Махамбет ауылдық округінде республикалық референдум аясында дауыс беру науқаны жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тұрғындар белсенділік танытуда.

Ауылдық округі бойынша үш референдум учаскесі бар. Махамбет ауылындағы №211 учаскесінде 1402 дауыс беретін азамат тіркелсе, №212 учаскеде (Павлов ауылы) 102, Горбуновтағы №213 учаскеде – 98 адам.
Таңғы сағат 07:00-ден бастап ауыл тұрғындары референдумға белсенді түрде қатысып, өз таңдауларын жасауда. Дауыс беруге тұрғындар отбасыларымен, көршілерімен, әріптестерімен келіп жатыр. Сонымен қатар ауылдың белсенді такси жүргізушілері мен әжелер қауымы да ұйымшылдықпен келіп, азаматтық белсенділіктерін көрсетуде.
Махамбетте 20 жылдан астам уақыт тұратын Ақбалжан Мұқанованың айтуынша, ауылда әжелер қауымдастығы бар. Құрылғанына үш жылдан астам уақыт болған қауымдастыққа 7 әже мүше. Биыл олар алғаш рет топ болып референдумға келіп, дауыс берді.
Әжелер қауымы ауылдағы рухани-мәдени өмірге белсенді араласып келеді. Ауылдық кітапханада жиі бас қосып, кітап оқуды насихаттап, мектеп оқушылары мен ауыл тұрғындарын кітап оқуға баулып жүр. Бұл бастама ауыл жастарының тәрбиесіне оң әсерін тигізуде.
Қорыта айтқанда, махамбеттіктер бүгінгі референдумға белсене қатысу арқылы ел болашағына бейжай қарамайтындарын көрсетуде.
Гүлім Мақсотқызы,
Бәйтерек ауданы