4.09.2017, 16:42
Оқылды: 68

Мәселелер өзектілігіне орай шешімін табады

Zelenov tamiz kenesi    Жиын-терім жұмысы тиянақталып, мал азығын дайындау науқаны біте келген тұста аудан əкімі Асхат Шахаров əлеуметтік нысандардың қысқадайындығын, жол жайын бағамдап ауылдарды аралады.

       Аудандағы əлеуметтік-экономикалық əлеуеті зор округтің бірі – Көшім округі. Орал-Атырау күре жолын ендей, Жайық бойын жағалай жайғасқан округ мал, бау-бақша, егін шаруашылығына əбден қолайлы. Халық саны күн санап артып, шағын кəсіпкерлігі қанат жайған ауылдың түйінді мəселесі де жоқ емес. Көптен бері ауыз су мəселесі шешілмей келе жатқан округке ағымдағы жылы «Нұрлы жол» бағдарламасымен қаржы бағытталып, Көшім ауылы таза ауыз сумен қамтылуда. Округке қарасты Өркен ауылына барар жолдың сын көтермейтіні де біраздан бері күн тəртібінен түспей келген мəселе болатын. Биыл осы бағыттағы жолды жөндеуге қазынадан 35,3 миллион теңге қарастырылып, жұмыс басталып кетті.

         Аудан əкімімен жүздескен тұрғындар Үлкен Шаған ауылына су жүргізу, Өркен мектебін күрделі жөндеп, кеңейту, ауыл төңірегіндегі мал жайылымын босату, ауыл шаруашылық кооперативін құруға қолдау білдіру, ауыл мектептерін спорттық иньвентармен қамтамасыз ету сұрақтарын көтерді. Раздольный округінің тұрғындары жол қиындығын сөз етсе, Красный свет, Кирсанов  ауылы тұрғындарының қолы көгілдір отынға тимей отыр. Чинаров елді мекенінің су құбырын ауыстыру қажет болса, Рубежин, Январцев мектептері мен Володар ауылдық клубы күрделі жөндеу күтіп тұр. Облыс орталығына іргелес орналасқан Жайық ауылының халық саны өсуіне байланысты мектеп құрылысын салу да күн тəртібіндегі өткір мəселеге айналып келеді.

         –  Мектеп, клуб, кітапхана мен балабақша, дəрігерлік амбулатория сынды əлеуметтік нысандарды аралап, жай-күйін бағамдап жүрмін. Округтердің жалпы шаруашылығы жоспарлы ұйымдастырылып, əлеуеті артып келеді. Ағымдағы жылы Орал-Кирсанов тас жолын қайта қалпына келтіру арқылы сол бағыттағы бірнеше округтің жол мəселесі түбегейлі шешімін таппақ. Өркен, Жайық елді мекендерінің жолы жөнделуде. Көшім,  Володар ауылдарына жаңа су құбыры салынуда. Əлеуметтік маңызды сумен қамту, жол жөндеу жұмыстары ауданда алдағы уақыттада жалғасын табады. Өздеріңізге белгілі елдің білім саласы түбегейлі жаңғыруда. Ұстаздарымыз білім жетілдіру курстарын тəмамдап, енді балаларымыз жаңартылған білім жүйесіне сай оқытылмақ. Ол үшін мектептерді заманауи құрылғымен қамтамасыз ету мəселесі тұр. Бірінші кезекте біз білім ошақтарының мəселесін шешетін боламыз. Ауданның даму жоспарында көзделген ауыз су тарту, көгілдір отын жүргізу мəселесі де тасада қалмайды, - деді аудан басшысы Асхат Шахаров тұрғындармен жүздесуінде.

Нұржан ТОҒЫЗБАЙҰЛЫ

Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале