Теректі ауданының Ақсуат ауылдық округіне қарасты Магистральный ауылы күннен-күнге қанатын кеңге жайып, өркендеп келеді. Осы уақытқа дейін бұл ауылдағы ауыз су, жол, дәріхана, шағын дүкендер хақында қалам тербеген едік. Енді мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатқанын көріп, көңіл марқайып қалғаны рас. Айталық, Магистральный мектебінің ірге тасы 1986 жылы қаланған екен. Бір сөзбен айтқанда, тозығы жетті. Осы білім ордасын биыл 128 оқушы тәмәмдап отыр. Бүгінгі таңда 108 орынға арналған су жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Мердігері - «КА-Строй ЛТД» ЖШС екенін айта кеткен жөн.
— «AMANAT» партиясы Теректі аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев, коммисия мүшесі, аудандық мәслихат депутаты Ләззат Бекишевамен бірге аталмыш мектептің жұмыс барысымен таныстық. Жұмысшылармен жүздесіп, қандай мәселе бар екенін сұрастырдық. Мердігер компанияның өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта ешқандай мәселе жоқ. Жауапты мамандарға межелі мерзімнен кешікпей, сапалы жұмыс жүргізуді тапсырдық, - дейді «AMANAT» партиясы Теректі аудандық филиалының төрағасы Мирхат Ибраев.
Мектептің құрылысы биыл тамыз айында аяқталмақ.
Айшабибі Мәмет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz