7.03.2023, 15:47
Оқылды: 25

Майор ханым

Қай кезде де апаттың алдын алатын қауқарымыз бірде болса, бірде болмайды. Қандай да бір апатқа ұшырасақ көмек іздейміз. Мұндай кезде бізге бейбіт күннің батырлары, төтенше жағдайлар қызметінің мамандары көмек көрсетеді.

InShot_20230307_154150439
Төтенше жағдай қызметі – батылдықты талап ететін, жауапты мамандықтардың бірі. Еліміздің төтенше жағдайлар министрлігінде күрделі, әрі жауапты қызметті атқаратын сұлуларымызда жетерлік.
Еліміздің дамуына үлес қосып жүрген арулар арамызда өте көп. Олар ер азаматтарға тән мамандықты адал атқарып, халықты төтенше жағдайлардан қорғауда аянбай еңбек етуде. Ауданымыздың азаматтық қорғау гарнизонында екі әйел адам жұмыс істейді. Бірі радиобайланысшы болса, бірі бөлімнің бас маманы.

InShot_20230307_154202391
8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау майоры Алима Идалиева туралы жазғымыз келді. Оның бұл салада қызмет атқарып жүргеніне де биыл 20 жыл. Алима Еншаллақызы 2003 жылы кіші сержант атанып, «Өрт сөндіруші» АҚ канцелярия басшысы болған. 2006 жылы офицерлік «лейтенант» шенін алып, инженер болып жұмыс жасаған. 2018 жылдан бері төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы болып қызмет атқаруда.
Алима Идалиева отбасының тұңғышы, екі бауыры бар. 2008 жылы тұрмыс құрып, қазіргі уақытта үш баланың анасы. Ол ең бірінші шет тілі мамандығында білім алған. Кейін инженер байланысшы мамандығында оқып, осы салада біраз жылдар еңбек еткен.
- Мен бала күнімнен стюардесса болуды армандадым. Олардың киімдеріне қатты қызықтым. Ол үшін ең бірінші ағылшын тілін білу керек деп, шет тілі мамандығына оқуға түстім. Кейін екінші мамандық алып, осы салаға келдім. Осы қызметте жүріп, құтқару қызметінің қыр-сырымен таныстым. Азаматтық қорғау саласында 2003 жылдан бері жұмыс жасаймын. Біздің басты міндетіміз халықты төтенше жағдай кезіндегі іс-әрекетке үйретіп, осындай жағдайлардың алдын алу жұмыстарын жүргізу, - дейді төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы.
Алима Идалиеваның басты қызметі төтенше жағдайларды жою, адамдарды құтқару және де басқа да шұғыл жұмыстарды жүргізу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру. Жалпы, төтенше жағдайлар жүйесіндегі жұмыс ұйымшылдықты, жауапкершілікті талап етеді. Әрбір мамандықтың өзіне тән қиындықтары болады.
Басында ер адамдармен тіл табысып, бірдей қызмет ету де оңайға соқпады. Сонымен қатар өртке дайындық сабақтары кезіндегі құрал жабдықтардың ауырлығы және әскери тәртіпке бағыну да қиын болды. Ең бірінші, ана ретінде бұл жұмыстың ең қиыны қандай да бір төтенше жағдай болған кезде түн болсын, таң болсын балаларды тастап кету, - дейді ана.
Мамандығыңа, қызметіңе адалдық, мінездің қаттылығы төтенше жағдай қызметкерлеріне өздерінің жұмыстарын абыроймен атқаруға мүмкіндік береді.
Дегенмен, қызығы мен қиындығы қатар жүретін саладағы қызмет пен отбасын қатар алып жүрген қыздарымызға бәрі сүйсіне қарайды.

Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале