Ақтөбе қаласында 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай өткен «Тәуелсіздік – жыр-әнім» республикалық шығармашылық фестиваліне қатысқан үш өреннің бірі, Бәйтерек ауданына қарасты Дариян мектеп-гимназия интернатының оқушысы, аудандық «Ауыл тынысы» газетінің жас тілшісі Мадина Ибрагим «Таза, мінсіз асыл сөз...» шешендік өнер байқауы бойынша жүлделі І орынды иеленгендігі туралы қуанышты хабар жетті.
Биыл екінші мәрте өткізіліп отырған бұл республикалық өнер додасының басты мақсат-міндеті – өскелең ұрпақтың туған жерге қазақ тіліне, қазақ халқының рухани мұрасына деген сүйіспеншілігін арттыру, сонымен бірге, оларды шешендік, жыршылық, ақындық өнерге баулу. Осы сайыстың жүлдегері болған біздің Мадинаға І дәрежелі дипломмен қоса, 70 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық та табысталған. Сонымен бірге Мәдинаның жетекшісі, Дариян мектеп-гимназия интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ақтілек Бақытжанқызының айтуынша, облыс намысын қорғаған Достық мектебінің оқушысы, аудандық газеттің жас тілшісі Ғасыр Серікұлы (жетекшісі Тұрсынгүл Оразова) мен Новенков мектебінің оқушысы Нұршаттық Жұмаділдә (жетекшісі Гүлхат Уәлиахметова) алғыс хатпен марапатталыпты.
Айта кетелік, фестивальға Ақтөбе, БҚО, Түркістан, Маңғыстау, Қарағанды, Павлодар, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан үздік шыққан 5-11 сынып оқушылары қатысқан.
Фестивальге қатысқан үш өреннің екеуі бұған дейін «Жайық Пресс» медихолдингі ұйымдастырған республикалық «Өрімтал» жас тілшілер байқауының жүлдегерлері болғанын-ды.
Ертай Бимұханов
Бәйтерек ауданы
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер