23.07.2020, 15:02
Оқылды: 44

Маңдай терін төгіп жүр медицина маманы

Еңбек еленді ме?

Елде індет. Бұл пандемияның кесірінен дертке шалдыққан науқастардың жанына араша түскен, әрине, дәрігерлер. Олар осы вирус басталғалы бері үй бетін мүлдем көрмеді. Бір сөзбен айтқанда, балаларын иіскеп, бауырына баса алмай жүр. «Ауру адамды қайтсек аман алып қаламыз?» деп күндіз-түні жарғақ құлағы жастыққа тимей, қызметіне аса зор жауапкершілікпен адал қарап жүргендер де солар.

80D01BF1-8836-4BA3-A714-4A722B322968

Әмбеге аян, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл дәрігерлердің жалақысын кезең-кезеңімен өсіруді қолға алуды тапсырған бола-тұғын.

«Коронавирус пандемиясы бүкіл әлемнің денсаулық сақтау жүйесі үшін үлкен сынақ болды. Бұл індет біздің елімізде кәсіби дәрігерлердің жетіспейтіндігін анықтады. Бұл –  жалақының төмендігі,  осы кәсіптің  беделінің төмендігі  және дәрігерлер құқықтарының  сақталмауы. Олардың жалақысы  біздің экономикамыздағы орташа жалақыдан 2,5 есе жоғары болуы керек. Біз бұл көрсеткіштерді  2023 жылға дейін игеріп аяқтауымыз қажет», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

EBDEE373-762D-46ED-B7A3-9FE08B98E34E

Хош, сонымен Теректі ауданында маңдай терін төгіп жүрген медицина саласы қызметкерлерінің хал-ахуалы қалай? Олардың еңбегі еленді ме?

Айта кетейік, аудан бойынша үш дәрігерлік амбулатория, алты фельдшерлік амбулаториялық пункт, он бес медициналық пункт бар. Аудан бойынша 24 дәрігер еңбек етуде. Соның ішінде Подстепный дәрігерлік амбулаторияда - 6, Жаңаөмір дәрігерлік амбулаторияда 1 дәрігер жұмыс  істейді. Ал орта буынды дәрігерлер  саны - 144.

CF0A0D57-483A-40AB-B3AC-222546379DDD

– Қазіргі уақыттағы дертпен дәрігерлер уақытпен санаспай күресуде. Шыны керек, олардың еңбегі ұшан-теңіз. Науқастардың аман-сау жазылып шығуына қосқан үлестері көл-көсір. Осы орайда аталмыш індетпен бетпе-бет келген әріптестеріміздің еңбегі тасада қалған жоқ. Батыс Қазақстан облыстық денсаулық басқармасы жанынан құрылған комиссия шешімімен Үкіметтен бөлінетін қосымша қаражат төленіп жатыр,- дейді аудандық орталық аурухана директоры Зейл Мағзомов.

Бүгінгі таңда ауданымызда барлығы алты оттегі концентраторы бар. Тінін тарқатсақ, бір аппартатты «Жұмағұлов» шаруа қожалығы, екі данасын «Пойма май комбинаты» демеушілік көрсетіп, алып берді. БҚО денсаулық басқармасы екі оттегі концентраторын берді. Аудандық аурухана біреуін алды. Енді Алматы қаласынан үш дана оттегі концентраторы келеді екен. 8 пульсоксиметр сатып алынған. Бұлардың барлығы аудандық аурухананың өз қаражаты есебінен алынды.

- Бізде 8 провизорлыө керует ашылды. Қазір науқастар ем алуда. Бұл жерде 4 дәрігер, 4 орта буынды медбике, 4  кіші қызметкер жұмыс істейді. Ал Еңбек ауылында коронавирус індетімен ауырғандарды емдеуге арналған 20 провизорлық керует бар. Өңірде төтенше жағдай жарияланған кезде медицина мамандары бір ай бойы блокпостта болып, халыққа қызмет еткені көпке мәлім. Былайғы уақытта да тыным таппай жүретін дәрігерлердің жұмысы індетке байланысты екі еселене түсті. Қиын жағдайға қарамастан арнайы киіммен науқастарға медициналық көмек көрсетіп жүр. Бұдан басқа  вирусты анықтау мақсатында науқастардың мұрын қуысынан жағынды алып, оны вирусологияға апарады. Вирус жұқтырғандарды облыстық ауруханаға тасымалдайды. Міне, осындай жағдайлармен күресіп жүрген барша әріптестерімнің еңбегі мен үшін ерен. Оларға жағдай жасауға тырысамыз. Провизорлық стационардағы медицина қызметкерлеріне бөлек демалатын орын ұйымдастырылғандығын айта кеткен жөн,- деді аудандық орталық аурухана басшысы Зейл Жөкенұлы.

«Қымыз бен қой етін тегін тараттық»

«Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының  «Ақ халатты абзал жандар ауырмасын» акциясы Теректі ауданында жалғасын тапты, – деп хабарлайды аталмыш партияның Теректі ауданындағы филиалы.

– Жалпы бұл шара «Covid-19» дертіне шалдыққан науқастармен тікелей қарым-қатынас жасап, қауіпте жүрген дәрігерлерге қымыз бен саумалды күн сайын тегін жеткізіп, иммунитеттерін көтеріп, бүгінгі күннің батырларына қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылуда. Осы орайда ауданымыздағы шаруа қожалық иелерінің қолдауымен аудандық аурухананың  медициналық қызметкерлеріне тегін қымыз бен саумал жеткіздік. Қой етін беруді де қолға алдық,  – дейді «Nur Otan» партиясы Теректі  аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мерхат Ибраев.

Желдей ескен жылы лебіз

Біріміздің басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса ақ халатты абзал жандарға жүгінетініміз хақ. Теректілік Кәмшат Бектенова жуырда қатты ауырып, осы дәрігерлердің жәрдемімен жазылып шыққандығын тілге тиек етті.  – Ауа-райы қатты ыссы болды ғой. Сондай аптап күндердің бірінде салқын су ішкенім бар еді. Келесі күні тамағым ауырып, одан қызуым көтерілді. Кейін иіс, дәм сезуден қалдым. Сосын жедел жәрдем шақырып, он күндей ауруханаға жатып емделіп шықтым. Сол жерде дәрігерлердің ұйқысыз жүргендерін де өз көзімен көрдім. Мен секілді ауырып келгендердің жанына дауа, тәніне шипа іздеп шауып жүр. Олардың еңбегі бағалануы тиіс. Адам жанына араша болып жүрген дәрігерлерге алғыстан басқа айтарым жоқ, – деді ол.

«Елге аянбай қызмет етеміз» деп ант берген мамандық иелеріміз ғой. Қандай да болмасын жағдайда ауырып ем іздегендерге әркез көмек қолын созуға әзірміз». Бұл медицина саласында жылы орнын суытпай, жиырма жыл тер төккен Анар Имашеваның сөзі.

– Біз өз қызметімізді адал атқарып, науқастарымыздың ауырмай жазылып шыққан дидарын көрсек,  соның өзі бір бақыт. Мамандығын сүйетін дәрігердің бар арманы – дертіне шипа іздеп келгендердің тәуір болып,  ашық-жарқын жүруі. Індет кезінде басқа да әріптестерімізге оңай болмағаны анық. Өйткені олар науқастарды емдеп, басы-қасында болып жүрді,  отбасына бармады. Тіпті бауыр еті – балаларын да көрмеді. Бір жағынан,  Үкімет тарапынан біздің жағдайымызды түсініп, еңбекақымызды да өсіріп жатқандығы, көңілге кәдімгідей демеу болады екен,  – деп ризашылығын білдірді дәрігер.

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале