22.02.2024, 15:30
Оқылды: 18

МӘМС-тен мәніс кетті-ау...

Кезінде Мәмин үкіметі қолданысқа енгізіп кеткен МӘМС-міндетті әлеуметтік  медициналық сақтандыру жүйесінен мәніс қашты. Күні бүгінге дейін қыруар қаражат бөлініп келе жатқан саланың өзгеріске ұшырап, халықтың мұң-мұқтажын қаншалықты шешіп келе жатқанын ел өзі көріп келе жатыр. Оның бергі жағында ауыл-аймақтағы қалың жұрттың реніш-түйткілдері құлағына жеткенімен Смайлов үкіметі де МӘМС жүйесінен бас тартпайтынын мәлімдеп, медициналық ұйымдардың қызметін жолға қоямыз деп уәде бергенімен баяғы жартас сол жартас күйінде қалып келді.

ақша

Халықтың ең наразы болатын тұсы - адал еңбегімен тапқан табысынан белгілі бір соманы осы жүйенің қорына аударып отырса да сапалы медициналық қызметке қол жеткізе алмауы, жергілікті жерлерде дәрігерлердің тапшылығынан өзге жерге барып ақылы медициналық қызметке жүгінуге тура келуі, керекті бір дәрігерге қаралу үшін қажетсіз өзге дәрігерлердің кабинеттерін адақтап шығу тиістілігі ем іздеп барған жанның жүйкесін әбден жұқартатыны шындық.  Жыл сайын осы МӘМС-тің қызметі үшін Үкіметтен адамның түсіне кірмейтін қаражат бөлінеді екен.

Айталық, 2021 жылы тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі (ТМККК) үшін 1,4 трлн теңге, ал МӘМС үшін  730 млрд теңге жұмсалса, ал 2022 жылы мемлекет 2,049 теңге бөліпті. Оның 1,2 триллион теңгесі-ТМККК-ге  берілсе, қалған 838 млрд теңгесі МӘМС жүйесіне алыныпты.  Не деген қыруар қаржы? Ал 2023 жылы 2,3 триллион теңге бөлінген. Ойпырмай, осыдан кейін қазақстандықтардың денсаулықтары да күрт артып, уайымдары жоқ шығар дейсің ғой. Алайда бұдан денсаулық саласындағы түйткілді мәселелер шешіліп, қарыштап алға басып отырғаны шамалы. Қазір қарап отырсаң тіпті бұрын құлағымыз естіп көрмеген ауру түрлері көбейіп кетті, елімізден дауа таба алмай шетелден ем іздеп сарсаңға түсті халық. Десе де бұл қарашаның қалтасы көтермейтін арман ғана.

Бүгінде дереккөздер бойынша ел халқының 83 пайызынан артығында медициналық сақтандыру мәртебесі бар. Оның ішінде жеңілдік санатына кіретіндер бар, олар үшін сақтандыру қызметін мемлекет төлейді, сонымен қатар жалдамалы жұмыскерлер санаты бар, олар үшін жарналар мен аударымдарды жұмыс берушілер аударады. Ал бұл жүйеден тыс қалып отырған халық бар. Оның ішінде жұмыссыздар, көпбалалы отбасылар, жалақысы аз азаматтар мен аз ғана нәпақа үшін жалданып жұмыс істейтін өзге де топтағылар не істемек? Медицианлық сақтандыру қорына жарна төлемегендер кез келген медициналық көмекті ала алмайтыны тағы бар. Оларға тек төтенше жағдай кезінде, апатқа ұшыраса, соқырішек болып қалса, ағза мүшесі іріңдеп, асқынып, жағдайы күрт нашарласа ғана ауруханаға жеткізіледі. Ал жұмыс беруші МӘМС-ті уақытша төлемесе және төлемегенін сақтандырушыға алдын ала ескертпесе де жағдай осындай. Бірақ әр қызметкер де бұл жерде өз құқығын бідуі тиіс. Яғни жұмыс беруші түрлі себеппен жарнаны төлемей отырған болса үш айдың ішінде сақтандырылу шарты сақталады екен. Осыны да әр қызметкердің біліп жүргені өзіне абзал. Бірақ осындай ұсақ-түйек болып саналатын жайттан хабар болмағандықтан көпшілігі тегін медициналық қызмет алу мүмкіндігім жоқ деп шатасары түсінікті.

Бұл жүйедегі қиюсыздық жүйкеге тиіп болғаны рас. Ауруханаға барып қаралып ем ала қалсаң ана дәріні алу керек, мына дәріні ішу керек дейді. Ал дәріханаға барсаң ойдай ақшаңды сол жерге тастап келесің. Азық-түлік қана емес дәрі-дәрмегіңнің өзі қымбаттағалы қашан? Алда-жалда күндізгі стационардан ем алсаң обалдары не керек, алмастырып болса да жоқ дәрінің орнына басқасын тауып емдеп жатады, бірақ құрымағыр дәрігер жазып берген дәрің болмаған соң көңілің де пәс болып қалатыны шындық.

Бұдан қалса дәрігер жетіспеуішілігінен қалаға жіберіп жатады жергілікті мамандар. Дұрыс қой, жаңағы тегін медициналық көмектің аясында қалаға барып тегін дәрігерлік кеңес, ем алып келіп жатасың. Бірақ жол шығыны, қаладағы кезек күту, бір күнде шаруаң бітпесе сандалып екі-үш күн жүріп қалу ауруға ауру қоспаса азайтпасы түсінікті. Тиісті жарна төлеп медициналық көмек алып отырғандардың өзі осылай әуре-сарсаңға түсіп жатқанда белгілі себептермен жарнасы аударылмаған, иә болмаса жарна аудара алмайтын жандардың жәйін көзге елестете беріңіз.

Осы саладағы түйткілді бір мәселенің де шешімі табылуы керек сияқты. Яғни белгілі бір дәрігерге кіру үшін міндетті түрде терапевт дәрігердің алдынан өтуің тиіс. Егер хирургке баруыңыз керек болса терапевт дәрігерге кірудің қаншалықты маңызы бар?

 Аудан тұрғыны Гүлназ Ибрайқызы: «Осыдан бір жыл бұрын ота жасатып, Оралда ем алдым. Тігілген жіпті ауылдағы хирург алады. Пәлен күні шешуі тиіс деп айтып жіберді. Айтылған күні хирургке келіп едім, алдымен терапевке кіріңіз сол жерде маған жаздырады деді. Ал терапевке келейін дегенде, «ертеңге жазылым толық, қабылдамайды, арғы күнге жазылыңыз», -  деді. Арғы күнге жазылып келіп кірдім, бұл маман не айтсын, хирургке бара беріңіз деп компьютерге тіркей салды. Жоға-ау, тігілген жіпті алдыру үшін сонша күн кідіртудің қажеттілігі қандай? Хирургке тікелей жіберді ме, сол дәрігерге кіре салмаймын ба? Тігілген жіпті алдыру үшін үш күн сандалдым», - деп ренішін білдірді.

Ал Ақшат аулының тұрғыны Қапия Қарасаева ауырып емханаға барғанда өз есебіңізден емделесіз депті дәрігерлер. Қалайша мен ақылы емделуім керек? Зейнеткермін. Мен үшін Үкімет ашқа төлеп отырған жоқ па деп ренішін білдіріп, бас дәрігердің араласуымен  бұл мәселе шешімін тапқан екен. Осындай талай түйткілді жайтың өмірде орын алып жатқаны рас.

МӘМС жүйесіндегі жүйесіздік, дәрі-дәрмектің қымбаттауы, мамандардың жетіспеушілі денсаулық саласындағы үлкен бас ауруы болып тұрғаны рас.

 Президенті Қ.Тоқаевтың өзі 7 ақпан күнгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Міндетті медициналық сақтандырудың алты жылында Қазақстанда дәрі-дәрмектің сапасы мен қолжетімділігі жақсарған жоқ», - деп мәлімдеген болатын. «2024 жылы денсаулық сақтау саласына 2,6 триллион теңге бөлініп отыр. Сонымен бірге медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі де әлі де айтарлықтай өскен жоқ. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес», - деп атап өткен-ді. Сонымен қатар Президент көп жағдайда ресурстардың тиімсіз жұмсалатынын айтты, Соның салдарынан бұл салаға қосымша қаражат бөліп, бюджетке салмақ түсіп жатқанына назар аударды.

Жөн-ақ. Қыруар қаражат қосымша бөлініп отырған саланың жұмысы да ендігі көрінетін, дау туғызбайтын жағдайға жетуі керек-ақ, бірақ әзірге бір жерді таптаумен шектелуде. Президентіміз медициналық нысандарды елді мекендерде қайтадан ашу, барларын заманауи құрал-жабдықтармен жаңғырту туралы да тапсырма бергені де белгілі. Мұны өз назарында ұстайтыны анық көрінді.

«Медицина инфрақұрылымын дамыту - өте маңызды міндет. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 655 нысан салу жоспарланған еді.  іс жүзінде оның тек 85-і ашылған. Мұның бәрі жұмыстың тиімсіз жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Жобалық-сметалық құжаттар тым баяу әзірленді, құрылыс ұзаққа созылды немесе нысандардың құны қымбаттап кетті деген себептер айтылып жүр. Мұның қай-қайсысы да құр сылтау. Қажет болса министр де, әкім де кез келген мәселені шұғыл шеше алады. Демек сондай ниет болмай тұр», - деп сынға алғаны бүгінгі қордаланып тұрған мәселенің бетін ашқаны. Неге Президент сөздерінен цитата алудамыз, өйткені көп нәрсені қарапайым халықтың білмей жатуы да әбден мүмкін.

Шынтуайтқа келгенде, медициналық мекемелер салынбақ түгілі біздің аудандағы ауруханадағы көптеген бөлінің біріктіріліп немесе тек кеңес беру кабинеттері ретінде қалып отырғаны белгілі. Мысалы туберкулез бөлімінің жабылуы, әйелдер кеңесі кабинетінің ғана қалуы халыққа ыңғайлы деп айтпас едік. Әрине, туберкулез сынды аурушаңдықтың беті бері қайтып, койка саны азаюына байланысты алынған шаралар болар, бірақ ертеңгі күнге деген кепілдікті ешкім бере алмасы түсінікті.

Басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Көмек сұрап барарымыз да дәрігер. Су ішіп отырған құдығымызға түкіруден де аулақпыз, бірақ мынау міндетті медициналық сақтандыру мәселесі көптің жүйкесіне тиіп отырғаны да шындық.

Аудандық емхананың меңгерушісі Айгүл Тәжекенова ұсынған мәліметтерге көз салсақ бүгінгі таңда аудан бойынша сақтандырылмаған тұрғын саны - 1 480 адам. Соның ішінде сақтандырылғаны - 98 адам. Былтыр желтоқсан айында сақтандырылмаған тұрын саны - 1816 болған екен (435-ке азайып отыр). 1381 сақтандырылмаған тұрғынның 715-і мүлдем МӘМС-ке жарна аудармаған. Ал 363 тұрғын басқа медициналық емханаға тіркелген. Тайға таңба басқандай көрініп тұрған 1381 адам медициналық көмекті қалай, қайдан алып жүр? Олардың ішінде көпбалалы отбасылардың, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жанұялардың, жұмыссыз отырғандардың бар екендігі белгілі. Бұл адамдар алда-жалда ауыра қалса жоғарыда атап өткендей тек шұғыл жағдайда ғана көмек ала алмақ болса, әшейінгі ауруларын ақылы түрде басқа жерден алуға тура келеді. Бірақ оған қаражатты қайдан алады? Шешуі жоқ шеңбер. Осыдан келіп халықтың бұл жобаның тиімсіздігін және қарапайым жұрттың қалтасы ескерілмейтіндігін айтып, бұл жобадан бас  тартуды алға тартулары бекер емес. Алайда су жаңа денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова:

«Мен бұл қордың таратылуын қолдамаймын, бізге мұндай қор керек. Халықаралық тәжірибелерге сүйенсек бұл өте сәтті жоба болуға тиіс. Егер біз бір жерде дұрыс жасамаған болсақ бұл одан бас тарту керек дегенді білдірмейді. Тек оның жұмысын жетілдіре түсуіміз керек», - деп отыр.

Кім өзі туған баласынан бас  тартсын? Бұл бүкіл бір жүйе үрлеп-әспеттеп дүниеге әкелген жоба. Ол халыққа тиімсіз бе, тиімді ме алған бағыттан ешкімнің бас тартқысы жоқ.

Гүлшат Ботанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале