Кеше Казталов ауданы орталығында «La Rosa» гүлдер дүкені ашылды. «Назерке» ЖК-нің жетекшісі Гүлдана Мерғалиеваның бастамасымен бой көтерген кәсіпкерлік нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы қатысып, кәсіпкердің тың кәсібіне сәттілік тіледі.
- Қазіргі уақытта ауданымызда тың кәсіпкерлік идеялар жүзеге асып келеді. Қала берді, аудан халқының да сұранысы қанағаттандырылып, қызмет көрсету сапасы артуда. Табиғаттың ерекше жаратылысының бірі гүлдердің аудан орталығында табылуы - қуанарлық жағдай. Кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеймін. Ауданымызда бастамашыл жандар қатары арта берсін. Алдағы уақытта ауданымызда кітаптар дүкені ашылар болса, нұр үстіне нұр болар еді, - деді Зәйлім Исатайқызы.
Кәсіпкер Гүлдана Мерғалиева жеке қаражаты есебінен аталмыш ғимараттың іргесін қалап, нысанды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен. Гүл сатушы маманның да бұл салада біліктілігі бар екендігін атап өтті. Гүлдер дүкені тұрғындар талабына сай қызмет көрсетіп, тегін жеткізу қызметі де қарастырылмақ.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz