«Мал баққанға бітеді» демекші, оның қыр-сырына қаныққан қыр қазағы уақытында азығын беріп, оның ауырмауына жағдай жасайды. Бірақ ол да тіршілік иесі болғаннан кейін ауырмай тұрмайды. Сол кезде қайтпек керек? Аудандағы мал мамандарымен жолығып, оқырманға аз болса да ақпарат беруді жөн санадық. Осы орайда көп жылдан бері өз ісінің нағыз маманы атанған Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының «Тасқала аудандық ветеринариялық станциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Кәкім Өтешқалиевпен пікірлескен едік.
Жануарларға арнайы орын керек
– Жалпы, жасалып жатқан жұмыс та, жасалатын жұмыс та көп. Ел болғасын жерде мәселелер де болады. Соның бәрін мамандармен біріге отырып атқарып келеміз. Бұрынғы уақыттарда бұралқы иттерге тек аулау мен көзін жою шаралары қолданылатын. 2019 жылдың жаз мезгілінен бастап шешім қабылданды. Ұрғашы итке стерилизациялау (яғни тазалау), ал еркек итке кастрациялау (кесу) оталарын жасауды қолға алдық. Оларды жою да бар. Адамдар мен жануарлардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген жағдайда (агрессиялық мінез-құлық және құтыру ауруы күдігі болғанда) жануарлар ұйыммен (ветстанция) кідірмей жойылады. Ол үшін тек тұрғындардан немесе ауылдық округ әкімдігінен шағым хаты түсу керек. Яғни, балалар мен ересек адамдарға қауіп төндіретін иттердің көзін жою арасында болып тұрады. Өткен жылы 87 бас ит пен мысықтың көзі жойылды. Негізінен, ауданға осындай жануарларға арналған арнайы орын (питомник) керек. Былайша айтқанда, иттер мен мысықтарды уақытша ұстайтын пана. Бұл қазіргі таңда үлкен мәселеге айналып отыр. Жалғыз біздің ауданда емес, барлық жерде де солай. Ондай орынды ашқаннан кейін оның жұмысшыларына еңбекақы төленуі, ит пен мысықтарға арнайы орын дайындалуы, оларға тамақтың қажеттілігі мен құрал-жабдықтың керек болатыны тағы бар. Бұл жалпы айтқанда, үлкен шаруа. Негізінен, ұрғашы итке ота жасағаннан кейін оны питомникте 7 күн ұстауымыз керек. Ал еркек итті үш күн міндетті түрде ешқайда жібермей ұстап бақылаймыз. Біз аулаған иттер мен мысықтарды жаңағы питомникке (болашақта ашылса егер) әкелеміз. Сосын ол жерде арнайы ота жасайтын бөлмесі, үстелі және құралжабдықтары болады. Оған екі маманымыз дайын. Өткен жылы жануарларға ота жасау үшін Мағжан Құрманғалиев пен Мадина Шамшитованы оқытып алған болатынбыз. Ауланған иттер мен мысықтарды тіркейтін арнайы журналымыз да бар. Онда қай жерден, күні, айы, жылы және қай округтен ауланғаны жөнінде толық ақпарат жазылып тұрады.
«Құлағына таңба саламыз»
Ота жасалғаннан кейін құлағына таңба саламыз. Себебі келесі аулау жұмыстарына шыққан кезде біздің бақылауымыздан өткендігі туралы алыстан байқалып тұруы үшін құлағына (ен) белгі салып жібереміз. Тағы бір айта кететін жайт, ауланған иттерге электрондық чип (жануардың жеке нөмірі туралы ақпараты бар тері астына енгізілетін электрондық микроқұрал) орнатамыз. Компьютер арқылы чип салынған иттердің қай жерде жүргендігі туралы ақпарат алып отырамыз. Иттер мен мысықтарды қай жерден ауласақ, кейін емдеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін дәл сол жерге қайтадан апарып тастаймыз. Бұл заңды тұрғыда осылай орындалуы тиіс. Негізінен, питомник болса өте тиімді. Жасалып жатқан жұмыстардың бәрі бір жүйеге түсер еді. Барлық иттерге чип қойсақ, иесі жоғалтып алған жағдайда портал арқылы тауып алуына оңай болады. Бұралқы иттер негізінен адамдарды қорқытады. Әсіресе, балаларға қауіпті. Оларды бір жағына шығару жұмыстарына жақын арада кірісетін боламыз. Бригадамызбен шығып, бұралқы иттерді құрықтаумен айналысамыз. Жоятынын жойып, қалғандарына ота жасаймыз. Жаңа қағидаға сәйкес БҚО аумағындағы барлық иттер мен мысықтар міндетті түрде бірдейлендіру жөніндегі дерекқорда тіркеледі. Барлық иттерге чип қойсақ, иесі жоғалтып алған жағдайда портал арқылы тауып алуына оңай болады. Аудан бойынша өткен жылы құтыруға ұқсас диагноз бойынша ірі қара малынан сынама алып, облыс орталығына анықтау үшін жібердік. Бірақ құтыру жөніндегі ақпарат теріс нәтижемен келді. Соған қарағанда тыныш болуы керек.
Бруцеллез – созылмалы ауру
Соңғы екі жылдың нәтижесі бойынша аудандағы қой малы бруцеллезден таза. Ауру жоспарлы түрдегі тексеріс кезінде ірі қарадан шығып тұрды. Бұрын 3-4 айлық бұзаулардан қан ала беретінбіз. Қазіргі заңға сәйкес, он екі айдан асқан малдан ғана қан алып тексере аламыз. Аудан бойынша 2020 жылда бруцеллез ауруына 27800 бас ірі қара малын зерттеу жоспарланған еді. Соның барлығы тексерістен өтті. Жалпы, жоспар 100 пайызға орындалды. Тексеру нәтижесінде сарып ауруына шалдыққан 256 бас (2019 жылы 395) анықталды. Тексерілген малдардың арасында зақымдану 0,9 пайызды құрады. Қосымша деректерге сүйенсек, Мереке ауылдық округінде ірі қара малдың бруцеллез ауруынан сауықтыру жұмыстарын РМК «Эпизоотияға қарсы отряды» өткізді. Барлығы 6904 бас ірі қара малынан қан алынып, оның ішінде 149 бас оң нәтиже көрсетті. 2020 жылдың 14 желтоқсанында Мереке ауылына қойылған ірі қараны бруцеллез ауруынан сауықтыру іс-шаралары аяқталды. Бұл дегеніміз толықтай тазарды деген сөз емес. Өткен жылы ауданымыз бойынша барлығы 34704 бас бруцеллез ауруына байланысты зерттеліп, тексеру нәтижесінде сарып ауруына шалдыққаны 405 бас болды. Олар Орал қаласындағы санитариялық мал сою орындарына тапсырылды. Тексерілген мал арасында зақымдану 1,0 пайызды (салыстырмалы түрде 2019 жылы 1,7 пайыз) құрады. Қолайсыздық тудырған аулалар мен қораларға дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Жылқы малында қазіргі таңда сарып ауруы жоқ. Екі жылдан бері таза деген нәтиже көрсетуде. Қой малынан бір жылда екі рет қан алып, тексерістен өткізіп тұрамыз.
Карантин – тазалықтың белгісі
Егер ауыл тұрғындары өзге аудандардан мал сатып алып жатса, әуелі сол жақтағы ветстанцияның берген мал құжаты керек. Ол құжатты біздің мекемеге әкеліп базаға тіркетеді. Содан кейін оны 7 күн ешқайда шығармай үйде (қорасында) ұстайды. Оны біз карантин деп атаймыз. Сол аралықта қан аламыз. Нәтижесінің теріс екендігін анықтағаннан кейін барып, көп малға қосуға рұқсат етіледі. Қазіргі таңда мысалға айтар болсақ, Қазақстан ауылдық округінен сарып ауруы жиі шығады. Егер сол ауылдан сатып алынған мал болса, міндетті түрде тексерістен өтуі тиіс. Заң бәрімізге ортақ, талап бірдей. Малдың иелері осыны түсінуі қажет. Егер тексерілген мал болса, онда ешқандай уайымсыз. Мереке ауылының малдарынан да аталған ауру шығады. Содан соң Тасқаланың орталығынан шамамен отыз бас жылына оң нәтиже береді. Себебі аудан орталығындағы тұрғындар малдарын көктем шыға жақын ауылдарға апарады да, күзге таман үйлеріне әкеледі. Сол аралықта ауру жұқтырып үлгереді. Бруцеллез деген ауру – созылмалы ауру. Онымен ауырған малдың тек көзін жою арқылы тазартасың. Сосын ауру мал тұрған қораны, ауланы дезинфекция жасау керек. Ол адамға да жұғады. Сонысымен қиын. Ірі қара малы аталмыш аурумен ауырса, іш тастап кетеді. Яғни, бұзауын өлі туады. Сол бойда дереу тексеру керек. Кейде шыны керек, адамдар түсінбестік танытып жатады. Бір рет барып қан алған кезде оң нәтиже берсе, мал дәрігерінің айтқанына сенімсіздік танытып, малынан қайтадан қан алғанды талап етіп жатады. Ол дұрыс емес. Себебі қайтақайта қан алғаннан нәтиже өзгермейді. Егер айтқан уақыттың ішінде ауру малдың көзі жойылмаса малдың иесіне айыппұл салынады. Осы жерде сөз арасында айта кететін нәрсе, ауру шыққан малды бөлек қою. Және оны басқа малдарға араластыруға болмайды. Сол мал тиісті жерге тапсырылмай, қора тазартылмайды. Тапсырғаннан кейін ғана тазартылып, дезинфекция жүргізіледі. Дезинфекцияны дұрыс жүргізу үшін қора таза болуы қажет.
Қан алмай, вакцинамен егуге болмайды
Материалдық базамызды айтар болсақ, дәрі-дәрмектер жуық арада келеді. Сол кезде жұмысты бастайтын боламыз. Тоғыз округ бойынша барлығы да көлікпен қамтылған. Бруцеллез ауруына қарсы екпе (вакцинация) ерікті түрде жүргізіледі. Бірақ екпе жасағанға дейін малдан екі рет қан алынуы керек. Арасы 15 күн. Сосын барып екпені жасатуға болады. Бірақ бұның бәрінен ветеринар дәрігері құлағдар болуы қажет. Ал қазір бізде қалай? Ауыл адамдары ешкімге айтпай вакцина екпесін дәріханалардан сатып алады да, өздері егіп тастайды. Ешкімге айтпайды. Сосын біздің одан хабарымыз болмағасын барып қан (мерзімдік) аламыз. Ал ол ертеңгі күні оң нәтиже береді. Сосын жүреміз қайдан шықты деп болжай алмай. Сондықтан малдың иесі мен ветеринар дәрігердің арасында тығыз байланыс болуы керек. Негізінен, буаз малдың туатын мерзіміне дейін 14 күн және туғаннан кейін 14 күнге дейін қан алуға болмайды. Біздің жұмыс тек малдан қан алып, зертханаға жолдау және оң нәтиже көрсеткен жануарды он бес күннің ішінде санитариялық сою орнына арнайы көлікпен жөнелту. Егер тұрғындар тарапынан сенімсіздік туындап, сұрақтар болып жатса, ветинспекция мамандары барып тексеріс жүргізеді, айыппұл салады. Яғни тиісті шара қолданады. Оң нәтиже шыққан малды ашық базарларға апара алмайды. Рұқсат жоқ. Сондықтан қаладағы ветсанитариялық мал сою орындарына апарып тапсырады. Сол жерден ақ адал (ауру) малының құнымен есептесіп, мамандармен келісім жүргізеді, – деп түсіндірді Кәкім Қабдолұлы. Жалпы, мал дәрігерінің айтары осы, оқырман. Негізінен, бағып отырған малыңыз бен оларды қамайтын қораңыз таза болса, өзіңіз үшін де жақсы емес пе? Сондықтан мал мамандарының айтқанына құлақ асып, ауру малдың дереу көзін жоюға және бұдан әрі бруцеллезге жол бермеуге кірісетін уақыт баяғыда жеткен сияқты. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
Темірболат Тоқмамбетов,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz