Қыз-келіншектер табиғатынан берілген нәзіктігіне қарамастан ерлермен бірдей ауыр жұмысты да атқарып жүр. Өзекті кернейтіні аналар қауымының қара жұмыс жасап жүргеніне көзіміз үйреніп бара жатқандай. Олардың жаратылысын ескеріп, Жәнібек ауданының кәсіпкер әйелдері жаңа жыл қарсаңында біраз жылдан бері қара жұмыс жасап келе жатқан Света Дауленова есімді келіншектің сырт келбетін өзгертіп, жаңа образ жасап берді. Кәсіпкерлер былтырдан бері осымен үшінші әйелге мерекелік көңіл күй сыйлап, осы үрдісті керемет дәстүрге айналдырды.
- Жақында әйелдер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Әйелдің бақыты – отбасы» атты жиын өткенін білесіздер. Ол жиынға мен де аталмыш бірлестіктің мүшесі болған соң қатысқан едім. Сол кезде қатысушы тұрғындардың әңгіме барысында Света апаның жұмысының ауырлығына қарамастан «шаршадым» демейтінін, ерік-жігерінің қандай мықты екендігін айтып отырғанын естідім. Света Дауленованы таңдауыма әйелдер кеңесінің жиналысында айтылған пікірлер түрткі болды. Оның қолдарына қарап қандай ауыр жұмыс жасайтынын бірден аңғаруға болады… Кімнен сұрасаң да, ол кісінің ең бірінші адалдығы мен жауапкершілігін ауыз толтырып айтады. Әрі зейнет жасына шығуына да аз ғана уақыт қалыпты. Соның барлығын ескеріп, оған осындай ұсыныс тастағанымда қабыл алған еді, - дейді Майгүл Наурызалиева.
Светаға көтеріңкі көңіл күй сыйлау үшін біраз кәсіпкер бас қосқан. Нақтырақ айтсақ, Гүлфия Қауденова, Анар Өтешева, Армат Мырзашев, Ақжарқын Омарова, Асылан Нығметов, Самал Гайсина, Қанат Оспанов, Салтанат Темірәлиева және Тілек Абуов қол ұшын созды.
Олар Светаға жаңа шаш үлгісін жасап, бет-жүзі мен тырнағын әрлеп берді. Сондай-ақ үйіне азық-түлік алып, әдемі көйлек пен хош иісті ерекше гүл шоғын сыйлаған. Күнделікті күйбең тіршіліктен бір күн тыныққан, өзін айнадан басқа кейіпте көрген Света Дауленованың ерекше қуанды.
Айсұлу Нұрболатқызы,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz