Елімізде маңызды саяси науқан өтпек. ҚР Президентінің 2026 жылғы 1 шілдедегі Жарлығына сәйкес, 23 тамызға Құрылтай депутаттарының сайлауы бекітілді. Мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өмірінде орны ерек бұл сайлауға дайындық жұмыстары ауданда қалай жүргізілуде? Сайлаушылар нені білуі керек? Осы және өзге де сауалдарға аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ербол Мангуров жауап берді.

– Ербол Иманғалиұлы, Құрылтай сайлауының маңызы және оған дайындық жөнінде айта кетсеңіз?
– Осыған дейін елімізде қоспалаталы Парламент жұмыс істеп келді. Енді бірпалаталық жүйеге ауысады. Осыған орай Президентіміздің бастамасымен заң шығарушы орган Құрылтай деп аталмақ. Еліміздің заң шығарушы билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган болғандықтан, оған депутаттарды сайлау – мемлекет өміріндегі аса маңызды саяси үдеріс.
Бүгінде сайлауды ұйымдастыру және өткізу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының құрамында 7 мүше бар. Сонымен қатар аудан бойынша 45 учаскелік сайлау комиссиясында 251 адам қызмет атқарады. Оның ішінде 13 сайлау учаскесінде комиссиялар 7 мүшеден, қалған 32 учаскеде 5 мүшеден жасақталған. Олардың құрамы, орналасқан жері газет беттерінде жарияланды.
Сайлау науқанының ашық әрі ұйымдасқан түрде өтуі үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына да басымдық берілуде. Ауданның 18 ауылдық округінде 22 баннер орнатылды. Сонымен қатар 4 LED экран мен 6 радио нүктесі арқылы тұрғындарға қажетті мәліметтер жеткізіліп отыр.
Учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің біліктілігін арттыру мақсатында оқу курстары ұйымдастырылды. Тамыз айының алғашқы күндері облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері мен психолог мамандардың қатысуымен Чапаев және Тайпақ ауылдарында қосымша оқу дәрістері өтеді.
Сайлау учаскелерінің барлығы қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Сондықтан ауданымыз сайлау өткізуге толық дайын деп сеніммен айта аламыз.
– Сайлаушылар өздерінің тізімде бар-жоғын қалай тексере алады? Дауыс беру күні басқа жерде болатын азаматтарға қандай мүмкіндік қарастырылған?
– Сайлаушылар тізімдерін жергілікті атқарушы органдар жасақтайды. Оған дауыс беру күні 18 жасқа толған, белсенді сайлау құқығына ие және тиісті сайлау учаскесінің аумағында тіркелген Қазақстан Республикасының азаматтары енгізіледі.
Күнтізбелік жоспарға сәйкес, 2 тамыздан бастап сайлаушылар тізімдері учаскелік сайлау комиссияларына беріледі. Ал 7 тамыздан кейін азаматтар өздері туралы мәліметтердің дұрыстығын тексере алады. Егер сайлаушы сайлау күні тұрғылықты жерінен тыс жерде болатын болса, ол 7 тамыздан 22 тамыз сағат 18:00-ге дейін учаскелік сайлау комиссиясынан есептен шығару куәлігін ала алады. Есептен шығару куәлігін сенімхат бойынша алуға рұқсат етіледі. Сенімхатты нотариатта куәландыру талап етілмейді. Есептен шығару куәлігі жоғалған жағдайда ол қалпына келтірілмейді және оның төлнұсқасы берілмейді. Дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігі бір елді мекеннің шегіндегі басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін сайлаушыларға берілмейді. Уақытша болатын жері бойынша сайлау учаскесінде дауыс беру кезінде учаскелік сайлау комиссиясы сайлау күні сайлаушыны жеке басын куәландыратын құжаттың негізінде сайлаушылар тізіміне енгізіп, есептен шығару куәлігінің орнына дауыс беруге арналған бюллетень береді.
– Алдағы саяси науқан қарсаңында аудан тұрғындарына айтарыңыз бар ма?
– Сайлау – әр азаматтың конституциялық құқығы әрі азаматтық жауапкершілігі. Құрылтай депутаттарын сайлау арқылы тұрғындар елдің болашақ даму бағытын айқындауға өз үлесін қосады. Сайлаудың басты мақсаты – Құрылтайға халықтың мүддесін қорғайтын, қоғамның ұсыныс-пікірін жеткізе алатын білікті әрі белсенді партия өкілдерін таңдау. Әділ әрі ашық өткен сайлау мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтып, демократиялық құндылықтардың дамуына ықпал етеді.
Сондықтан барлық аудан тұрғындарын алдағы Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға шақырамын. Әрбір азаматтың дауысы маңызды. Ел ертеңіне бейжай қарамай, өз таңдауыңызды жасауға шақырамын.
Сұхбаттасқан Айжан Ақыл,
Ақжайық ауданы