Азық-түлік қай уақытта да қажеттілігі жоғары, сұранысқа ие тауар. Кәсіптің бұл түрі табыстың да тұрақты көзі бола алады. Осы орайда Жаңақала ауданына қарасты Мәстексай ауылдық округінде жас отбасы табыстарын арттырып, ауыл тұрғындарын қолжетімді бағада сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында сауда нысанын ашты. Ашылу салтанатына ауылдық округ әкімі Ержан Нағымұлы және жергілікті тұрғындар қатынасып, басталған іске толағай табыстар тіледі.
- Ауылдық жерде тұрақты жұмыс көзін табу қиын, 4 баламыз бар. Осы балаларымның болашағы үшін қажыр қайратымыз барда еңбек етіп, жетілдіру ата-аналық парызымыз ғой. Сондықтан ауылда бірнеше жылдан бос тұрған ғимарат болатын, ойлана келе сатып алдық, ауа райының қолайсыздығына қарамай жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Әрине қысқы жолдарды білесіз, аудан орталығынан құрылыс материалдарын жеткізу қиын болды. Дегенмен «еңбек бәрін жеңбек» демекші алға қарай адымдап, бүгінгі күнде өз қаражатымызға осы сауда нүктесін ашып отырмыз. Алда жоспарлар көп. Ауыл тұрғындарын қолжетімді бағада азық-түлікпен қамтып, тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз етсек өзімізге де, өзгеге де пайда келтіреміз деп ойлаймыз, - дейді жеке кәсіпкердің жұбайы Жанна Қобыландықызы.
Қимылдаған адамның қыр асатыны белгілі, сондықтан «алма піс, аузыма түс» демей өзіндегі барының басын құрап бастаған істеріне бізде сәттілік тіледік.
Зара Жәрдемова,
Жаңақала ауданы