Бәйтеректік диқандар 48,3 мың гектарға күздік дақыл еккен еді. Қазір соларды ору басталды. Аудан әкімі Марат Тоқжанов Махамбет ауылдық округіне жасаған жұмыс сапары кезінде осындағы егіс алқабына барып, егін орағының жүру барысымен танысып қайтты.
Бірден айту керек, биылғы егін шығымы былтырғыдай мол емес. Дегенмен де жақсы деуге тұрарлық. Мәселен, «Шонайбеков» шаруа қожалығы күздік бидайды гектарынан 15-20центнерден жинауда. Қожалық басшысы ЖүсіпШонайбековтың сөзіне қарағанда, егер бұл алқапқа бір жақсы жаңбыр тигенде 25-30 центнерге жетер еді. Осындай күздік егілген екінші алқапқа жаңбыр суы тиді, сол жерден көбірек өнім алынатынына сенім зор. Жалпы бұл қожалық 375 гектарға күздік бидай, 500 гектарға арпа, 1,5 мың гектарға жазғы бидай дақылдарын еккен. Сондай-ақ, 2 мың гектар жерге сорго мен судан шөбін отырғызған.
Ал «Алтын болашақ» шаруа қожалығының диқандары күздік бидайды гектарынан 30 центнерден жинауда. Олар күздікті 1 мың гектарға еккен. Ал жаздық бидай егістігінің көлемі 600, арпаныкі 700 гектарды құрайды. Одан бөлек 1 мың гектарға сафлор салған. Егін жинау науқанына әзірге 15 адам, 3 комбайн, 2 КамАЗ қатысуда.
«Мүсірепов» шаруа қожалығы күздік бидайды гектарынан 10 центнерден алып жатыр. Шаруашылық басқарушысы Ерболат Нұрболатовтың айтуынша, күзгі жаңбырдың алқапқа жөнді тимеуі салдарына жағдай осындай болып тұр. Дән себілген 7 мың гектарға жуық алқаптың төрттен бірі күздікке тиесілі болса, қалғандарында жазғы бидай, арпа және сафлор бар.
Осы сапардан соң аудан әкімі әлеуметтік желідегі парақшасына жазғандай, Бәйтеректе егін орағы науқаны жақсы басталды, диқандардың көңілі жоғары. Аудан бойынша қазір күздік бидай орташа есеппен гектарына 25-30 центнер өнім беруде. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда төмендеу болғанымен, биыл астық сапасы әлде қайда жоғары. Сол үшін де Аллаға мың шүкір!
Сәкен Мұратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz