Сырым ауданы Қарасу мөлтекауданындағы жаңа үйлердің бірі Жұмағамбетовтер жанұясына тиесілі. Үйдің бәйтерегі Серік мырза ұзақ жыл көлік жүргізушісі болып еңбек еткен.
– Мұхит көшесіндегі №15 үйде тұрдық. Баспананы балалар өз күшімен салды. Тұрғанына жеті жыл ғана болып еді. Кең, кең болғанда да 140 шаршы метр үй еді. Топан топалаңын шығарды. Су терезе деңгейіне дейін жетті. Қалқыған мұз үйдің алдында тұрды. Мал бауырынан жүзіп жүрді. Балалар біразын шығарып үлгерді. Қойлар суға ағып кетті. Дәл осындай тасқын 1957 жылы болған секілді. Ол кезде баламын. Ата-анамның қауіпсіздік үшін мені көліктің үстіне шығарып қойғаны есімде. Бүгін міне мемлекет жаңа үй берді. Жаңа қонысымызды Қарасу мөлтекауданынан таңдадық. Жымпитының бас жоспары бойынша бұл жақ әлі көркейеді. Қазірдің өзінде көшелерінің ажары қаладан кем емес. Ал баспаналар сапалы салынған. Жарық, кең деп риза болып жатыр жұрт. Басқа жақта да жапа шеккен халық бар, құрылыс кешігеді-ау деп ойлап едім. Жедел аяқтады. Істің басында жүрген жігіттерге, елдің хәлін білуге Батыс Қазақстанның ауылдарына аяқтай келген Мемлекет басшысы, құрдасым Қасым-Жомарт Тоқаевқа рахмет! Кемелұлы екеуміз 53-ші жылдың төліміз, - дейді Серік Жұмағамбетов.
Үйлерді тапсыру шарасына келген меймандар отанасы Ханзиба ханымның қолынан дәм татты.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы