Бүгінгі таңда танымал қызмет түрлері қатарындағы күзетшілердің орны қоғамда ерекше маңызға ие. Әсіресе олар бағалы тауарлар мен қолма-қол қаражатпен жұмыс істейтін мекемелерде қызметкерлер мен тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Уақыт өткен сайын бұл жұмыс түріне де сұраныс артып келеді. Бүгінде күзетшінің жұмысы жанға жайлы, екінің бірінің қолынан келетін еңбек деп бағаланып жүр. Алайда олардың атқаратын міндеті мұқияттылықты, қырағылықты, мол жауапкершілікті талап етеді.
Өздері қадағалайтын мекеме түріне байланысы қызмет барысында ұрыларды ұстап, бұзақыларды сабасына түсіріп, тәртіпті қадағалау сияқты көптеген функцияны атқарады. Күзетшілердің негізгі міндеті полиция қызметкерлерінің құқығымен сәйкес келеді. Осындай жауапты қызметтің ауыр жүгін арқалап, бүгінгі таңда «Halyk Bank» мекемесінде жиырма жыл бойы күзетші қызметін атқарып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге барлық қабілеті мен жауаптылығын арнап жүрген Батыр Иванұлының еңбек жолы туралы сөз қозғамақпыз. Батыр Тапалов 1966 жылы Қосшы ауылдық округіне қарасты бұрынғы Мартынов ауылында, қарапайым отбасында дүниеге келді. 1981 жылы орта мектепті аяқтаған соң аудан орталығындағы орта кәсіптік-техникалық училищеде шопыр мамандығы бойынша білім алды. 1984-1987 жылдары әскер қатарында болып, Севастополь қаласындағы әскери теңіз флотында Отан алдындағы борышын өтеп, І дәрежелі старшина шеніне ие болды. Ол кездері жастардың әскерге бармай қалуы сирек кездесетін. Өйткені кейіпкеріміз Батыр аға секілді жалынды жастық шағында күш-жігері мен өзіне деген сенімі басым, аға буыннан үлгі алып, отбасында әкенің қатал тәрбиесін көріп өскен жастар легі тәрбиеленген еді. Бүгінде әскерге бару міндетті борыш болып саналғанымен, кейбір жігіттердің денсаулығы жарамсыз немесе Отанға деген сүйіспеншілік, патриоттық тәрбие жетіспей жатады. Сол себепті қоғамда жұмыссыздық белең алып тұр. Ал қазір қарапайым күзетші болу үшін де әскери билет талап етіледі. Батыр Тапаловтың Отан алдындағы борышын үздік атқаруы еңбек жолының қалыптасып, тұрақталуына оң әсерін тигізді. Ол 1989 жылдан бастап аудандағы түрлі мекемеде көлік жүргізушісі қызметінен еңбек жолын бастады. 1991 жылы жолдасы, бүгінгі таңда жеке кәсіпкер Наталья Петровна екеуі шаңырақ көтеріп, Эльдар, Артур есімді ұлдары дүниеге әкелді. Жауапты, өз жұмысына адал, ісіне берік әке тәрбиесінен өнеге алған үлкен ұлы Эльдар Батырұлы Тасқала АПб ЖПҚб ЮПт КТІЖ аға УПИ-де полиция капитаны болып жауапты қызмет атқарса, Артур Тапалов – М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің грант иегері, студент. Батыр ағамыз 2002 жылдан бастап «Halyk Bank» мекемесінде қызмет атқара жүріп, қысқартуға байланысты «Қазпошта» АҚ аудандық филиалында инкассатор көлігін жүргізуші жұмысына ауысты. 2005 жылы «Halyk Bank» жеке ғимаратқа көшкеннен бастап сол жерде бас күзетші лауазымын атқарып келеді. Аудан орталығындағы банк филиалы жанында зейнетақы мен жәрдемақы төленер шақта адам санында шек болмайды. Сол кезде кезектегі тұрғындарды қадағалап, олармен әңгіме-дүкен құру арқылы банк жүйесіндегі жаңа өзгерістерді де хабарлап айтып тұратын Батыр ағаның көмегіне жүгінбейтін адам кемде-кем. Банкомат құрылғысы істен шықса да, оған ақша салу, алу кезінде, түрлі төлем жасалатын шақта, басқа да кездесетін қиындықты болдырмау мақсатымен ол үнемі банк тұтынушыларын сырттай бақылап, қадағалап тұруды күнделікті жұмысының бір бөлігі санайды. Батыр Иванұлының жұмысы өміріне және денсаулығына қауіп әкелетін жағдаймен тығыз байланысты болғандықтан, қызметтік қарумен, қорғаныс құралдарымен және арнайы киіммен қамтамасыз етілген. Оның жұмыс киімі адал қызметіне дақ түсірмей, жылдар бойы мінсіз атқарып келе жатқан жауапты тұлғасымен жарасым тапқандай. Банк ғимараты жыл сайын жақсарып, халық игілігіне арналған техникалармен жабдықталып келеді. Онда күзетшілерге арналған бөлме де қарастырылған. Жазу үстелі, бақылау камерасын басқаруға арналған компьютер орнатылған. Елімізде жоғары білімді мамандардан гөрі қарапайым жұмысшыларға деген сұраныстың артқаны байқалады. Президенттің өзі де биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Сондықтан осындай қарапайым мамандықты игере жүріп, адалдықтың ақ жолынан айнымаған, жүзі жарқын ағаның еңбек жолынан үлгі-өнеге алатын жастар қатары көбейсе деген ниеттеміз.
Бақтыгүл Шотанова,
Тасқала ауданы