Ақпанның 21-28 аралығында еліміздің үздік жас шаңғышылары Ақтөбе қаласында бас қосып, ел чемпионатының жүлдесін сарапқа салды. Еліміздің 11 облысынан келген 300-ден астам спортшы бақ сынасқан байрақты бәсекеде облыс құрамасы да төбе көрсетті.
Жарыстың алғашқы күні спортшылар классика әдісімен жүгірді. Нәтиже де жаман емес. 2008-2009 жылғы қыздар арасында жарыс жолына шыққан Мадина Жақсылықова ел чемпионы атанып, мерейімізді асырды. Осы жас ерекшелігінде сынға түскен тағы бір бұрымды шаңғышымыз Жанерке Тудахунова қола жүлдеге сынық сүйем жетпей, төртінші орынды қанағат тұтты. Ал 2006-2007 ұлдар арасында жарысқа түскен Дамир Қабикесов бесінші орын иеленсе, өткен жылы ел біріншілігінде жүлде салған Еділбек Елубаев өзі қатарлы шаңғышылар сынында алтыншы орынға табан тіреді.
Одан бөлек Мадина Жақсылықова конек әдісімен жарысқан шаңғышылар жарысында да алдына жан салмай, ел чемпионатының екі дүркін чемпионы атанды. Сондай-ақ ақсайлық ару классика әдісімен қысқа қашықтық жарысында және конек әдісімен ұзақ қашықтыққа жарысқанда екі мәрте күміс медаль еншіледі.
Шаңғы жарысынан жастар мен жасөспірімдер командасының аға жаттықтырушысы Серік Хайруллиннің айтуынша, биылғы ел чемпионаты өзге жылғыларға қарағанда сәтті болыпты. Екі алтын, екі күміс жүлде, бірнеше спортшы үздік ондыққа енген. Жүлдеге сәл ғана жетпей, төртінші, бесінші орындарға ие болған шаңғышылар да шығыпты. Осы қалыпта жаттығуды жалғастыра берер болса, өңір шаңғышылары бірер жыл ішінде елішілік жарыстардың лидерлеріне айналады деген үміт бар екен.
Облыс намысын қолдан бермей, үздік нәтиже көрсеткен Мадина Жақсылықова Ақсай қаласында бапкер Ислам Сағыналиевтің қол астында жаттығады. Осы спорт түрінің мамандары мен жанкүйерлері Мадинаның шеберлігіне таңдай қағуда. Шаңғы жолында алдына жан салмайтын жас қыздың бабын келістіріп, шағын қаладан чемпион шығарған Ислам Сағыналиевтің еңбегі зор. Одан бөлек, Ислам бапкердің тағы бір шәкірті Жанерке Тудахунованың да шеберлігі көпті таң-тамаша еткен. Болашақта осы қос ару тек облысымыздың ғана емес, еліміздің де намысын абыроймен қорғайды деген үміт бар.
Сондай-ақ аталмыш чемпионатта ер балаларымыз да аянып қалмады. Әсіресе, Дамир Қабекесов үздіктер қатарында болды. Екі мәрте бесінші орын алған Дамирдің болашағы зор екенін айтып жатыр мамандар. Тек оның бабын келістіріп, дайындығын күшейту ғана керек. Одан бөлек 80 спортшының ішінен сегізінші орын иеленген Дамир Жұбаниязов та келер маусымдарда жүлде таласына түсуге мүмкіндігі зор шаңғышылар қатарында.
-Биылғы ел чемпионатындағы көрсеткішіміз жаман емес. Біраз жылдан бері қол жеткізбеген алтын жүлдеге ие болдық. Бір емес, екі алтын алдық. Болашақта жаттығуымызды үдетіп, бұдан да биік көрсеткіштерге қол жеткізетін боламыз,-дейді бапкер Серік Хайруллин.
Өңір шаңғышылары мен бапкерлер құрамы аталмыш жарысқа дайындық жасап, алаңсыз жаттығуға мүмкіндік жасаған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына, облыстық «Шаңғы жарысы» федерациясына, Бөрлі аудандық спорт бөліміне және Бөрлі аудандық «Шаңғы жарысы» федерациясына ерекше алғысын білдіреді.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz