Қазақстан Республикасындағы Құтқарушылар күніне және Азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 30 жыл толуына орай ауданымызда салтанатты түрде спартакиада өтті. Аудандық денешынықтыру-сауықтыру кешенінде ұйымдастырылған бұл шараға алты команда қатысып, өзара спорттық дайындықтарын көрсетіп, тартысты бәсекеде бақ сынады.

Шараның ашылу салтанаты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды. Спортшылар сапқа тұрып, салтанатты түрде алаңға шақырылды. Мерекелік шараға аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев арнайы қатысып, қатысушы командаларды Құтқарушылар күнімен құттықтап, спорттық жарыста сәттілік тіледі.
— «Құтқарушылар – адам өмірінің сақшысы. Бүгінгі шара – тек спорттық жарыс қана емес, бұл – батылдықты, бірлікті, төзімділікті дәріптейтін, нағыз ерлерге лайық мереке. Баршаңызды кәсіби мерекемен құттықтай отырып, тартысты додада тек сәттілік пен әділ жеңіс тілеймін», – деді аудан басшысы өз сөзінде.

Спартакиаданың мақсаты – азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің, аудан мекемелерінің өзара ынтымақтастығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және төтенше жағдайлар саласының қызметіне деген құрметті қалыптастыру болды.

Шара барысында спорттың бес түрінен жарыстар өткізілді:
Кермеге тартылу,табан тартыс,ләңгі тебу,арқан тартыс,қол күресі (армрестлинг)
Әр спорт түрінің алдында төрешілер таныстырылып, жарыстың қысқаша ережелері түсіндірілді. Командалар арасында тартысты әрі қызықты бәсекелер өтті. Әсіресе, арқан тартыс пен табан тартыс,ләңгі тебу жарыстары көрермендердің қызу қолдауына ие болды. Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімі ұйытқы болды.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Медет Муханов өз сөзінде спартакида өткізудің маңыздылығына тоқталып, мұндай шаралар қызметкерлердің кәсіби дайындықпен қатар, моральдық және физикалық тұрғыда шыңдалуына зор ықпал ететінін атап өтті.

— «Бұл – тек спорттық жарыс емес, бұл – ұйымшылдықтың, жігердің, рухтың мерекесі.Сондықтан бүгінгі спорттық ойындар – тек жарыс емес, нағыз күш пен ынтымақтың мерекесі болғаны анық.Қызметкерлердің денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын дәріптеу – басты міндетіміз», – деді бөлім басшысы.
Сондай-ақ, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олжас Сейтимов жарыстың жоғары деңгейде өткенін, қатысушы командалардың белсенділігі ерекше екенін айта келіп:
— «Спорт – бірлік пен ынтымақтың символы. Қатысушы командаларға алғысымды білдіремін. Бұл жарыс тек жарысу емес, ол – достықтың көрінісі», – деп өз алғысын жеткізді.
Жарыс соңында әр спорт түрі бойынша жекелеген жеңімпаздар медальдармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Ал жалпыкомандалық есеп бойынша:
І орын – аудандық шекара заставасының командасы,
ІІ орын – аудандық білім бөлімі қызметкерлерінің командасы,ІІІ орын – аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің командасы иеленді.
Жеңімпаз командаларға арнайы кубоктар табысталып, қошемет көрсетілді. Жарыс соңында қатысушылар мен көрермендер тарапынан жылы лебіздер мен оң пікірлер айтылып, алдағы уақытта да осындай спорттық шаралардың жиі өткізілуі қажеттігі сөз болды.

Аудандық деңгейде ұйымдастырылған бұл шара ел тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген құтқарушыларға құрмет көрсетудің бір көрінісі болды.

Азаматтық қорғау органдарының 30 жылдық мерейтойы мен Құтқарушылар күні — ел тыныштығы мен халық қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген нағыз мамандардың төл мерекесі.
С.Әділ,
Шыңғырлау ауданы