Кеше Казталов ауданындағы С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығында қоғам қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған "Мәңгілік ел — мәртебелі тіл" атты тілдер фестивалі өтті.
Фестиваль шымылдығы А.Байтұрсынұлы өмірінен сыр шертетін қойылыммен ашылды.
Шарада сөз алған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Берік Рахымғалиев жиналғандарды тілдер фестивалімен құттықтап, қоғамдағы белсенді азаматтарға алғысхаттар табыс етті.
Атап айтсақ, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Мәншүк Батырова, аудандық "Ауыл айнасы" газетінің жауапты хатшысы Әсем Халиуллина және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Алмагүл Әлібаева Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының алғыс хатымен марапатталды. Кезекті алғыс хаттар "Тұғыры биік туған тіл" атты аудандық авторлық өлеңдер байқауының қатысушылары Ғаділбек Тасқалиевке, Бекзат Болатқа, Райымбек Саматовқа табысталды. Марапаттау рәсімінен соң фестиваль аудан өнерпаздарының "Мәңгілік ел", "Қарызбын саған туған ел", "Қазақстан бақ Отаным" деген секілді бірнеше әсем әндерімен жалғасты.
Тілдер фестивалі аясында Казталов аудандық орталықтандырылған кітапханада ауданымыздағы ағылшын тілі курсының тыңдаушыларына сертификаттар берілді. Ауданымызда төртінші мәрте ұйымдастырылған ересек тұрғындар арасындағы тегін ағылшын тілі курсы биылғы жылы шілде айында өткен болатын. Курс офлайн форматта аудандық кітапханада 30 адамды 3 топқа бөле отырып ұйымдастырылды.
Курсты 20 жылдан астам ұстаздық еткен, педагог-сарапшы санатындағы Динара Есенгелдіқызы Дүйсақова өткізді. Жалпы, биылғы ағылшын курсына әртүрлі санаттағы қызметкерлер ХҚКО-ның, жұмыспен қамту орталығының, аудандық аурухананың, ветеринарлық станция және "Отбасы банк" бөлімшелерінің қызметкерлері қатысып, курстан өткенін растайтын арнайы сертификаттарға ие болды.
Жансая Жұмажанқызы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz