5.04.2022, 13:00
Оқылды: 109

Мал қыстағы қалыпты өтті

Мал шаруашылығы саласы - ауыл тұрғындарының негізгі тіршілігінің қайнар көзі. Көктемнің жаймашуақ мезгілі қыстан аман-есен шығуымен, төрт түліктің төлдеуімен шаруаларды ерекеше әсерге бөлейді. Бүгінгі әңгіме өзегі Қаратөбе ауданы шаруаларының мал қыстату науқанын қалай өткізгендігі жайында болмақ.
28

Аудан экономикасының басым бағыттарының бірі – мал шаруашылығы саласы. Биылғы жылы мал азығын дайындауда аудан халқы ерте қам жасады. Қыс мезгілінің ұзауына байланысты кей тұрғындарда шөптің жетіспеушілігі аракідік байқалды. Алайда өткен жылмен салыстырған кезде қазіргі мал азығы таусылған жекеленген азаматтар, шөп қоры мол азаматтармен келісіп, төрт түлік малды қыстан аман-есен алып шығуды ойластырып отыр.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, 2021-2022 жылдарға мал қыстағын өткізу бойынша тиісті сала басшылары мен жауапты тұлғалардан аудандық штаб құрылған.

Биылғы жылдың мал қыстағына 131,4 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланып, 115,1 мың тонна мал азығы дайындалды. Аудан бойынша 87 жерде елді мекеннен тыс жерде мал қыстағы өткізілді. Оның ішінде 82 қыстақта шаруа қожалықтары түліктерін бақса, 5 орында жеке тұрғындардың малы қыстатылды. Мал қыстақтарында 189 адам жұмыс жасады. Соның ішінде 62 қыстаққа тұрақты электр көзі тартылған, 3 қыстақ желмен қуат беретін қондырғы және 30 қыстақ күн сәулесінен қуат алатын қондырғымен жабдықталған.

Елді мекеннен тыс қыстақтарда 14,1 мың ірі қара, 22,9 мың қой-ешкі, 5,1 мың жылқы және 6 түйе бағылды. Оларға 28,3 мың тонна шөп, 222 тонна жем дайындалды. Қыстақтардағы шаруашылықтарда 144 трактор, 67 жеңіл автакөлік, 4 ДТ техникасы пайдаланылуда, 87 қыстақтың 67-сі жаңа ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтылған. Мал қыстақтары мен елді мекендер арасында қарлы, боранды күндері жол қатынастары ауыл шаруашылық техникалары арқылы үнемі аршылып, жол қатынасы үзілген жоқ.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Қанат Бадақовтың айтуынша, биылғы мал қыстату науқанына  49962 бас төрт түлік мал кірді. Биылғы 31 наурыздағы есеп бойынша аудандағы үнемделген мал азығының қоры 6 мың тоннаға жуық, 30  тонна мал азықтық жем есептелініп отыр.

Орын алып отырған қымбатшылыққа байланысты аудан орталығында жем сататын дүкендер «МG» супермаркеті мен «Гүлрайхан» дүкендеріне бас сұғып, бағалармен танысып шықтық. «МG» супермаркетінде 1 қапшық жемнің бағасы - 3400 теңгеден саудаланса, «Гүлрайхан» дүкенінде бір қапшық жемнің бағасы - 4000 теңгеден сатылуда. Бұл бағаны жыл басындағы бағамен салыстырсақ 500 теңгеге қымбаттап отыр. Қазіргі уақытта ауылдық жерлердегі 15 дүкенде кәсіпкерлердің жем сату нүктелері жұмыс жасауда.

Күннің жылынып, қардың еруі малды өріске айдаудың алыс емес екендігін білдіреді. Бұл да ауыл тұрғындарының көңіліне үміт ұялатуда.  Шөп қоры таусылған жекеленген тұрғындар көрші-қолаңнан артық қалған шөптерін алып, бір-біріне қолғабыс жасауда. Мал ұстаған ағайын төрт түлігінің ауызы көкке тиіп, өрістен күтіп алар мезгілді асыға күтіп отыр.

Әмірбек Жәнібеков,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале