11.04.2019, 18:30
Оқылды: 130

«Латын әліпбиі – рухани тәуелсіздікке жасалған жарқын қадам»

Сырым ауданында дәл осындай атаумен облыстық форум өтті.

 IMG_7636

Форумға облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Ғабит Хасанов, Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев қатысты.

Алғаш боп сөз алған аудан әкімі Т.Төреғалиев ауданда латын әліпбиіне көшуге қатысты атқарылып жатқан шаралармен таныстырып, форум жұмысына сәттілік тіледі.

Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева латын әліпбиін меңгеру халыққа неғұрлым оңай, тиімді болу үшін жасалып жатқан шараларды атады. Ғалымдардың көмегімен бейнеблоктар түсіріліп, олар теледидар арқылы халыққа таратылатын болады.

Филология ғылымдарының докторы Ғабит Хасанов «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы туралы тағылымды ойларын тарихпен байланыстырып айтты.

 –  Рухани жаңғыру – өзімізді өзіміз тани білуіміз, өзімізге қайта оралуымыз. Жәдид жазуы шыққаннан кейін қазақ өнер-білімге қана бастады. 1926 жылы 4-8 наурыз аралығында Баку қаласында түркі халықтарының  бірінші үлкен симпозиумы болды. Оған 107 ғалым қатысты. Онда қазақтардан Ахмет Байтұрсынұлы болды. Сол басқосуда 101 адам латынға көшуді қолдап, 6 адам қарсы болады. Бүкіл түркі халықтары латын қарпіне көшеді. Сол жылы латын қарпіне біз де көштік. Ол жазудың авторлары  – Халел Досмұхамедұлы, Телжан Шонанов сынды қазақ зиялылары. Тілімізге кириллица енгеннен кейін, қазақ тілінде жоқ в, ц, ф, ч, сияқты бөтен дыбыстар да кірді. Олардан арылу үшін де біз қайтадан латын қарпіне көшіп жатырмыз. Арамызда бір орыс болса, біз орысша сайраймыз. Бұл құлдық санадан әлі де айрыла алмай келетінімізді көрсетеді. Мысалы, Италияға, Қытайға, Грузияға барсаң, ана тілінен басқа тілде ешкім сөйлемейді. Неге? Себебі, олар ана тілін сатпайды, жаманатты болып үйренген. Ал біз жақсатты болуды ғана ойлаймыз. Халық латын әліпбиіне көшуді оң қабылдап жатыр. Әліпбиге көшу оңай болғанымен, оны игере қою жеңіл шаруа емес. Біздің ата-баталарымыз оқымаған, тоқымаған. Олар қыз айттырғанда, адамды бағалағанда тегіне, тектілігіне қараған. Біз сол тектілігімізді қайтаруымыз керек. Ол үшін ең алдымен тілімізді дұрыстауға тиіспіз, - деді Ғабит Қайыржанұлы.

Мұқадес Есламғалиұлы атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Айнұр Уалиахметова, Қособа ауылдық округінің әкімі Жұмабай Сатаев, Ж.Досмұхамедов атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ләйлі Мақсотова, «Сырым жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәкен Мұса өз салалары бойынша латын әліпбиіне көшудегі шаралар туралы айтты. Форумға қатысушылар сауалдары мен пікірлерін ортаға салды, сұрақтарға жауап берілді.

Түстен кейін  аудан жастарының, мекеме қызметкерлерінің, үкіметтік емес ұйымдардың  қатысуымен форумның секциялық жұмысы жалғасты.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

IMG_7619 IMG_7625 IMG_7628 IMG_7650

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале