3.01.2022, 19:10
Оқылды: 108

Мал ұрлығы мәселесі талқыланды

Жаңақала ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Дархан Закариннің төрағалығымен кеңес отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары, ветеринария саласының мамандары, аудандық полиция бөлімінің басшысы, учаскелік инспекторлар, ауылдық округ әкімдері қатысты. Аталмыш кеңестің күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Бірінші мәселе бойынша аудандық ветеринариялық станциясының директоры Марат Досмағамбетов Жаңақала ауданында 2021 жылы ветеринария саласында атқарылған жұмыстары және алда тұрған міндеттер туралы баяндама оқыды.

WhatsApp Image 2022-01-03 at 19.42.18

- БҚО әкімдігі ветеринария басқармасының Жаңақала аудандық ветеринариялық станциясы ШЖҚ МКК қызметкерлерінің жалпы саны 86 адам, соның ішінде 66 ветеринариялық маман, 20 адам қосымша қызметкерлер. Мекеме қарамағында 8 нива автокөлігі 1 ссаньенг автокөлігі, 1 камаз автокөлігі арнайы мал тасуға, 2 ДУК автокөлігі, 1 Уаз автокөлігі бар. Жаңақала ауданы бойынша ветеринариялық іс-шараларды қамтамасыз ету мақсатында 133 млн 431 мың 123 теңге қаражат бөлінді, - деді ол. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын профилактикасы, бруцеллез ауруы бойынша диагностикасы, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру шаралары, мемлекеттік қызмет көрсету, мал қорымдары мен сою алаңдары, ветеринариялық ұйымдарды ғимаратпен қамтамасыз ету туралы есеп берді.

Одан соң екінші мәселе бойынша аудандық полиция бөлімінің басшысы Бижан Төремұратов сөз алып, ауданда 2021 жылы орын алған мал ұрлығы және алдын алу бағытында атқарылатын жұмыстары және алдағы тұрған міндеттер жөнінде айтты.

- Қазіргі таңда аудан көлеміндегі жедел жағдай тұрақты деп айтуға болады. Аудан бойынша қылмыстың төмендеуі байқалады. 2021 жылдың осы кезеңіне дейін аудан бойынша тіркелген қылмыстар саны 19,2 пайызға немесе 104-тен 84-ке төмендеп отыр. Мал ұрлығы бойынша тіркелген 13 қылмыстың 2-і қорадан ұрланса, 11-і еркін жайылымнан, даладан ұрланған. Мал ұрлығының негізгі себептері мал иелерінің өздерінің малдарын қадағалаусыз қалдыруы және түнгі уақытта бағымсыз дала жайылымына жіберулері салдарынан орын алып отыр. Барлығы 25 бас мал ұрланып, 6 млн 780 мың теңге шығын құрады. Оның 23-і табылып, келтірілген залалдың 5 млн 780 мың теңгесі өндірілді, - деген мәлімет беріп, мал ұрлығының, малдардың қатысуымен жасалатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында ұсынысын жеткізді. Нақтырақ айтсақ, барлық ауылдық округ әкімдерімен бірлесе отырып, малдарын бақтыру бойынша халық арасында түсінік жұмыстарын одан әрі жүргізуге, Қызылоба Пятимар, Бірлік және С.Меңдешев ауылдық округтерінің тұсына мал қамайтын тұрақ мәселесін шешуге, сонымен қатар күнделікті ауылдық округ әкімшілігінен өздерінің аймақтарынан өтіп жатқан тас жолдардағы жайылып жүрген малдарды айдау үшін қызметкер, маман бөлуге ұсыныс жасады. Аудан басшысы ауылдық округ әкімдерінен мал ұрлығы жөнінде есеп сұрап, жергілікті учаскелік полициямен бірігіп жұмыс атқаруын тілге тиек етті. Жиында мал ұрлығын азайту, алдын алу бағытында атқарылатын іс-шараларды талқылады.

WhatsApp Image 2022-01-03 at 19.42.18 (1)

Жаңақала аудандық прокурорының орынбасары Жұмабай Ермеков баяндама жасай келе, өзінің ұсынысын білдірді. Ауылдық округ әкімдерінің жұмысын бағаларда, тек мал ұрлығы ғана емес, сол округте тіркелген жалпы қылмыстың санының өсуі мен азаюын ескеру керектігін, ауылдық округ әкімдері мен учаскелік полиция инспекторлары бірлесіп, халыққа облыстық мәслихаттың 01.09.2020 жылғы №37-3 шешімінің талаптарын түсіндіруді, ауылдық округ әкімдері мен учаскелік полиция инспекторлары округтегі ірі қожалықтармен бір мәміле жасап, кесте бойынша аумақта рейдтік кезекшілікті үнемі ұйымдастыру туралы ұсыныс айтты.

Бұдан соң аудан әкімі Д.Әмірханұлы айтылған ұсыныстар жөнінде хаттама толтырылып, ескерілетінін жеткізді.

Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале