23.01.2024, 17:30
Оқылды: 57

Мәслихат депутаттарының кезекті кездесуі өтті

Жаңақала аудандық мәслихат депутаттарының кезекті кездесуі Мәстексай ауылдық округінде болды. Жиын шымылдығын ауыл әкімі Ержан Тілепбергенов ашып, кейін аудандық мәслихаттың бас маманы Нұрбек Нығметұлы аудандық мәслихат депутаттарының атқаратын қызметтері мен жүктелетін міндеттерімен таныстырды.

94e0f114-2648-4196-ae15-2dcd72699a0b

Одан соң сол ауылдың түлегі, 30 жылдай механизатор болып қызмет жасап, өңірдің тыныс-тіршілігіне әбден қанық депутат Қобылан Мұқамбетов жылға жуық жасаған жұмыс жайын баян етті. Өз есебінде,

- 2023 жылы наурыз айының аяғында өзін-өзі ұсыну жолымен туған жерім – Мәстексай ауылының депутаты боп сайландым. Сол уақыттан бері ауыл тұрғындарына жеке қабылдаулар ұйымдастырып, олардың мәселелерін тыңдап, аудандық және облыстық мекеме басшыларына жеткізіп, шешімін табу үшін депутаттық сауал жолдадым. Қараөзен, Мұқыр, Сулыкөл бағытынан келетін суды уақтылы жетуін қадағалап, ауыл ішіндегі сайларға су келуіне, Ақсуат көліне су шығарып, Сулыкөл көлінің бойынан көбік қаздырып, қақпалардың алдын тазартуға ықпал еттім. Ауыл ішін толық техникалық сумен қамтамасыз етуге, Көккөз қыстағының қасындағы Мұқыр өзенінің үстінен орнатылған көпірді қалпына келтіруге, сондай-ақ Жаңақала-Мәстексай бағытында резервті 35 КВ электр желісін тұрғызуға, С.Меңдешев атындағы мектепті күрделі жөндеуден өткізуге және ауылдық дәрігерлік амбулаториясына физиоқұрылғы алдыруға атсалыстым. Мұқыр, Сарыкөл, Жаңажол елді мекендеріне жақын маңдағы қыстақтарды қамтитындай Қазақ радиосын, Тele-2, Altel ұялы байланыс желілерін орнатып, сапасын арттыруға, Мәстексай, Мұқыр ауылдарына шағын футбол алаңын салып, Мұқыр елді мекенімен қатынасты жақсарту мақсатында жолды биіктетуге, ауданаралық басталған қатқыл табанды тас жолдың құрылысының сапалы атқарылуын қадағаладым. Кірме жол және ауыл іші жолдарын қатқыл табанды жол салуға үлесімді қосқанымды айтқым келеді. Атқарылған, атқарылар істер бар. Жұмыла көтерген жүк жеңіл, - деп сөзін түйіндеді.

Қобылан Аманғалиұлының баяндамасын тыңдап отырып, Мұқыр елді мекеніне жас мамандарға арнап тұрғын үй сатып алуға – 3 миллион 400 мың теңге, Мәстексай ауылына техникалық су тартуға – 4 миллион 609 мың теңге, Мәстексай ауылы орталығындағы 13 электр желісінің КТП-сі қоршауларының болмауына байланысты қоршау орнату үшін – 910 мың теңге, Мұқыр елді мекеніне спорт алаңын  салуға – 26 миллион 114 мың теңге, аталмыш елді мекенге балалар ойын аланының құрылысына – 4 миллион 335 мың теңге қаржы бөлінгенінен хабардар болдық.

Кейіннен кезек жергілікті халықты алаңдатқан көкейкесті сауалдарға берілді.

Ерболат Батыргереев есімді ауыл азаматы ауданға айналма жол арқылы қатынау қиын екендігін айтып, тіке жолдың бетін қардан тазалап беруді сұраса, Абат есімді тұрғын сынып тұрған жаңа жедел жәрдем көлігіне қаражат бөлінуін өтініп, ауыл саябағын үнемі қадағалауда ұстайтын күзетші керектігін ескертті. Сонымен қатар ағамыз ауыл «Капустин яр» ядролық полигонының аумағында орналасқандықтан, мектеп асханасы биылға дейін балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз етіп жүргендігін, қаңтар айынан бастап мектеп әкімшілігі округтің полигон аумағына жатпайды деп, балаларды күнделікті ішіп жүрген тамақтарынан айырып тастағандығына наразылығын білдірді.

Оған мәслихат депутаты да толықтай қосылып, жұмыстанғандығын айтты.

Өзін Оралбай деп таныстырған қария болса, ауыл ішінде бұралқы иттердің қаптап жүргенін, қорадағы малға тиіскені аздай, адамға да шабуылдайтынын және қысқы мал азығының салмағының бағасына  сай келмейтіндігін айтып, қадағалауды сұрады. Қаңғыбас иттерді ату мәселесі төңірегінде ауыл депутаты иттерді заңсыз атуға тыйым салынғандығын ескерте кетіп, үй жануарының иесімен келісіп, қолға аламын деген тұрғындар болса, аудандық ветеринарлық станциядан мылтық әкеліп беруге дайын екендігін жеткізді. Ауыл ішіне жаяу жүргінші жолдары мен спортқа құлшынысы зор ауыл жастарына спорт кешені қажет екендігін Мейрам атты азамат тілге тиек етті.

Есеп беру жиынында Аққатша есімді ананың жанайқайы елеңдетпей қоймады. Айтуынша, ұлы Нұрберген ветеринария саласын меңгерген жоғары білім иесі екен. 2023 жылы қараша айының ортасында ауылдық ветеринарлық пунктке уақытша декреттік демалыстағы маманның орнына жұмысқа орналасқан. Қызметін абыроймен атқарып жүрген Нұрбергенге екі айдан соң ескертусіз аудандық ветеринариялық бөлімнен ескертусіз жұмыстан босату туралы бұйрық келеді. Ол жөнінде ветеринарлық пункттің меңгерушісі міндетін уақытша атқарушы Қобылан Мұқамбетов те бейхабар екен. Декреттік демалыстағы маманның өз өтініші негізінде жұмысына оралуы еркінде. Аты дардай аудандық ветеринариялық станциясы келесіде осындай кемшіліктерге жол бермесе игі.

Ауыл тұрғындарының мазасын алған мәселелерге жауап бергеннен соң мәслихат депутаты жергілікті халықты жеке қабылдады.

Айзада Ақбасова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале