Биыл "Теректі жаңалығы" басылымы бетінде «Қызым, саған айтамын...» айдарын ашқан болатынбыз. Мақсат – қызғалдақ қыздарымызға ақыл-кеңес беру. Айдар атауы болған мақалдың «келінім, сен тыңда» деген жалғасын да ұмытпай, қыздар мен келіндерге ортақ бір-екі мәселені қозғап та үлгердік. Ал бүгінгі тақырып қысқа етек киім киетін қыздар жайлы.
Қысқа етек киіп, санын жарқыратып жүретін қыздарға көзіміз үйренгені сонша, «осы да талқылар тақырып болып па?» дерсіз...
Әлеуеті артып тұрған әлеуметтік желілер фейсбук пен инстаграмда бұл қазір әбден қызып тұрған тақырып. Оған себеп – Шымкент қаласының жастар ресурстық орталығының тапсырысымен дайындалды делінген, осы мекеменін логотипімен және ресми парақшасында жарияланған Серік Таласовтың бейнеролигі.
Түсірілім желісінде өте қысқа етек киіп алып, жол бойынан машина іздеген қыз баланы тоқтап, көлігіне отырғызып алған ер адам оны жезөкше деп қабылдайды. «Сен қазақтың қызысың, мына түрің ұят» деген ой жеткізуді мақсат тұтқан ролик жарияланысымен әлжелі қолданушылары пікірталасқа кірісті.
«Әркімнің өз таңдауы». «Қысқа киме» деп тыйым салуға болмайды. Ал тәнін ашып киінген қыздар ер адамның көзқұрты болады, сондықтан жыныстық мәжбүрлеуге ұшырайды» дейтіндер, одан да өз нәпсілеріңе ие болыңдар» деген қысқа киген қыздарды жақтаушылар мен «Қара саннан жоғары киген әйел адамға жеңілтек деп қарау дұрыс. Тәрбиелі, өзін бағалайтын қыз тәнін ашып жүруге жол бермейді» деп уәж айтқандар сөзталасына байланысты біздің жерлестеріміз былай дейді:
Аймангүл Жарасова, ана, ұстаз, Магистральный орта мектебі директоры:
– Қысқа етек киген қыз туралы фильм қоғам талқысын тудырды. Әркімнің өз пікірі бар және ол пікір сол адамның дүниетанымы мен ой-өріс деңгейін, болмысын көрсетеді. Қыз баланың тәрбиесі туралы талай айтылып та жатыр, жазылып та жатыр. Фариза, Шолпан, Ақұштап ақын апаларымыз, өзіміздің Теректінің туын көтеріп жүрген, ақын, ұстаз Дариға апамыз да ұрпақ тәрбиесіне талмай еңбек етті. Сол апаларымыздан кейін сөз айтудың өзі қиын. Дегенмен қазақ қызының тәрбиесіне келгенде ана ретінде, ұстаз ретінде қарап қалуға болмас. Қазақ қызының қысқа етек киюі жалпы ұлттық болмысымызға қайшы. "Заман талабы, жастардың сәндік киім үлгісі, тұла бойына жарасып тұрса айыбы жоқ,"- деп жақтап алуға дайын тұрамыз. Қоғамда үлкен даулы талқы тудырған қысқа етек туралы қысқаметражды фильмнің негізгі идеясын түсіну қиын емес. Бұл фильмде жігіт ағасы қарындасына қатты айтты. Жетесіне жеткізе айтты. Өйтпегенде ше?... Қыз тәрбиесімен айналысар ақыл айтар ана, қамқор апа, жөнге салар жеңге жоқ боп кетті ғой қазір. Содан тұспалдап айтқанды ұқпайтын меңіреулерге ашығын айтуға уақыт жеткен шығар. Фильмде "қарындасым-ау" деп қамқорлық таныта сөйлеген ағаның сөзін бұрмалап,"жерден жік шығып, екі құлағы тік шығып" өзі бәрін білетін жап-жас қыздарға басу айтудың орнына, құқықтары тапталды деп айқай салу орынсыз-ау деп ойлаймын. Бүгін қысқа кигізбей, ертең тұмшалап тастайды деу тіптен қисынсыз. Біз зайырлы мемлекеттің азаматымыз, таңдау құқығы шектеусіз. Киімнің де әркім таңдағанын киеді.Таңдауыңыз тәлпік етек болса, қалауыңыз білсін. Шектеу жоқ қой. Тек біліктілік пен тектіліктің шекарасы ғана бар.
Жәмила Өтепқалиева, киім дизайнері, екі қыздың анасы:
– «Қалай және не киіммен жүру әр адамның өз еркі» десе де, мен әйел адамның жалаңаштанып жүруіне қарсы адаммын. Өзім ұзын көйлек киемін. Бала күннен алған тәрбием солай. Қыздарым – Аянат пен Ақниетті де сол бағытта киінуге тәрбиелеп жүрмін. Кішкентайынан құлақтарына құйып өскен құлындарым сәл қысқа көйлекті «кие салшы» десең, «ұяламын» дейді. Жалпы, дизайнер ретінде айтарым, ұзын (макси) немесе тізеден төмен (миди) киінген әйел адам сырт көзге ұқыпты, байсалды және тартымды көрінеді. Киім үлгілерін дайындаған кезде етектің тізеден төмен болуына мән беремін. Қазақы нақыштағы көйлектерім қазақы болмысымызға сай болуы керек деп ойлаймын.
Ал ер-азаматтар жағы бұл мәселеге қатысты ой-пікір айтар жерде кібіртіктеп, аты-жөндерін көрсетпеуді сұрады.
Н. бойдақ, асаба жігіт:
– Той-топырда қысқа етек киіп, көптің ортасында жүрген қыздарға көзім бірден түседі. «Қымызды кім ішпейді, қызға кім сөз айтпайды» демекші, қызыға қарап, ыңғайы келсе, танысып алуға тырысамын. Енді, олардың бәрі бірдей жеңілтек емес екені рас. Етегі жеңіл көрінгенмен, әркіммен танысып, қылжақтай кетуге жоқ көбі. Тіпті, бір тойда сондай қысқа етекті қыз «Мені жеңіл жүрісті деп ойлап тұрған шығарсыз. Шындығында, бұл менің сыртқы бейнем. Өз-өзіме, бой-сымбатыма сенімді болғандықтан, осындай «айқайлап» тұрған киіммен өзімді көрсеткім келеді» деп, өзінің қызметте табысты инженер екенін айтқанда аң-таң болдым. Егер қыз балаға үйлесіп тұрса, қысқа кигенді мен әбестік санамаймын.
Ж. үш қыздың әкесі, теміржолшы
– Қысқа киінген қыз бала көзге ілінері анық. Ілінгенде де, «қандай әдемі қыз» деген ой емес, «шолтаң-шолтаң еткен, тәлпіш қыз-ау» деген ой туады. Бөксесін ғана бес елі лыпамен жауып жүрген қыздарды көрсем, жыным қайнап кетеді. Жиын-тойда, көшеде көре қалсам тоқтатып, «неге ата-анаңды, бауырларыңды сыйламайсың. Мынадай ашық киімің үшін әкең мен шешең ұялып жүрген шығар жұрт алдында» деп, қатты айтып тастайтыным бар. Қыздардың бірі төмен қарап тыңдаса, бірі «сізге ол неге керек. Бұл менің ғана шаруам» деп қайтарып тастайды. Шүкір, үйленген кезде етегі ұзын қыз таңдадым. Қыздарым да анасына қарап өсіп келеді. Бала кезден қызды етегін жинақ ұстауға тәрбиелесек, ұлттың болашағына қосқан үлесіміз болар еді.
Әлеуметтік желілерде де осы бағытта пікір айтқан адамдар қырықпышақ. Халық талқылаған тақырыпқа «мұрындық» болып кеткен ролик жайлы ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева да «мемлекеттік тапсырыс шеңберінде дайындалып, БАҚ және әлеуметтік желілерде таралатын материалдарды жергілікті идеологтар мұқият бақылауы тиіс» деп өз пікірін білдіріпті.
Нәзік жандылар болса, роликке қатысты наразылық танытып, «Мен жезөкше емеспін» деген белгімен өздерінің қысқа көйлек-көншек киген фотоларын жүктеп жатыр.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнасынан алғашқы болып біліңіздер