Қазіргі кезде дүкен сөрелерінде адамға бір-ақ сәттік ләззат сыйлайтын тәтті шырындардың есебі жоқ. Газбен керек пе, газсыз керек пе тіпті энергетикалық түрлері де бар. Иә, соңғы буындағы сусын төңірегінде күрес те қызу жүріп жатыр.
Мектеп оқушыларына энергетикалық сусындарға қарсы ашық сабақ, тәтті шырындардың зияны жайында дәрігерлер кеңесі өтуде. Дегенмен дүкен сөрелерінде көздің жауын алып, жарнамасы сілекейді шұбыртып тұрған сусынды көргенде дәрігердің кеңесі де, үлкендердің ақылы да сол айтқан жерде қалатыны сөзсіз. Өйткені тәтті сусынға қарсы іс-шаралар шырын құрамындағы зиянды заттар туралы жасалған презентациямен ғана шектеліп қалып жатыр.
Жымпитылық Гүлмира Қойшыбаева осы мәселенің шешімін тапқандай. Өйткені «Жымпиты» атауын ұран қылған сусындары бүгінде дүкен сөрелерінде тұр. Құр тұрмай зиянды сусындармен текетіресіп тұр. Олай деуіміздің себебі, «Жымпиты» лимонады қатардағы зиянды сусындарға жатпайды.
Өнім иесінің айтуынша, бұл сусындар жаз мезгілінің алғашқы айынан бастап сатылымда. Құрамыда қарапайым: лимон, апельсин, қант және Гүлмира ханымның ыстық махаббаты.
– Алғашында үш түрлі бағытта, яғни квас, морс, лимонад түрінде шығардық. Өтімділігі жоғары болғандықтан халық таңдауына ие болғаны осы – «Жымпиты» лимонады! - дейді Гүлмира ханым.
Табиғи өнім қазір қат болып тұр. Жазу, заттаңбаға да сенім жоқ бүгінде. Ал «Жымпиты» лимонадының 15-20 күндік жарамдылық мерзімі де нағыз табиғи өнім екеніне дәлел емес пе?
Гүлмира ханымның Інжу есімді кішкентай жәрдемші қызымен, Медет есімді өмірлік жолдасы бар. Отбасылық кәсіпті алға қойған іскер келіншектің мақсаты зор. «Жымпиты» лимонадын республика деңгейінде брендке айналдырып, үлкен өнеркәсіп орнын ашу – негізгі мақсат.
Ал сіз «Жымпиты» лимонадын іштіңіз бе?
Қоңдыкер Елеуов
Сырым ауданы