16.12.2022, 20:30
Оқылды: 129

Құт қонған Қобдада

Тәуелсіздік күніне орай, бәйтеректік жастар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақтөбе облысының Қобда ауданына экскурсия жасап келді. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы ұйымдастырған тарихи-танымдық экскурсияға ауданның белсенді жастары, еріктілер қатысты.

IMG-20221216-WA0176

Ақтөбе облысының солтүстік-батысында орналасқан аталмыш аудан 1929 жылы құрылған. Қобда - ежелден батырлар мекені атанған құтты мекен. Оның бастауында Қобыланды, Исатай батырлар тұрса, одан бері салғанда кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде осы топырақтың алты бірдей перзенті Кеңес Одағының Батыры атанған. Олардың біреуі қазақтың батыр қызы – Әлия Молдағұлова.

Айта кетейік, «Рухани Tour» бағдарламасы бойынша шеңберіндегі бұл экскурсия осыгау батырлардың өшпес ерліктерімен кеңірек танысу, оларды үлгі тұту және қазақстандық патриотизм мен отаншылдық сезімді дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

IMG-20221216-WA0178
Қобданың тарихымен танысып, батырға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойған соң бәйтеректіктер қаһарман қыздың есімі берілген ауылына барды. «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығында орналасқан мұражайды аралады. Мұражайда Әлия Молдағұлованың өмірбаяны, отбасы, соғыс жылдарындағы естеліктері толық жинақталған. Бұл мұражай-кешенге Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшысы болған Д. Қонаев ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев келген. «Қазақ сахнасының Әлиясы» атанған Роза Рымбаева да бірнеше рет болып, ержүрек мерген қыздың жерлестерімен жүздескен. Кешен тәрбие беру орталығы болғандықтан, мұнда оқу залдары мен әскери-патриоттық шаралар өткізуге арналған алаңдар бар. Жыл сайын 11 мыңнан аса жастар келетіні де батырды ұлықтау шаралары жылдан-жылға қарқынды жүзеге асып келе жатқанын көрсетеді. Патриоттық тәрбие беру облыстық орталығының директоры Бағдаш Төпенова кешенмен толық таныстырып, Әлия Молдағұловаға арналған бірнеше мұражайлармен тығыз жұмыстанатынын атап өтті. Сонымен қатар, Бәйтерек жастарына батыр қыздың туған жері Бұлақ ауылын көру мәртебесі бұйырды. Ол жерде отбасымен тұрған үйі орнына қойылған естелік белгі, 2005 жылы 80 жылдығына орай бойкөтерген ескерткіш саябақ және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап салынған мұражаймен таныс болдық.

IMG-20221216-WA0179
Сапар соңында Қобда ауданы әкімі аппараты басшысы Бақытжан Смағұлов бәйтеректік жастарды қабылдап, Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, Қобда ауданы туралы энциклопедия мен естелік сыйлықтар табыс етті. Өз кезегінде аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Жанар Ғұбашева да бәйтеректіктер атынан естелік сыйлық ұсынып, осынау тарихы тұнған киелі мекенмен таныс болуға ықпал еткен Қобда аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Санат Нұрланұлына алғысын білдірді.
-Біздің орталықтың «Еліме саяхат» деп аталатын бағдарламасы аясында республикамыздың, соның ішінде облысымыздың киелі жерлеріне ауданымыздың белсенді жастарын апару көзделген еді. Соған орай былтыр Бөкей ордасында болдық. Биыл Қобдаға бардық. Бұйыртса келер жылы Түркістанға сапарлағымыз келеді. Ондағы мақсат - жастарымыздың ел, өңір тарихын кеңірек біліп, хан мен батырларды, би мен жырлауларды, әулиелер мен рухани көсемдерді жіті тануы арқылы елжандылыққа тәрбиелеуге ұйытқы болу. Осы сапарымыздың барысында Қоба ауданындағы әріптестерімізбен келер жылы  тойлатын «Шығыстың қос жұлдызының» бірі, Кеңес Одағының Батыры, қазақтың ержүрек мерген қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы аясында қос ауданның жастары үшін үш күндік лагер ұйымдастыруға уағдаластық. Жалпы алдағы уақытта да екі аудан жастары үшін бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру жоспарымызда бар,-дейді Бәйтерек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының жетекшісі Жанар Ғұбашева.

Динара Жексенқызы,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале