18.01.2022, 15:15
Оқылды: 180

Қызықты қыс мезгілі

Қыс - балалық шақтың естелігі. Қылышын сүйретіп келген қыс балаларға зор қуаныш сыйлайды. Шанасын жетектеген балақайлар, олардың қамсыз көңілдері, бәрі-бәрі адамды бей-жай қалдырмайды. Қыстың ызғарына қарамастан аязды күн беттерін шымшып тұрса да бала біткен ойынға шықпай қалмайды. Әсіресе қысқы демалыс кезінде. Көктемнің шуақты күні жеткенше қыстың қызығына тоймай асыр салып жүрген балаларды ауылдың көшелерінен көп көреміз. Қысқы демалыста балалардың бос уақыты көбейіп, ойнауға асығады. Әр бала демалысты қызықты өткізуді армандайды. Сондықтан қыс балалардың шығармашылықтарын дамытуға, өз жоспарларын жүзеге асыруға, бос уақыттарын тиімді өткізуге арнауда. ACD4BECC-1CA5-4168-A0D1-F50FC349B1B8

   - Қысқы демалыс уақытында баланың таза ауада көп серуендегені абзал. Қыс мезгілін балалар асыға күтетіні белгілі. Мен осы қысқы демалысты көңілді өткізуге кеңес беремін. Тіпті бұл аз ғана демалыста балалар қолындағы смартфонын сөндіріп тастаса да артық етпейді. Өзінің қатарластарымен бірге армансыз ойнап өскен балалардың ой-өрісі кең болады. Егер бала осы уақытта сыртқа шығып, еркін ойнап, демалса, денсаулығына оң әсер етеді. Бір жексенбіде сырғанақ тебуге барып, келесіде кинотеатр немесе мультфильм көруге болады. Баламен қыдыру немесе серуендеу арқылы олардың бойынан бұрын-соңды байқамай жүрген қабілетін байқауға мүмкіндік береді. Жалпы сенбі - жексенбі күндері отбасымен бірге сырғанақ тебуге, сыртта көп уақыт өткізуге тырысу керек. Бұл отбасындағы балалар мен ересектер арасындағы түсіністіктің орнауына септігін тигізеді. Көп мәселенің алдын алады, - дейді Зарина.
Осы мақаланы дайындау барысында балалармен де бірауыз тілдесіп көрген едік. «Қысқы уақыт мен үшін тамаша кезең. Бұл мезгілде барлық балалар қысқы демалысқа шығамыз. Одан соң отбасымызбен «Жаңа жыл» мейрамын тойлаймыз. Ол күндері анам түрлі тәттілер сатып алады. Әжем болса бізге арнап сақтаған сыбағаларын дайындап, мерекелік дастархан әзірлейді. Біз мейрамды көңілді өткіземіз. Аудандық балалар кітапханасында қысқы демалыс кезінде балаларға арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Мен анаммен бірге кітапханаға барып түрлі шараларға, байқауларға қатысамын. Демалыс кезінде бос уақытымды кітап оқумен және сырғанақ тебумен өткіземін дейді, - Ғайни Гүлнұр.

«Қысқы демалысым өте жақсы  өтіп жатыр. Ең бастысы жаңа жыл мейрамын асыға күтемін. Әкем мен анам бізге арнап сыйлықтар алып береді. Мектепте кереметтей жаңа жыл өтті. Аяз атаға арнап, өз өнерлерімізді көрсеттік. Бір сөзбен айтқанда таңғажайыпқа толы мезгіл – ол қыс айлары. Сондықтан да қысқы демалыс ерекшелігімен маған қатты ұнайды. Аз уақыт болса да, жақсы өткізіп жатырмыз. Әсіресе сыртта көп уақыт өткізуге тырысамыз. Және кітап оқығанды жақсы көремін. Қазіргі уақытта анама үй шаруасына көмектесіп жүрмін. Ол өзіме өте қатты ұнайды»,- дейді Айнаш Даутова. Кішкентай балалармен сырласу барысында ата аналармен де пікірлесіп көргенбіз.

«Ата–ана болған соң, баламыздың қысқы демалысының қалай өтетіндігін де ойлаймыз. Әр мезгілдің өз ерекшелігі бар. Қыстың да өз қызығы өзінде. Бала күнімізде алғашқы қар жауған кезден бастап қысқы ойынның қызығына батып, әр күніміз таза ауада, тамаша көңіл-күйде өтетін. Беті-қолымыз домбығып, тоңғанымызға қарамастан қысқы ойындарды ойнаудан жалықпайтынбыз. Қардан аққала, ақшақар секілді түрлі қар мүсіндерін дайындаймыз. Әрбір күніміз таза ауада өтіп, аязды күні шыныққан денеміз шымыр, суыққа төзімді болып жетілдік. Бүгінгі күні әрбір ата-ана балаларымыздың таза ауада көбірек ойнап, демалғанын қалаймыз. Сондықтан да әсіресе қыс мезгілінде балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне барымызша жағдай жасауға тырысуымыз қажет деп есептеймін. Балалар үйде отырып смартфонға немесе теледидарға телміргенше қысты күні тым болмаса аулаға шығып түрлі спорттық ойындарды ойнаса нұр үстіне нұр болар еді. Салауатты өмір салтын ұстанған әрбір отбасы қыс мезгілін тамаша көңіл-күймен қарсы алып, бос уақыттарын таза ауда өткізсе балар үшін де тиімді әрі қолайлы болады. Олардың дені сау болып, әр істе де белсенді болып  қалыптасар еді»,- деді ауыл тұрғыны Бақтыгүл Шотанова. «Ата–ана балалардың қысқы демалысын жақсы өткізуге барынша ат салысады. Балаларымыз жаңа жылмен қоса, қысқы демалыстарын да қатты күтеді. Осындай кезде бізде балаларға отбасылық демалыс сыйлап сыртқа шығып әр-түрлі ойындар ұйымдастыруға тырысамыз. Олардың кітап оқуға уақыттары көп болады. Жалпы олардың сана - сезімдерін арттыруға ат салысуымыз қажет. Балаларымызбен әр өткен күніміз бақыттың еншісі. Сондықтанда ұрпағымыздың бос уақыттары мен демалыстарын жақсы өтуі ата-анаға тікелей байланысты дейді», - ауыл тұрғыны Назгүл Боранғалиева.

 Гүлмира Мақанова,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале