«Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен Жаңақала ауданында биыл бірнеше спорт алаңы салынып, халық игілігіне берілмекші. Биыл жоспар бйынша бұл жоба үш ауылдық округте жүзеге аспақ.
Алғашқы спорт алаңы Мәстексай ауылында ашылды. Айта кетсек, спорттық нысанды мердігер «Бигналиева» жеке кәсіпкерлігі салып, дәл мерзімінде аяқтап, пайдалануға беріпті. Жобаның құны 7 млн. 63400 теңге. Бұл күн мәстексайлықтар үшін қуанышты күн болды.
Алаңның салтанатты ашылу рәсімінде алғаш болып сөз алған аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин:
– Салауатты өмір салтын қалыптастыру арқылы спорттың бұқаралығын қамтамасыз ету – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Спортпен шыныққан жас ұрпақ қоғамның басты байлығы. Спорттық бәсекелерде биік тұғырлардан көрініп жүрген Мәстексай ауылы жастарының жеңісті жолы өз жалғасын табады деген сенімдемін,-дей келе, ауыл тұрғындарын жаңа спорт алаңының ашылуы және Конституция күнімен құттықтап, жасөспірім спортшыларға сый-сияпат ретінде бірнеше доп табыстады.
Мұнан кейін сөз жалғаған еңбек ардагері Нұрлан Ғалымжанұлы, қазақ күресінен облыстық «Жас барыс» турнирінің жеңімпазы Амандық Қадыровтар жастарды білімді, білікті, талапты болуға шақырып, тілек айтты.
Мұнан соң аудан басшысы Н.Қадырбайұлы мен Н.Ғалымжанұлы салтанатты түрде жаңа спорт алаңының лентасын қиды.
Салтанатты ашылудан кейін жаңа алаңда шағын футболдан ауыл жастарының жарыстары басталып кетті.
Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ,
Жаңақала ауданы