Мал баққан ауылдың мәселесі шаш-етектен. «Малдың азығын жинауға мүмкіндік болмай жатыр. Киік отап кетеді. Кезген көп киікке тосқауыл бола ма? Малды аштан өлтірмеу үшін мал басын қысқарттық. Енді жағдай реттелмесе, таяғымызды ұстап қаларымыз анық» деп тарыққан ағайын биыл жазда малдың көз ауруына тап боп отыр.
«Соқыр сиыр тасып, жол салып жүрміз»
Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқынның іргесінде отырған Ұзынкөл ауылының азаматы Ерлан Қуанышқалиев:
– Көзімді ашқалы көргенім – осы мал шаруашылығы. Өзің жақсы білесің, әкемнің таяғын ұстап қалдым. Бірақ мына аурумен бірінші рет кездесіп отырмын. Мал қожайындары ғана емес, мал дәрігерлерінің өзі «мұндай індет тәжірибемізде кездеспепті» деп екі алақанын жайып, лажсыз отыр. Зеңгі баба түлігі жаппай көз ауруына ұшырады. Бұзаудың 99%-ы ауруға шалдықты. Он бес сиырым тас соқыр боп қалды. Бүгін-ертең үшінші рет рейске шыққалы отырмын. Соқыр сиыр көру қабілетінен айырылған адам сияқты өмірге қайта бейімделіп кете алмайды. Тіпті алдына тосқан жем-суын алмай қояды. Амал жоқ, малымыз пышаққа ілігіп жатыр. Жасыратыны жоқ, аурудың жаппай жайылып кетуіне өзіміздің де салғырттығымыз себеп болды. Ірі қара жаз шықса, көзі жасаурап, конъюнктивит боп жүреді. Бірақ су қараңғы соқырлыққа ұласпай, жазыла салушы еді. Сол жылдағы әдет қой деп мән бермедік. Енді жанталасып жатырмыз. Жәнібек ауданындағы шаруа қожалықтарының қай-қайсысы да осы аурудан шығын көріп отыр. Оралдан арнайы комиссия келді. Екі көзінен бірдей айырылған бұзауымды сұрап әкетті. Зертханаға апарып, талдама жасамақшы. Ол нәтиже үш айдан кейін белгілі болады екен. Зерттеу нәтижесін күтетін шама жоқ, ұзынқұлақтан «мынау жақсы» деп естіген препараттарымызды алып, емдеп бағудамыз. Германиядан шыққан «Баймек» деген препараттың бір флаконын 2800 теңгеден сатып алдық. Үлкен малға 8%, тана, қашарға 4%, бұзауға 2% мөлшеріндегі вакцина егілуі керек. Бес-алты бас сиыры барлар үшін бұл ауруды емдеу әлдеқайда жеңілдеу. Өйткені қорасындағы сиыры қан алуға да, екпе алуға да көнбіс. Үлкен шаруа қожалықтары үшін бірнеше табын сиырға екпе жасау, бір жасағанда екінші қайтара екпе салу мүмкін емес. Оннан астам жігіт жабылып жүріп, күн ұзаққа он басты ектік. Өрісте еркін жүрген асау малға екпе жасау ақыр-сібір болғалы тұр, – дейді.
Бұл тек бір ғана Ерланның бас қайғысы емес.
«Ауданда ауру тіркелмеді»
Жәнібектегі ахуалды естіп, аудандағы жағдайдың қандайлығын білмекке аудандық ветеринария стансасының басшысы Алмабек Құрмашевке хабарласқан едік.
– Біздің ауданда бұл ауру тіркелген жоқ. Ауданға қарасты округ тұрғындары да, мал шаруашылығымен айналысатын қожалық иелері де кератоконъюнктивит турасында хабарласқан жоқ. Көршілес аудандардағы жағдайдан хабардармын. Көршілес аудандардан шыққан ауру бізге келмесіне ешкім кепілдік бермейді. Сол себепті түсінік жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Ал былайша айтқанда конъюнктивиттің жеңіл түрі жыл сайын кездеседі. Ірі қараның 10%-ы осы көз ауруына ұшырайды. «Нитокс» атты күшті антибиотик, «Бетцилин -5» егіп, емдесек, құлан-таза айығатын ауру, – деп жауап берді.
«Өзіміз бақсымыз»
«Малымның көзіне ақ түсті» деп сабылған ағайынды да сөзге тарттық. Бәрінің айтары бір. «Өзіміз бақсымыз. Ветеринар қызметіне жүгінген жоқпыз. Не істей алады? «Апам да аң-таң, мен де аң-таң» боп отыр ғой. Шақыртсаң да, қолында дәрі-дәрмегі жоқ. Жауаптары белгілі. «Сараптамаға маатериал аламыз. Нәтижесін күтіңіз» дейді. Сонымен «Алла акбар!» дей бер» дейді.
Тайғара елді мекенінің азаматы Ертай Биарыстанов та, мұратсайлық Әлібек Жахатов та «малымызда көз ауруы пайда болды» деп дабыл қағып, мал дәрігерін мазаламапты.
– Секер аралас сумен жуудан бастап, анау-мынау айтқан преапараттарды қолданып, аурудан ептеп-септеп шығып келеміз, – деседі.
Ханордалық Нұрлан Жұмағалиев:
– Малдың көзіне ақ түседі. Шел басқандай. Мал қожайындары қолы жеткен дәрі-дәрмекті егіп, амалдап бағуда. Кейбіреуі өздігінен жазылып кетеді. Бірақ салдары бар екен. Жанарында бір ноқат қалып қояды. Содан болар, малдың көру қабілеті айтарлықтай бұзылады екен, – дейді.
«Сиырларымды тұсау ұстап отырмын»
Мал шаруашылығымен сауатты, тіпті ғылыми тұрғыда зерттеп, елек-екшеп, айналысып отырған Саян Баетовтың есімі елге жақсы таныс. Еліміздегі мал шаруашылығы мамандарын былай қойып, мұхиттың арғы бетіндегі фермерлермен ақылдасып отыратын Саянымыз бұл жолы да түреннен жол салыпты.
– Екі жүз сиырым бар. Соның 21-і көз ауруына шалдықты. Төртеуінің көзі ағып, мүлдем көрмей қалды. Төртеуі де жас туған еді, бұзауларын алмай қалды. Қазір тұсаумыс салып, есіктің алдында ұстап отырмын. Жұқпалы аурудың тарауына себеп көп. Қазір логистика кең масштабта, яғни еліміздің әр қиырына, тіпті ТМД елдеріне мал тасымалданып отыр. Негізі инфекция көзде жылдап жатады. Көз ұясында аурудың дәрнәсілдері көбейеді. Көзден бөлінген жас арқылы көз айналасына тарайды. Ол көзге үймелеген шыбындар арқылы басқа малға тарайды екен. Бір мал өзі ауырмаса да, сол аурудың таратушы болуы мүмкін. Орталық Азияға танымал Ғайса Әбсаттаров, Бауыржан Құрмановпен ақылдасып, емдеу протоколын белгіледік. Новокаин, пенциллин мен өз қанын араластырып, көз терісінің үстінен екпе саламыз. Бұл екпені екі мәрте салу керек. Бұл «ретробульбарлық блокада» деп аталады, яғни ауру қоздырғышын «құлыптап» тастайды. Бұған қоса 160 мыңға вакцина сатып алдым. Бұл сома екі жүз басқа шаққандағы сома. Вакцина малдың салмағына қарай салынады. Осы тұрғыда сіз бен біздің сұхбатымызды пайдаланып, аудан үнжариясы арқылы малға арналған дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп отырған Тимур Бижановқа ризашылығымызды білдіріп қойсақ, артық емес. Ауру ошағы дертке шалдыққан мал болса, тасымалдаушысы шыбын-шіркей. Ауру малды оқшаулаймыз, әрине. Бірақ сол аурудың тасымалдаушысы мың сан шыбынға бір амал жасауымыз керек. Менің ендігі әрекетім – осы шыбын-шіркейдің ауру тасымалдауына тосқауыл болу. Мен мал бағып отырған маңда мал қасынатындай тал-терек жоқ. Сол үшін құдық басына арнайы баған орнатып, оған шыбын-шіркейге қарсы препаратпен өңдеп қойдым. Мал зарарсыздандырылған бағанға сүйкеніп, қасынады, осылайша шыбынға қарсы препарат оның өне бойына жұғады. Осылайша ауру тасымалдаушы шыбынға тосқауыл болады деп амалдап жатырмын, – дейді Саян.
– Кератоконъюнктивит сіздің малда анықталып отыр. Төрт басыңыз соқыр боп қалған екен. Аудандық ветеринариялық станса «ауданда ауру тіркелмеді» деп отыр. Ветеринарға хабарласқан жоқсыз ба? – деп сұрадық.
– Жоқ. «Ақымақ» сұрақ қоюдан ұялмаймын. Осының арқасында бес жылдық тәжірибемде біраз дүниені біліп қалдым. Малға кастрация жасай алам, екпе жасаймыз, енді кесарь тілігін жасауды үйренсем деп жүрмін. Шынын айтайын ветеринар қызметі көңілімнен шықпайды. Мен білетін мәліметпен ғана шектеледі. Негізі ветеринар мамандығын бітірген кейін жастар уақытша болса да қалада тұру үшін, грант үшін оқитын сияқты. Соңғы кезде ветеринарияда қыздар да оқып жатыр. Бірақ мал арасына кеп тікелей жұмыс жасайтын жас маман аз. Тіпті жоқ деуге болады. Диплом алғаннан кейін күнкөрісін басқа кәсіптен іздейтіндер көп. Қан алмақ түгілі малға жақындаудан қорқады, -деп үлкен мәселенің тінін тарқатты.
«Басты мәселе – аурудың себебін анықтау»
Ветеринария ғылымдарының докторы, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агро-техникалық университетінің профессоры Ғайса Абсатиров дәл осылай дейді.
– Кератоконъюнктивиттің туындау себебі көп. Аурудың этиологиялық факторларын санамалап айтсам, моракселлез, риккетсиоз, хламидиоз сияқты белгілі инфекциялар, паразиттер, вирустық, бактериялық инфекция, шаң-тозаң, жарақат сияқты механикалық факторлар да, тіпті күннің ультракүлгін сәулесі де аурудың қозуына себепші болады. Тағы бір айта кетерлігі, сиыр малының кейбір тұқымы осы ауруға бейім болады. Мысалы, герофордтан тараған ақбас сиырда осы ауруға қарсы пигментация жоқ. Сондықтан ақбас сиырлар осы ауруға шалдыққыш. Ауру негізінен бұзау мен жас туған малда көптеп кездеседі. Аурудың бастапқы белгілері қалтырау, катаральды конъюнктивит, іріңді-жаралы кератит байқалады. Малдың көзінде ноғала түзілуі мүмкін. Ол көз ішіне шеміршек өсумен сипатталады. Ол шеміршекті ептеп алып тастауға болады. Кератоконъюнктивитті анықтау үшін ауру малдың көзі жуып, жуындысын, көз ұясындағы сұйықтықты шприцпен сорып алып, бактериялық зертханаға жолдайды. Ауру малдың сауығуы мал жасына, иммунитетіне, тіпті жыл мезгіліне тікелей байланысты. Ауру асқынып кеткен мал арықтап, салмақ жоғалтып, өлім-жітіммен аяқталады. Ал, «бұзауын да алмай тұр» деген уақытша жайт. Екі көзінен бірдей айырылған мал жем-су қабылдамай, бейімделе алмай тұр. Өзі аш тұрған мал қалай бұзауын қалай емізсін? Негізі, сиыр бұзауын иісінен таниды. Ауруды емдеу, препараттарды тағайындау үшін аурудың себебін анықтауымыз керек. Себебін анықтамай, нәтиже болмайды, – дейді Ғайса Ғарапұлы.
– Мал баққан ағайын «Бұрын-соңды мұндай ауруды көрмеп едік» деп жатыр. Бірақ сіз сияқты ветеринария ғылымының майталмандары үшін кератоконъюнктивит таңсық емес шығар. Бұл аурудың факторлары да, емдеу протоколы да, препараттары белгілі болар?
– Әрине. Ауруды ерте бастан анықтаған жағдайда тас соқырлыққа жол бермеуге болады. Оған толық зерттеуден өткен, тәжірибеде дәстүрлі түрде қолданылатын емдеу протоколы да қалыптасқан. Кератоконъюнктивитті емдейтін, алдын алатын бициллин, тетрациклин, дибиомицин, флорфеникол сияқты нәтижесі уақытпен дәлелденген түрлі препараттар, нәтижесі айтарлықтай күшті шетелдік препараттар да бар. Бағасы да қолжетімді. Көз ауруына шалдыққан малды емделу уақыты бір айдан, екі айға дейін ұласуы мүмкін, – дейді.
P&S: Араға уақыт салып, малы індетке шалдыққан ағайынға қайыра хабарластық. Ауруы соқырлыққа ұласқан сиыр саны өспепті. «Препараттар нәтижесін көрсете бастады. Ауру бәсеңдеген сияқты. Кеткен мал кетті ғой. Садақа болсын. Осымен шектелсе екен» десті. Иә, лайым солай болғай!
Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz