26.10.2021, 12:23
Оқылды: 94

Қыспаққа алған қымбатшылық

Бағаны бүгінде «ұстай» алмай отырмыз.

 «Аспандағы айды сұрау» деген тіркес бүгінгі нарықтық бағаға тура кеп тұрғандай, ә? Баға расымен, ырқымызға көнер емес. Әдеттегідей карантиннің ауыр салмағы дейін десек, бұрынғыдай «әлем құтқарып» үйде отырған жоқпыз, базарлар самсап тұр, сауда қызуда. Базарлар мен шағын дүкендерге кірсең, бағаны көріп жағаны ұстайсың. Құнына қарап тұрып, тіпті басың айналып, көзің шарасынан шығып кете жаздайды. Ол бағаны көріп тамаққа тәбетін тартпай қалады-ау сірә.

IMG-20211026-WA0026

Бағаның жырын алдынғы сандарда да жырлап келеміз. Оң өзгерістер бар.  Жаз айында жаңалық болған картоп пен сәбізді жабылып жүріп жанымызда алып қалдық. Әйтпесе «картоп жедім» деп қуана айтатындай жағдайға жетуге шақ қалғанымызды да еске сала кетейік.  Бірақ әлі де нәтиже болса керемет болар еді.

Баға өсуде, жағдай өзгеруде. Бірақ бір нәрсе ғана өз тұрақтылығын ұстап тұр. Ол – халықтың жалақысы. Осы тұста жалақы өссе, бәлкім, халық өзгерістерге өзгеше көзбен қарамас па еді деген ой туындайды. Президентіміз Қасым Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны қазіргі 42500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым деген болатын. Жалақы өссе тамақ өсетінін білетін жұрт, «жалақы өскеннен не пайда, тамақ қымбаттайды» деген  қорқыныштарын да жасырмайды.  Бағаның тұрақтылығын басты назарда ұстап отырған құзырлы мекеме қызметкерлері апта сайын округ бойынша тексеріс жұмыстарын жүргізіп, кәсіпкерлермен тығыз қарым-қатынаста екендігін айтады.

IMG-20211026-WA0027

-Кәсіпкерлер тауарды қаладан алып келеді. Сонын ішінде көтерме сауда арқылы «Алтын алма», «Мирлан», «Ел ырысы», «Ақбар», «Сахара» сынды базарлар мен көтерме дүкендерден тасымалдайды.  Кеткен шығынды есептей отыра тауарларға бағаны өздері ұсынады. Сатып алып келген тауарлардың үстінен 15% ойнатып отырады. Егер де одан көп қосып, қымбаттатып жіберсе, ескерту жасаймыз. Оған құлақ аспаса, шара қолданамыз. Аптасына бір рет мониторинг жасаймыз. Әр округ бойынша мамандар бар, олар жұмыстанып,есебін тапсырып отырады,-дейді аудандық кәсіпкерлік және ауылшарушылығы  бөлімінің бас маманы Азат Әубәкіров.

Қолымыздағы кәсіпкерлік бөлімнен алған деректерге сүйене отырып, қыркүйек пен қазан айын салыстыра келе, қырыққабат бағасы 20,4%, жұмыртқа 24,0%  күрт өскендігін байқаймыз. Әлеуметтік маңызы бар тамақтардың  бағасының  өсуі апта көрінісінде 0,2 пайыз құрап отыр.

IMG-20211026-WA0024

Оған қоса ас атасы - нанның бағасы өткен аптадан бастап өсіп шыға келді. Бірінші  сұрыптағы нан 10 теңге, жоғары сұрып 20 теңгеге  қымбаттады. «Бұл қалай?» десең, өндірушілер «ұн қымбаттады», жеткізушілер «қалада да  нан бағасы өсіп жатыр» деп отыр.  Аудан дүкендеріндегі екі келілік жоғары сұрыптық «Белес» ұны 570 теңге, бес келісі 1400 теңге, жиырма бес келілігі  5000 тг болса, елу келілік қаптағы астыққа  10500 теңге жұмсайсыз. «Әупірімдеп» отырғандар өз алдына, қалтасы қалыңдар да бұл бағаға алаң.  Көпбалалы отбасылар күніне  екі наннан сатып алса,  320 теңге  нанға кетіп жатыр. «Желаев нан» дүкендері өз өнімдеріне бағаларын көтерді. Нан өнімдерінің  қымбаттауына себеп «Желаев» ұны болмаған соң, «Белес» ұнын қолданудан екенін айтып дабыл қағуда наубайханалар.

«Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» дейтің мақалдың бізден кеткелі қашан. Өз ауданымызға қарасты Пойма ауылынан  шығып жатырған өсімдік майының бағасы  у қымбат. Күнделікті әр отбасының «сүйікті» асына айналған макаронның екі келісі 620, бес келісі 1295 теңге. Бұл тек Федоров ауылындағы орташа баға. Ал Сарыөмір, Шаған, Подстепный,Ақсоғым, Шағатай ауылдарындағы  баға өзгерек. Облыс орталығы  іргесінен орын тепкен Подстепный ауылдық округіндегі «Шаңырақ» дүкенінде  екі литрлік  құтыдағы өсімдік майы 1900 теңге. Ал, бес келіден түрілген макарон өнімінің бағасы аудан орталығымен  салыстырғанда  130 теңгеге төмен.

Қой етінің келісі 1900 тг болса, сиыр еті 2500-2700 тг болыпты. «Ет жесең тісіңе кіреді, жемесең түсіне кіреді» деген. Баға әуені тоқтамаса, ол ет тек түсімізге ғана кіріп,  вегетариан адамға айналатын шығармыз ертең.

Алақан жайып отыра бермейік деген жандар кәсіпкерлікке ден қойды. Биыл мемлекеттік  «Еңбек» бағдарламасы аясында 87 теректілік бройлер балапандарын өсіруге  және 11 адам бау-бақша салуға  мемлекеттен грант алғаны жөнінде газеттің алдыңғы сандарында көрсеткен болатынбыз. Кәсіп бастағандар бұл тұрғыда нәтижелі өнім көрсетті.

Жаздай балапан баптағандар тауық етін 1500 келіден орталық базарға шығарып, еңбегінің нәтижесі бар  екенін айтып мақтануда. Албақша салған шағатайлық Қ.Исмағамбетов ауылдастарына жеңілдікпен көкөніс сатып, көптің алғысына бөленуде. Ол картоп келісін 180 тг, сәбіз, қызылша 150тг, асқабақты 100 тг сатып, қала берді, дүкендерге  өткізіп отыр.

Қазіргі таңда табиғи таза өнімге сұраныс жоғары. Қолдың майы, сүзбесі мен құрты да үлкен сұранысқа ие. Үй тауығының  жұмыртқасының бір данасын  60 теңгеден аласыз. Май шайқап, сататындар сары майдың келісін 5000 теңгеге бағалап отыр.

Жер бауырлай кірген қымбатшылық төрімізге қонақтап, кетпей тұрып алды.

Осы орайда, баға өсуіне байланысты сауал тастап, бірқатар тұрғындардан әлеуметтік желі арқылы пікір алған болатынбыз. Сауалнамаға қатысқан респонденттердің 80%  азық-түлік бағасының қымбаттағанына алаңдаулы. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қымбаттап жатырғандарына наразы. Наразы болғанымен, амалсыз екендірін де мойындады.

-Иә, шынымен қымбатшылық қос бүйірден қысып жатыр халықты. Мен жас маман болсам да, тапқан табысымның 45-50% ай сайын жалғыз өзіме азық-түлікке кетеді. Ал мен көпбалалы отбасылар мен бір үйден жалғыз адам табыс табатын отбасылардың  қазіргі жай-күйін жеткізе алмаймын. Күнделікті азын-шоғын асыма 1000-1500 тг кетеді. Ал, бұл ай соңына дейін қанша ақша болатындығын есептей беріңіздер. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар тауардың, соның ішінде нан, сүт, қант, ұн т.б өнімдердің қымбаттауы дұрыс емес, - дейді Гүлмайра Жанбозова.

Сонымен, жылан бауырлап келген қымбатшылық қысымы бүркіт тұяғындай бүріп барады. Қымбаттамаған не қалды? «Бір жол – құлдық жолы... Екінші жол – жұрттық жол» деп еді-ау Міржақып Дулатов.  Қазақ  бағаның қысымына құл болып қала бермей, жұрттық жолында жарқырап шығар күнге кешікпей жетсе екен дейік.

 

Балнұр Қуанышқызы,

Теректі ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале