Сырым ауданындағы алапат су тасқыны осыған дейін 1957 жылы болған деседі. Бірақ, асау судың арыны биыл тіпті төтен болды. Тілсіз жау 250 баспанаға «басып кірді». Адам аман, бірақ малдан шығын болды. Алғашында «Үй суға кетті. Қайда барамын?» деп дегбірі кеткені рас жұрттың. Арада 4 ай өтті. Абыржыған ағайынның алаңы басылды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі, - деді өзінің халыққа жасаған мәлімдемесінде.
Сырым ауданындағы баспанасы судан бүлінген жанұялар үшін 114 жаңа үй салынып жатыр. Жымпиты, Өлеңті, Бұлдырты ауылдарының көшелерін жағалай қонған жаңа үйлердің ішінде жарық жанатын күн жақын.
Сырым аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Артур Искаковтың айтуынша, құрылыс жұмысы 75%-ға аяқталған. 107 үйдің шатыры жабылып, іргелері қымталуда. 48 үйдің ішкі сылау-әктеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал 30 баспананың кілтін иесіне тапсыра беруге болады.
Бұған дейін «Сырым елі» қоғамдық-саяси газеті үйлердің дуалын қоршау және жаңа көшелерге жол салу мәселесін көтерген еді. Бұл жайында Сырым ауданына сапарында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевке тапсырма берген болатын.
Бүгінгі таңда жол салу жұмысы басталды. Биыл қырып-тегістеліп, шебін төселмек. Келесі жылы асфальт жайылады. Қазақ «Жақсылық қылсаң, бүтін қыл!» демей ме? Біздің ше, асфальттауды келер жылға қалдырудың еш жөні жоқ. Жаңа үйге қарай саз кешіп бара жатқан тағы жараспайды.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы