21.10.2021, 11:21
Оқылды: 50

Мәрт азамат 50 отбасын газетке жаздырды

Жаңақала ауданының төл газетіне 2022 жылға жазылу науқаны басталғаны туралы қалың оқырманды хабардар еткен едік. Алдыңғы жазылымда да көптеген азаматтар аудандық «Жаңарған өңір» газетінің таралымына қолдау білдіріп, өз үлестерін қосқан болатын.

195150231_2894967600721825_2614846831804598639_n

Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп келетін тамаша теңеуі арада бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, өзінің құндылығын жойған жоқ. Жаңа технологиялардың қарыштап дамыған заманында да газет бәсекеге төтеп беріп, негізгі ақпарат таратушы құралға айналып отыр.

«Газет – аудан айнасы» демекші, түйткілді мәселелерді қаузап, халықтың жанайқайын жеткізіп, оқырманға ой саларлық әрі  танымдық тың дүниелерді жариялап, аудандағы ахуалдың, елдегі жаңалықтың жаршысы бола білген төл басылымның жанашырлары да жоқ емес. Сол бізді қуантады. Жақында «Муса» шаруа қожалығының басшысы Тілеген Теміржанұлы көпбалалы, аз қамтылған 50 отбасын өз қаржысына аудандық «Жаңарған өңір» газетіне жаздырып, игі бастама көтерді. Жалпы, Тілеген ағамыздың есім-сойы аудан жұртшылығына етене таныс. Ол тағдыр тауқыметін тартқан талайларға қолұшын созып, қолда барын берген, аудан көлеміндегі ірі іс-шараларға қолдау көрсеткен ұлтжанды, руханиятқа жаны жақын жан.

- Әрқашан жергілікті басылымды қолдауға әзірмін. Ауылдастарым газет оқып, рухани азық алып, жағымды жаңалықтардан құлағдар болып отырса, нұр үстіне нұр емес пе? Газеттің арқасында жас ұрпақтың тіл байлығы кемелденіп, ой-өрісі кеңиді. Жалпы, аудандық басылымның қазіргі беталысына, ұстанымына, кескін-келбетіне көңіліміз толады. Әркез аудан өмірінен хабардар болып, бар жаңалықтарға құлақ түріп, ақпарат көздеріне қанығып келеміз. Шығармашылық ұжымға табыс тілеймін. Жерлестерімді газетке жазылуға шақырамын,-дейді Т.Мусин.

Газет тараламының артуына мүмкіндік жасап, тұрғындар рухани азықпен сусындасын деген мақсатта қолдау көрсеткен Тілеген ағамызға шынайы алғысымызды білдіреміз.

Біз табыс көзін тауып, еңбегімен ел игілігін еселеп жүрген азаматтардың осындай қадамын басқалардың да қолдайтынына сенеміз.

Алтынбек Ермекқалиев,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале