16.01.2019, 10:18
Оқылды: 57

Қылқұйрықтарға қаңтар тоңтеріс мінез танытып тұр

Табиғаттың тосын мінез танытып қоятын кезі аз ба? Ақжайық ауданының оңтүстік бетінде мысалы, Алмалы ауылдық округінде шаруалардың мүйізді ірі қарасы жайылыста жүрсе, басқа біраз ауылдық округтерде желтоқсанның екінші он күндігінің басындағы жауын-шашыннан, 12 қаңтардағы былғары бүрку, бұршақтан соң Қамбар ата түлігі қолға қарап қалды.

IMG_5486

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың төрағалығымен мал қыстату жөніндегі аудандық штаб қазір тағатсыз іс үстінде. Агроөнеркәсіптік кешен бойынша мемлекеттік инспекция комитеті БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Лавр Хайретдиновтің қатысуымен штабтың өткен аптадағы кезекті мәжілісінде біраз мәселе қаузалды. Қуаң жаздың қиындығына қарамастан, малға жеткілікті жемшөп қорын жасақтау үшін қолдан келгеннің бәрі жасалғанымен, егер тебін мұз құрсауынан арылмай, жылқы ұзақ қолға тұрып қалса, пішен жөнінен қиындық туатыны, демек, алдағы сақылдаған сары аязды қыс шілдесінде, ақпандағы бөрі сырғақ күндерде қыстаманың шығынсыз өтуі үшін не істеген абзал? Пішеннен қай ауылда артық-ауыс қор бар – соның бәрі есепке алынып, малды мекендердің бір-бірімен байланыс ұстап отыруы қаперге салынуда. Аудан бойынша шаруа қожалықтары мен тұрғындар қыраулы шаққа 1865 тонна құрама жем дайындаған. Осы қорды барынша молайтқан жөн. Қылқұйрықтарын тоғай алқаптарының сай-саласына айдап жатқандар бар. Қазір барлық 305 қыстақтағы жағдай күнбе-күн бақылауда. Боран-шашында жол қатысындағы қиындықтарды селдірету мақсатында техника күшінің іс-қимылы жөнінде жоспар жасақталған.

Қазір меншіктің барлық түрінде 7 мыңға жуық жабағы қолда тұр. Бүгінде көптеген жерде Оралдан, өңірдің басқа жерлерінен жем тасу ұйымдастырылуда. Айталық, соңғы күндердің өзінде Чапаев қырындағы 4 шаруа қожалығы 8 тонна жем алды, жылқының 50 пайызы қолға тұрып қалған Алғабас ауылдық округіне 70 тонна жем жеткізілді. Мерген ауылдық округіндегілер жүк көлігін жалдап, облыс орталығынан жем жеткізуге қамданыс жасауда, осында кейбір қожалықтар артық-ауыс пішен жөнінде көршілес аудандарға сұрау салуда. Сондай-ақ мысалы, Бударин ауылдық округіне арпа, қарабидай, кебек жеткізілуде.

Бекем Бекұлы,

Ақжайық ауданы

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале