17.05.2023, 23:01
Оқылды: 97

Майтүбек назардан тыс қалса, Таловтан ел көшуде

Жақсыбайдағы жайттарды зерделеген Жәнібек ауданы әкімі Талов ауылы Майтүбек елді мекеніне атбасын бұрды. Тұрғындардың үніне құлақ асуға келген бөлім басшылары мен облыстық, аудандық мәслихат депутаттарының қатарында аудандық электр торабының басшысы Мейіржан Хаби, аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Жаналиев, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Манарбек Әдиев, аудандық «Қазпошта» бөлімшесінің басшысы Айнаш Рахмушева және аудандық мәслихат депутаты Марал Әбілов болды.

IMG-20230517-WA0067

Шағын ғана медициналық пунктке жиналған қауым аталмыш ауылдың әкімі Нұрдәулет Қыдырғалиевтің атқарылған жұмыстар төңірегіндегі есебін тыңдады. Ол ауыл адамдарын жұмысқа жұмылдыру, көгалдандыру, Сарыөзеннен Талов су қоймасына су тарту құбырларын жаңарту, ойын алаңына жасанды жабын төсеу және қатты қалдықтар төгетін орындар мен мал молаларына қатысты жұмыстарды тізбеледі.

IMG-20230517-WA0068

Сұрақ-жауап бағытына ойысқан жүздесуге қатысқан тұрғындар бірқатар мәселелер жөнінде әңгіме өрбітті.

Жарық бағаналарының тозығы жеткенін жасыра айтқан халыққа Мейіржан Халиханұлы жауап берді.
- 2023-2025 жылдардың арасындағы бағдарламаларға тоқталсақ, 0,4 кВ, 10 кВ әуе желілерін жаңғырту қарастырылды. Ал сіздер жеткізген күрделі мәселе. Бірден шешіледі деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Бір-екеуін жаңартуға болады. Алайда барлығын емес. Себебі, аудан бойынша 92 пайыз бағаналардың сапасы сын көтермейді, - деп әңгіменің ашығын айтты.

IMG-20230517-WA0071
Ауыз суға көңілі толмайтын майтүбектілердің сөзі бір жерден шықты. Олар мұнарадан келген ащы суға қарағанда өзеннен алған судың таза екенін жеткізіп, қынжылды.

Тұрғындардың бұл базынасына толық әрі нақты жауап беру Манарбек Таңатарұлының міндеті еді. Бірақ ол су тұщыландыру құрылғысының орнатылғанын алға тартып, себебіне барлай алмай:
- Талдықорғандық мердігердің қалған 1 жыл кепілдігі бойынша арнайы шақырту жіберемін, -деп, шешіледі деген сыңай танытты.

IMG-20230517-WA0074

Көптің арасынан сөз тізгінін алған Тілепберген Бергелейов атойлап атқарылған жұмыстардың аяқсыз қалатынына ашынды. Ол:
-Ауа райы күрт бұзылса, Жәнібекті былай қойғанда, Таловқа бара алмаймыз, - деді өз сөзінде.

Барлық сұрақтар бойынша бөлім басшылары үн қатып, аудан басшысы жауап берді. Содан соң елді мекеннің ауыз су құбырымен танысып, қираудың сәл-ақ алдында тұрған кітапханада болды. Адам шошырлық лашықта орналасқан кітапхананың құжаты жоқ. Аудан әкімі Тимур Серікұлы есігінен еңкейе кіріп, кітапханашымен әңгімелесті. Жаңа әдебиеттердің ескі орында тұрғанына шыдамай, шұғыл шара қолданылатын жұмыстар қатарына енгізді.

IMG-20230517-WA0077

Назардан тыс қалған Мәйтүбектен кейін, аудан басшысы Талов ауылдық округіне аттанды. Өзекті ойлар айтылып, өткір мәселелер талқыланған жүздесудің алғашқы бөлігінде ауыл әкімі Нұрдәулет Аянұлы:
- Ауылдағы адам саны 2023 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша 824 адамды құрайды. Солардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында жағдайы төмен отбасылар мен көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандар және оларға бас-көз болып отырғандарға, жастарға жеңілдетілген несие алуға, тұрақты жұмысқа орналасуға, түрлі әлеуметтік көмек алуға бағыт бағдар берудеміз. Соның нәтижесінде биыл 4 адам тұрақты, 28 адам қоғамдық, 1 адам «Жастар тәжірибесі» арқылы жұмысқа кірісті. Қазіргі таңда 1 ауыл тұрғыны 2,5 пайыздағы несие алуға құжаттарын тапсырды. Аталмыш жұмыстан көгалдандыру бағытына көшсек, 400 дана жеміс ағашы мен теректер отырғызу жоспарланған болатын. Бүгінде 210 түп тамырын жайды. Ауылымыздың шығыс жағында орналасқан қатты қалдықтар төгетін орынға күрделі жөндеу жұмысы бойынша мамыр айында электрондық порталға салынып, жеңіп алған мердігер анықталды,- деген ауыл басшысы өзге де келелі істерге тоқтала өтті.
Аудан басшысы Ғ. Сарыбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп-балабақша кешенінің болашағына алаңдаушылық білдірді. Бар-жоғы 74 оқушы қалған мектептің 11 жылдықтан 9 жылдыққа ауысу қауіпі бар.

IMG-20230517-WA0075

Осы орайда аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бағида Сарбалина:
- Мектеп директоры Серік Нұрымұлы айтуынша, 9-сыныптан соң оқушылар колледжге оқуға кетеді. Түптеп келгенде 10-сыныпқа 4 қана оқушы қалмақ. Барлығын есептегенде жаңа оқу жылы 69 оқушымен қарсы алады. 624 орындық оқу орнына бұл көрсеткіш өте төмен. Мектепті сақтап қалу үшін ауылға отбасыларды шақыру жұмысын қолға алу керек. Үш қабатты ғимаратқа үйірмелер ашып, жандандыруға әбден болады. Мектептің ертеңі – қарапайым тұрғындардың қолында. Қалаға көшпей, ауылда қалыңыздар. Ауылды көркейтіңіздер,- деді.

Бірден тұрғындарға сөз кезегін берген жүздесу еркін бағытқа ауысты. Ауылдан қоныс аудару, жұмыстың жетіспеушілігі, ауыз судың жағдайы тұрғындарды толғандыратыны байқалды.

Ауыл тұрғыны, зейнеткер Мәруаш Мұқатаева:
- Жолдың азабы тарқамай, бақтың қонуы неғайбіл. Кеше Орал қаласынан келдім. Республикалық маңызы бар жол аяқталады деген үміттемін. Жәнібектен ауылдық округтерге қатынайтын жолға келгенде іркіліп қаламыз. Бұл бір ғана мәселе. Басталып аяқталмаған істерді азайтып, соңына дейін жеткізу қажет,- дейді.

IMG-20230517-WA0079
Бірден тұрғындарға сөз кезегін берген жүздесу еркін бағытқа ауысты. Ауылдан қоныс аудару, жұмыстың жетіспеушілігі, ауыз судың жағдайы тұрғындарды толғандыратыны байқалды. Барлық сұрақтар бойынша бөлім басшылары жауап берді. Аудан әкімі көпшілікпен пікір алмасқан соң тұрғындарды жеке қабылдады.

Әлібек Қаржау,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале