«Ол кезде біз студент болатынбыз», – деп бастады әңгімесін Мәлік Қабдыұлы. Сәл ойланып отырды да, еңсесін тіктеп, жанарын бір нүктеге қадаған күйі күрсініп алды. Осы сәттегі кейпі өз естеліктерінен денесі түршігіп, сексен алтының суық ызғары тұла бойын бір қарып өткендей әсерде қалдырды. 1986 жылы 16 желтоқсанда орын алған оқиғаға отыз жылдан асса да, Мәкең – Мәлік Мұхтар болған жайт туралы биыл бірінші рет пікір білдірді. Қарама-қарсы отырған кейіпкерімнің жанарынан табиғаттың емес, саясаттың суығына шалынған балаң ғұмырлардың елесі деректі фильм лентасы секілді шыр айналып жатқандай көрінді маған. Жарты минут үнсіздіктен соң, үзілген әңгімесін ары қарай жалғап әкетті.
«Иә, ол кезде студент болатынбыз. Алматы ауыл шаруашылық институтының орман шаруашылығы факультетінің үшінші курсында оқып жүрген кезім. Тайпақтан апамның бір құрбысы Алматыға келді де, сонымен аман-саушылық сұрасуға ауылдасым Сәкен Бектұрғанов екеуміз бара қалдық. Жас та болсам байқап отырмын, апайымның көңілінде бір алаң бар секілді. Әйтеуір емен-жарқын әңгіме өрбімеді. Әңгіме барысында өзін қоярға жер таба алмай отырған апамыз бір мезгілде екіұштылау әңгіме бастады. Мәскеудегілер Қонаев атамызды биліктен түсіріп, орнына өзге ұлт өкілінен басшы сайламақ екендіктері туралы және соған наразылық митингісін ұйымдастырып, алаңға жастар жиналатыны жайлы осы жерде алғаш естідік. Естіген бойда тұла бойым бір ысып, бір суып сала берді. Құлағым шыңылдап, бойыма қаным симай бара жатқандай күй кештім. Бәлкім албырт жастықтың жалыны шығар, әйтеуір бір күш орнымда отырғызбады. Досым екеуміз апамыздың әңгімесінен елде бір дүмпудің орын алғанын және бұл тегін нәрсе еместігін түсіндік. Бұл 16 желтоқсан болатын. Сәкен екеуміз кері жатақханаға келе жатқанда көшеде жиналып, орталыққа ағылған жастардың нөпіріне жолықтық. Әділдік іздеген жастардың қатарынан орын алып, біз де алаңға қарай бет бұрдық. Алаңға бірталай адам жиналып қалған, милициялар да келіп тұр. Ол кезде құқық қорғау органдарының өкілдері алаңға жиналған жастардың қатарына өтуге кедергі келтірмеді. Тек кейіннен шеруге шыққандар мен сақшылар арасында төбелес орнап, топқа қарай су шашылып, біраз шу орын алды. Төбелесті де ұйымдастыратын – топ ішіне астыртын кіріп, өз жұмыстарын жүргізіп жүрген арандатушылар екенін кейін білдік қой», – деп, бір тоқталып алды Мәлік Қабдыұлы. Алаңға арақ тасып, алабұртқан жастарға тас, темір ұсынып, әлек болған жандардың арнайы арандатушы топ екенін сол күні білмегеніне қынжылғандай, біраз отырды. Бейбіт шеруге жиналған жастардың қозғалысын насырға шаптырған да осы жарамсақтар болатын. Дәл өздеріндей боп киініп, қандастарын қатерге итермелеген сатқындардың тірлігіне қынжылып отырды да, сөзін әрі жалғады. «Бұл күні кешке дейін алаңда болдық. Жайырақ жатақханаға оралсақ, мұның басы да тыныш емес. Толған құзіретті органдардың адамдары. Студенттерге, яғни біздерге алаңға шықпау керектігін айтып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жүр. Ол кезде жаңа бастамаға, саяси өзгеріске ұмтылған жастар жалынын үгіт сөзбен басып тоқтату мүмкін емес еді», – дейді кейіпкеріміз.
«Келесі күні сабаққа бардық. Сол күні әскери кафедра болатын. Барлығымыз әскери киіммен әр факультеттен жиналған жалпы саны тоғыз жүздей адам плацта сапта тұрмыз. Бір офицер әрлі-берлі жүріп, Кеңес Одағы туралы, жалпы идеологиялық бағытта біраз уақыт әңгіме айтты. Не мақсатта соншама агитация жүргізіп жатқанын түсініп те тұрғанымыз жоқ. Бір мезгілде көше жақтан жастардың тағы да алаңға қарай бара жатқан дауыстары естілді. Сапта тұрған барлығымызға саперлік күрек таратып беріп, манағы офицер жиналған жастарға қарсы шығуды тапсырды. Бірақ ешкім де қолына суық қару алған жоқ. Сап ішінен бір студент: «Жігіттер, қолдарыңа күрек алмаңдар, барлығымыз алаңға бара жатқан жастарға қосылуымыз керек» деп дауыстады. Сол мезетте біз де келе жатқан қалың нөпірге қосылып, тағы да алаңға қарай бағыттадық. Бұл күні жастар қолдарымызға «Қазақстанды қазақ басқарсын!» сынды түрлі ұран сөздерді ұстап, алаңға жеттік. Билік басындағылар Кремльмен сөйлесіп жатқандарын айтып, жастарды сабырға шақырды. Екі-үш сағатта анық жауабы беріледі деген соң, жастар алаңды босатып, бір жерге жиылып жауап күтіп тұрды. Белгіленген уақытта КСРО бірінші хатшысы М.Горбачев өз пікірін өзгертпейтінін білген жастар алаңға қайта жинала бастады. Алдымызда «УАЗ» автокөлігіне отырып, дауыс ұлғайтқыш рупормен «Менің Қазақстаным!» әнін орындап, артынан ілескен біз қосылып, алаңға дейін жүріп өттік. Бұл күнгі орын алған сұмдықтарды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Су шашу былай тұрсын, жиналған жастарды күрекпен сабап, қуып таратып жатыр. Беттерін түгел көрсетпей тұмшаланып, каска киіп, мұздай қаруланған жазалаушы топтың келгені де осы 17 желтоқсан болатын. Қайдан келгені беймәлім, жендеттер жастарды соққыға алғанда ешкімді аямайтын. Бұл күні мүлдем жатақханаға жете алмадық. Жолдың бәрі жабық. Әупірімдеп институт маңындағы базаға жиналдық. Бұл жерде де сол баяғы түсінік жұмыстары мен митингке шықпау туралы насихат жұмыстары. Тіпті өзге ұлт өкілдерінің студенттері де біздерден көтеріліске қатыспауымызды өтінуде. Біз де өз кезегімізде талап-тілектерімізді жеткізіп жатырмыз. Ол уақыт Кеңестің күркіреген мезгілі болса да, қазақ студент жастарының жағдайы сол кезбен салыстырмалы түрде айтсақ, онша мәз болған жоқ. Шетелден келген студенттердің жатақханасымен салыстырғанда, біздікі жатақхана деуге келмейтін. Үш адамдық бөлмеде төрт-бес адам тығылысып жату ол кез үшін қалыпты жағдай. Оның үстіне үлкен шаһарға оқуға келген қазақ жастарының орыс тілін білмегені үшін өзге ұлт өкілдері мен ұстаздардан кемсіту көргенін қосыңыз. Өз басым студент атанған күннен бастап осындай әділетсіздіктің салдарынан сан рет зардап шектім. Барлығына бірдей топырақ шаша алмаспын, алайда «Сен неге оқуға келдің? Ата-бабаң қой баққан, сен де сол далада қой бағып жүрмейсің бе?» деп мысқылдаған ұстаздардың болғаны рас. Ал Кеңес үкіметінде баршаға жар салғандай, ұлттар теңдігінің жоқ екенін мектеп қабырғасынан түсіндім. Себебі орыс сыныптары таңғы, ал қазақ сыныптары түстен кейінгі ауысыммен оқитын. Сөйтіп, он жылдық білімнің сегіз жылын кешкі кластан тәмамдадым. Міне, осы жағдайлардың барлығы жүрек түбінде шемен боп қатып, жанға маза бермейтін. Жылдар бойы жиналған ыза Қонаевты биліктен он бес минут ішінде алып тастады дегенді естігенде, бұрқ ете түсті. Әрине, әр көтерілістің, митингтің ұйымдастырушысы болатыны рас. Бірақ сол мезеттегі жастар көтерілісі дер кезінде орын алған оқиға деп білемін. Мысалы, бізге ешкім үгіт-насихат жүргізген жоқ, алайда алаңға бір құдіретті күш жетелеп барды. Ол кезде не екенін мүмкін түсінбеген болармыз, қазір ойлап отырсам, ұлт тұтастығын сақтап қалу туралы ой әр қазақ жасының бойына жігер берген екен сол мезетте. Бізді сол ұлттық намыс алаңға апарды.
Жастар көтерілісінің үшінші күні, әдеттегідей сабаққа келіп отырғанбыз. Бірінші сабақ, есімін ұмытыппын, фамилиясы Сахаров деген орыс ағайдың сабағы болатын. Көше толы жастар қайтадан бас біріктіріп, алаңға беттеп барады. Бұл сәтті сөзбен жеткізе алмаспын, көзбен көру керек. Сыртта лек-легімен ағылған жастардың дауысы аудиторияны да алып кетті. Дәріс беріп тұрған ағай бұл бастамаларың дұрыс дегенге саятын ойын білдірді де, «балалар, барыңдар» деді.
Бір топ студент бізден бұрын жиналғандарға бет алған тұста қарама-қарсы бұйра шашты бір жігітті қос жендет шашынан ұстап, төменге қарай тұқыртып әкеле жатты. Біздің топ араласа кетіп, әлгі азаматты жазалаушылардан арашалап алды. Сол жігітті жетелеп келе жатқан тұс таспаға түсіп қалыпты, күні бүгінге дейін деректі фильмдерде көрсетіліп жүр. Арашалап алғаннан кейінгі тағдыры маған беймәлім. Сол кездегі жағдайы да мәз емес болатын. Үсті-басын түгел қан жуған. Жанашыр жандар: «Жедел жәрдемге апармаңдар, ауруханаға да бармасын, әйтпесе өлтіреді» деп айғайлап жатты. Группаластарымызбен бірге барлығымыз қол ұстасып, осы қалың нөпірде мен де тұрдым. Үш күнге созылған көтерілістің аяғы немен тынғаны барлығыңызға мәлім ғой», – деп әңгімесін тоқтатты.
Одан кейінгі күндері үш кісіден артық топтасып, көшеде жүре алмағандарын күрсініп еске алады. Әрине, тыныш күнде төрт кісі көшеде тұрдың деп тепкінің астына алып жатса, кеудесінде ұлттық рухы бар жігіттер қапа болмағанда, қайтсін. Мәкең түгіл менің көз алдыма ақ қар, көк мұзда қақаған суға малшынып, қан қатқан ерні кезеріп, тәуелсіздікке ұмтылған талдырмаш қыздың елесі келе берді.
Кейіпкеріміздің айтуынша, кейін тергеу амалдары жүрген кезде жоғары оқу орындарының декандарынан түсінік алған екен. Алайда сол кездегі өз факультетінің деканы Серго Искаков деген адам көптеген студенттерді жасырып, аман алып қалғандығын мақтанышпен айтып берді. Сол кісінің азаматтық ұстанымының арқасында көптеген курстастарымен бірге 1988 жылы Мәлік Қабдыұлы да оқу орнын ойдағыдай аяқтап шығады. Кейіннен Чапаев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемені 22 жылдай басқарса, бүгінде коммуналдық мемлекеттік мекеме болып атауын өзгерткен сол ұжымда орман екпелері мен орманды ұдайы өсіру инженері болып еңбек етуде. Жары Бибігүл екеуі үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген. Облыстық мәслихат депутаты ретінде де сайлаушылары атынан өңірлік деңгейде орын алған мәселелерде пікір білдіріп жүреді.
Әңгіме арасында Мәкең өзін ұлжанды азаматпын деп есептейтінін айтты. «Өз еліңде жүріп, өз тіліңнің мәртебесін асқақтатпау – барып тұрған тексіздік. Еліміз тәуелсіздік алған бойда аты-жөнімнен «ов», «вич» деген тіркестерді алып тастадым. Және менімен мемлекеттік тілде сөйлесіп, аты-жөнімнің де қазақша нұсқада дұрыс айтылуын талап етумен келемін. Мектепті қазақша бітіріп, қалаға барғанда орыс тілінде оқуға мәжбүр болдық. Ана тілімізде жоғары білім алатын мүмкіндік болса, ғылыми жұмыстармен айналысып, әрі қарай да іздене берер ме едік. Қазір қазақша білім алуға барлық жағдай бола тұра, тіл мәселесі әлі аяқ асты боп келеді. Болашақ жастардан осы кемшілікті қалпына келтіріп, қазақ тілін төрге шығаратын қарым-қабілет күтемін», – деп, өткен күнге өкініш білдіріп, болашаққа үміт артатынын жеткізді.
«Буыршын мұзға тайған күн» аталып, ел аузында қаралы көңіл күймен еске алынатын азалы дата ұрпақ жадынан шықпауы тиіс. Қылышынан қан тамған қызыл үкіметке қарсы тұрып, талап қойған қазақ жастарының қайсарлығы туралы әлі талай кітап жарық көрері сөзсіз. Біз болсақ, шағын мақаламызда желтоқсан желінің ызғарына бойын тоңдырған жанның естеліктерінен үзінділер ғана келтірдік. Өскелең ұрпақтың рухын көтеруге бағытталған түрлі шараларда 1986 жылы жастармен иық тіресе бірге тұрған осы азаматтар басты кейіпкер болып, желтоқсан жаңғырығы саналарда мәңгі сақталуы тиіс деп білеміз.
Рауан Таңатжанұлы
Ескі суретте: Мәлік Мұхтар алдыңғы қатарда группаластарымен бірге
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер