайлаушының аталған тізімнен өзі туралы ақпаратты тесеруге, тізімде бар, жоғын анықтау мүмкіндігі болмаған жағдайда, ол арнайы ұйымдастырылған саll-центр қызметіне жүгінуіне мүмкіндігі бар. Аталған қызмет түрі жергілікті атқарушы органдары арқылы ұйымдастырылатын болады. Аталған қызметке сайлаушы телефон арқылы хабарласып, аты-жөні мен жеке сәйкестендіру нөмірін ұсына отырып, өзі туралы ақпарат алуына болады. Яғни сайлаушылар тізімінде болуын, қай сайлау учаскесінде тіркелгендігі т.б. өзіне қажетті ақпараттарды ала алады. Біздің аудан бойынша аталған қызмет түрі мен жұмыс кестесі туралы ақпарат аудан әкімінің ресми сайтында жарияланатын болады.

– Егер азамат қандай да бір себеппен басқа мекенжайға көшуді немесе жұмыс бабымен басқа аудан, облысқа ауысатын болса не істеуі керек?

- Өте орынды сұрақ. Егер бұндай жағдай сайлаушыға сайлаудан кемiнде отыз күн бұрын белгілі болса, яғни сайлау күнi өз учаскесіне дауыс беруге келу мүмкiндiгiнің болмайтыны белгiлi болса, ол өзiнiң сайлау күні болатын жерi бойынша жергіліктi атқарушы органға (әкімдікке) өзiн тиiстi сайлаушылар тiзiмiне енгiзу жөнiнде жазбаша өтiнiшін беруге құқылы.

Азамат аталған өтiнiшін табыстаған кезде, жергілiктi атқарушы орган, азаматты тiркелген жері бойынша сайлаушылар тiзiмiнен алып тастауды және оны сол азамат дауыс беретiн учаскенiң сайлаушылар тiзiмiне енгiзудi ұйымдастырады.

- Қазір жаз айлары. Енді әр азаматтың тұрмыс-тіршілігінде түрлі жағдайлар болып жатады. Егер сайлаушы аяқ астынан басқа облыс немесе ауданға қонаққа, тойға баратын болып немесе еңбек демалысына шығып еліміздің басқа өңіріне, шет елге демалуға баратын болып жатса, мәселе қалай шешіледі?

- Жоғарыда айтып өткендей сайлаушылардың тізімдері сайлаушыларға өздері туралы деректермен танысу үшін дауыс беру күнінен он бес күн бұрын ұсынылады дедік. Егер сайлаушылар тiзiмдерiн ұсыну мен сайлау күні арасындағы кезеңде, яғни сайлауға 15 күн қалғанда, сайлаушы өзінің болу орнын ауыстырған кезде учаскелiк сайлау комиссиясы олардың өтініші бойынша және ол жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде сайлаушыға дауыс беру құқығын беретiн есептен шығару куәлігін табыс етедi. Бұл ретте сайлаушылар тiзiміне тиiсті белгі қойылады.

Барған жерінде, сайлау күні, дауыс беру құқығын беретiн есептен шығару куәлігін көрсеткен кезде сол жердегі учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс беретін күнi сайлаушыны оның келген орны бойынша сайлау учаскесiндегi сайлаушылар тiзiміне енгізедi.

Есептен шығару куәлігі бір елді мекеннің шегіндегі басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін сайлаушыларға берілмейді.

Есептен шығару куәліктерін беру дауыс беретін күннің алдындағы күні жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде тоқтатылады.

- Ал сайлау күні шет елде демалыста болса?

- Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегi өкiлдiктерiнiң жанынан Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi орналасқан аумақтағы сайлау округiне қарайтын сайлау учаскелерi құрылады. Аталған сайлау учаскелерi бойынша сол мемлекетке жеке шақыру бойынша, қызметтік, іскерлік және туристік сапарға келген Қазақстан Республикасының азаматтары учаскелiк сайлау комиссиясына өтініш жасаған жағдайда және олардың Қазақстан Республикасы азаматы деген жарамды паспорты болса, сайлаушылар тiзiмiне енгізіледi.

- Соңғы сұрақ – бұл оқырмандар тарапынан жиі қойлатын сұрақ, биылғы сайлаудың ерекшелігі неде, партиялардан ұсынған кандидаттарға дауыс бере ме немесе тек партияларға бере ме?

- Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкес Құрылтай депутаттары біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорциялы өкілдік жүйе негізінде сайланады, яғни партиялық тізім арқылы. Қарапайым тілмен айтсақ – додаға саяси партиялар түседі, тиісінше азаматтар саяси партияларға дауыс беретін болады. Бүгінгі таңда елімізде Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттығына партиялық тізімдерді ұсыну жұмыстары жүргізілуде. Партиялық тізімдерді тіркеу 2026 жылғы 23 шілдеде жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады. Содан соң Партиялық тізімдердің тіркелгені туралы хабар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болады. Аталған жұмыстар Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясымен жүргізілуде.

–  Нұрлыбек Есенұлы, сұхбатқа уақыт бөлгеніңізге  үлкен алғысымызды білдіреміз. Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып сайлаушыларға қандай кеңес берер едіңіз?

- Ең бастысы – азаматтық белсенділік таныту қажет. Әр азамат өзінің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін алдын ала тексеріп, қажет болған жағдайда уақытылы түзету енгізгені дұрыс.

Сайлау – мемлекет өміріндегі маңызды саяси оқиға. Оның әділ әрі ашық өтуі әр азаматтың жауапкершілігіне де байланысты. Өз конституциялық құқығыңызды пайдалану үшін сайлаушылар тізіміндегі мәліметтеріңіздің дұрыстығына көз жеткізіңіз.

Барша азаматтарды сайлау заңнамасының талаптарын сақтауға, өз құқықтарына жауапкершілікпен қарауға және сайлаушылар тізіміндегі мәліметтерін алдын ала тексеруге шақырамын. Әрбір дауыс – еліміздің демократиялық дамуына қосылған маңызды үлес.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбатты жүргізген С.Байтенова

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале