28.04.2023, 14:45
Оқылды: 19

«Қызыл ай қоғамы» бөрліліктерге 95,8 млн теңге көлемінде көмек көрсетті

Көктемгі табиғат апаты орын алған күннен бастап Бөрлі ауданында «ҚР Қызыл Ай Қоғамы» ҚБ БҚО филиалының өкілдері тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетті.  Аралтал, Қызылтал аудандарындағы су өткен тұрғын үйлерге зиянды бағалау жүргізіліп, су тасқынынан зардап шеккендерге қоғамдық қор тарапынан 177 отбасындағы 958 адамның әрқайсысына 100 мың теңгеден, жалпы 95,8 млн.теңгеге қаржылай көмек көрсетілді.  

WhatsApp Image 2023-04-28 at 14.05.15

-Одан бөлек «Қамқор Ақсай» ҚҚ құрылып, барлық жанашыр жандар, аудан тұрғындары, кәсіпкерлер, танымал блогерлер  қол ұшын созып, көмектерін көрсетіп жатыр. Сонымен қатар, су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғындарға Бөрлі аудандық мәслихатының 2020 жылғы 22 желтоқсандағы № 57-2 шешімімен бекітілген ауданның әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларының 7-тармағы 10-ы тармақшасына сәйкес, барлық 192 үйге 50 АЕК мөлшерінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілуде. Қазіргі уақытта 70 отбасыға қаражат төленді, қалғандарына рет ретімен төленеді, - деп атап өтті аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Нұрмақов.

WhatsApp Image 2023-04-28 at 14.05.44

Аралталдық Толқын Шондыбаева, сол күндерді қорқынышпен еске алады. 14 наурыз күні алаңсыз жұмыста жүрген тұрғынға баласы, үйдің жанындағы сайға толған судың, автожолдан шығып, өздері тұрып жатқан үйге жақындап қалғандығын айтып қоңырау шалады.  Толқын әрең дегенде үйіне келсе баспананың кіреберісінен үйге су кіріп жатқанын көреді.

- Өте қорқынышты болды. 2015 жылдан бері тұрып жатқан үйіміз суға кетті. Сырт көзге кішкентай болғанымен баспанамыз өзіміз үшін кең сарай. Ұл-қызымыздың несібесі. Жолдасымыз екеуіміз тырмысып, ел қатарлы отбасы боламыз деп отырғанда барымыздан да айырылып қалдық. Оның үстіне баспанамыздың құжаттарын рәсімдеп үлгермедік. Әлі де үлкейтіп салып аламыз деген себеппен қолға алынбай қалды. Дегенмен өз күшімізбен көгілдір отын  мен ауыз суды кіргізіп алған едік. Барлығы жан-жақтан жұбату сөздер айтады, жақсылыққа сендіреді. Бірақ көңіліміз жүдеу, қорқыныш сезімі басым. Шүкір, елдігіміз осындайда білініп жатыр. Жан-жақтан қолдау, көмек беріліп жатыр. Ақсай қаласының әкімі Арсен Баяндықов күнде жанымыздан табылады. Ақшалай, құрылыс материалдарымен көмек көрсетіп жатыр, - дейді Толқын Шондыбаева.

WhatsApp Image 2023-04-28 at 14.05.47 (1)

Жалпы үйлерін су басқан құжаттары жоқ баспаналарға құрылыс материалдарымен көмек қолын созу мақсатында «Ақсай Қамқор» қоғамдық қоры жұмыс жасап жатыр. Аталған қорға өңірдегі кәсіпкерлер, тұрғындар, депутаттар, мемлекеттік, бюджет саласының қызметкерлері, ауданда туып-өскен танымал тұлғалар көмектесіп жатыр. Ақсай қаласының тумасы, блогер Есентай Нязбеков көмек қорын ашып, жиналған қаражатқа құжаттары жоқ Аралтал шағынауданындағы үш тұрғын үйдің және Қызылтал шағынауданындағы екі тұрғын үйдің шығынын өтеді.

WhatsApp Image 2023-04-28 at 14.05.47

 

 

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале