«Made in Syrym» айдары жергілікті тауар өндірушілерді таныстырады, олардың өнімдерін насихаттайды.
А.Жұмағалиев атындағы жалпы білім беретін мектептегі Білім күніне арналған салтанатты жиын аяқталысымен Жосалы ауылдық округінің әкімі Батырғали Иманқұловқа ілесіп, Кеңащы елді мекеніне қарай жолға шықтық. «Кеңащыдағы бассейнге қашан келесіңдер, жігіттер!?» - деп жиі айтатын өзі. Әкімге жол бастатуымыздың себебі содан.
Алдымызда ұзатылған қыздың алдынан жайылған ақжолдай ақ бор төселген жол. Оң жағымызда Қияқтыкөлдің орны қалып барады. Асау қорымынан бір-екі құлпытас қараяды. Барып үңілсе болар еді, өкінішке орай қабірхаттардың ажарын уақыт жеген, жел жоғалтқан.
Көп кідірмей Кеңащыға кіріп бардық. Бассейн дегеніміз – Талғат Елекешов ағамыздың өз қолымен жасаған су қоймасы екен. Жерді тереңірек қазып, полиэтилен төсеп, 400 текше метр су сақтайтын ыдыс жасапты. Күнге жылыған суды бақшасына жібереді екен.
Шіркін, Талғаттың бақшасында не жоқ? Жуа, аскөк аяқтың астында. Қылыштай қиярлар, теңкиген асқабақтар. Есіктің алдынан жалбыз иісі мұрын жарады. Былтыр бұл бақшада бұрыштың түр-түрі, қауын, орамжапырақ жайқалып шықты.
Батыс өңірінде базарда екі жақтың қарбызы жоғары сұраныста. Бірі – Қаратөбе, екіншісі – Тайпақ. Міне, біз кеше тағы бір тәтті қарбыздың отанын таптық. Ол – Кеңащы. Талғаттың бағындағы қарбыздар жақсы өнім берген. «Көк лағым көгенде жатып семіреді» - дегендей, бүйірі томпиып жатыр екен жарықтықтар. Біздің құрметімізге Шолпан жеңгей тұздап жатқан қиярларын тастай сала, ауладан «бір лақты» кіргізіп, «бауыздап» жіберді.
Бағбан Талғат егінжайына ерекше махаббатпен қарайтыны көрініп тұр. Сумен ғана емес, термен суарғасын да бақша өнім береді. Топырағының құнарын байыту үшін химиялық емес, табиғи әдісті қолданады. Малдың қиына шұбылшын өсіріп, оны баққа салады.
Бір қызығы, Елекешовтар өнімдерін сатпайды екен. Ағайынның, ауылдастың несібесі деп барған қонағына жарты қап бақша базарлығын тегін арқалатып жібереді.
Біз болсақ, еңбекқор жанұяны жиын-теріннен кейін Жымпиты жәрмеңкесіне шақырып қайттық.
Бауыржан Шерім
Сырым ауданы