13.09.2021, 22:09
Оқылды: 151

Малыңыз неге жолда жүр?

Бөрлі ауданында қараусыз жүрген малдың кесірінен жол апаты жиілеп кетті. Әсіресе Подстепный-Елек, Бөрлі-Ақсай-Жымпиты бағытындағы тас жолда оқыс оқиғалар көп тіркелуде. Былтыр малдың қатысуымен 8 оқиға тіркелсе, биыл 12 жол көлік оқиғасы орын алып отыр.

 DaFLiPPUwAA_T2L

Өкінішке орай, бағымсыз жүрген мал атаулы жол бойына шығып кетіп, көлік астына түсіп жататын жағдайлар жиілеп отыр. Тіпті, қараусыз жайылған мал көлікке соғылып, соның салдарынан жолаушылар көз жұмған жағдайлар тіркелген.

Жуырда ғана Пугачев ауылы маңында орын алған жол апатына бағымсыз жүрген жылқылар себеп болған еді. Жүйткіген жеңіл көлік жол бойында қараусыз жүрген жылқы табынына соғылған. Оқыс оқиға салдарынан 18 бен 22 жас аралығындағы 11 адам зардап шекті.

Аудандық орталық ауруханасының мамандарының сөзінше, зардап шеккен адамдардың ішінде төртеуі жансақтау бөліміне, ал қалған екеуі хирургиялық бөлімшеге жатқызылған. Жансақтау бөліміндегі бір адамның жағдайы аса ауыр. Қазір жол апатына түскен 2 науқас санитарлық авиацияның көмегімен Орал қаласына жеткізілді.

Жалпы, өткен жылдың 8 айында 8 жол көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 16 адам жарақат алса, 6 адам ажал құшқан. Ал биылғы жылы 12 ЖКО тіркеліп, 25 адам түрлі деңгейдегі жарақат алды. Жол апатын болдырмас үшін ауданға қарасты Пугачев, Ақсу, Бөрлі ауылдарында мал тұрақтары ашылды. Ақсай қаласында да осындай мал тұрағы ашылатын болады деп жоспарлануда.  Яғни, енді күре жолдың бойына шығып кетіп, автокөліктердің еркін жүруіне кедергі келтіретін малдың барлығы сол тұраққа қамалатын болады.

- Бүгінге дейін 19 бас ірі қара қамалды. Сырға, белгілері бар барлығында. Қазір малдардың барлығын фотоға түсіріп, ауылдағы чаттарға тараттық. Қожайындары біртіндеп келіп жатыр. Оларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 408-бабының 1-бөлімі бойынша хаттама толтырдық. 4375 теңге көлемінде айыппұл салынды. Мұндай шаралар ауылда жиі өткізіліп тұрады. Тұрғындарға малдарын қараусыз қалдырмау туралы айтып та жүрміз. Кешегідей жол апатын болдырмау үшін мұндай шараларды жүргізуді жалғастыра беретін боламыз. Ал екінші рет осы малдар қайта тұраққа қамалатын болса, айыппұл көлемі 2 АЕК дейін өседі, - дейді Пугачев ауылдық округінің учаскелік полицейі Әбу Ізтілеуов.

Қожайындары келіп, айыппұл төлемейінше, мал тұрақтан шығарылмайды. Дегенмен, бұл әдіс әзірше нәтиже бере қойған жоқ, - дейді мамандар. Мал тұраққа қамалған соң, қожайыны айыппұл төлегенімен, ертеңіне сол малдар қайта ауыл ішінде, не жол бойында жүреді екен.

- Қараусыз жүрген малды айыппұл тұрағына қамап, иелерін шақыртып, оларға заңда белгіленген тәртіптік жаза қолданылып жатыр. Бір мәселені айта кету керек, ауылымыз күре жолдың бойында орналасқан. Өкінішке орай, ауыл тұрғындары өз малдарын қарамай жіберіп қоятын қалыптасқан әдеттерінен жаңылар емес. Арнайы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін шақырттық та. Осылайша қоғам назарын бағымсыз жүрген малдардан туындайтын қауіпке аударғымыз келеді. Себебі, ауыл тұрғындары да үнемі әкімдікке келіп арызданып жатады. Өзгенің малы бірдің жаздай өсіріп отырған бау-бақшасын жеп кеткенін, иә болмаса ауладағы тұрмыстық заттарды бүлдіріп кеткенін кім жақсы көреді. Ауылымызда жаңа баспаналар салынып жатыр. Әзірше аулалары қоршалмаған үйлер көп. Олардың құрылыс материалдарына да зиян келтіріледі. Әрине, біз малдардың қожайындарына бірден хабарласамыз, болмаса тұраққа қамап тастаймыз. Бірақ айыппұлын төлеп, "баяғы жартас сол жартас" ертеңіне қайтып сол көрініс қайталанатыны өкінішті. Қазір де қамауда тұрған малдар бар. Бұдан бұрын екі рет жылқыларды тұраққа қамадық, - дейді Пугачев ауылдық округінің әкімі Мереке Ізтілеуов.

Өткен жылы айыппұл тұрағына бағусыз жүрген 77 бас ірі қара малы қамалып, мал иесіне әкімшілік хаттамалар толтырылған. Биылғы жылдың тек 8 айында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 408-бабы бойынша 451 әкімшілік хаттама толтырылса, соның ішінде үй-жануарлары бойынша 160 тұрғынға хаттама толтырылып, 78 756 теңге көлемінде айыппұл салынған.

- Аудан аумағындағы жолдарды күтіп ұстайтын мекемелерге жолды жөндеу, тазалау жұмыстарын жүргізу, тайғақ кезде құм себу сынды жұмыстарды жүргізу үшін 2014 жылғы 17 сәуірдегі Қазақсатан Республикасының "Жол жүрісі туралы" Заңының 23-бабына сәйкес 2021 жылдың 8 айымен барлығы 161 тексеру жұмыстары жүргізіліп, кемшіліктерді жою мақсатында 161 ұйғарым берілді. Алайда, ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабын бұзғаны үшін "Қазавтожол" ЖШС-не 16 әкімшілік хаттама толтырылды. Қаралмаған малдардың сырғаларының болмауы немесе кесіп алып тастауына байланысты иелері анықталмаған жағдайлар да бар. Осыған орай Бөрлі ауданы ветеринарлық бөліміне 24 әкімшілік іс жолданып, соның 14-адамға 406-бабы, яғни Қазақстан Республикасының ветеринарлық саласындағы заңнамасын бұзу туралы әкімшілік жазаға тартылып, 9 адамға әкімшілік жаза ретінде ескерту берілсе, 5 адамға әкімшілік жаза ретінде 20 АЕК айыппұл салынды, - дейді ауыл әкімі.

Бағымсыз жүрген малдың кесірінен орын алатын жол апаттарын алдын алу мақсатында Подстепной-Елек тас жолының қауіпті аймағы саналатын Қанай ауылының маңына үй жануарларының макеті орналастырылды. Әзірге қолдан келгені осы боп тұр. Мал асыраған ағайынға бала-шағаның амандығы үшін малыңызды қараусыз жібермеңізші дегіміз келеді.

 

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале