9.07.2021, 17:00
Оқылды: 360

Махамбеттің сүйегін тапқан Құрақ Бектұрғанов Жымпитыда жатыр ма?

Кеше редакцияға Ақжайық ауданынан белгілі ақын Сағынтай Бисенғалиев хабарласты. «Махамбеттің сүйегін тапқан Құрақ қарияның зиратын іздеп жүрміз. Сол мақсатпен ертең Жымпитыға барамыз. Жанымда Үзілдік апаң бар», - деді ағамыз.

Құрақ қария дегені – тайпақтық Құрақ Бектұрғанов екенін түсініп тұрмыз. Бірақ, ол Жымпитыға жерленген бе еді? Сол жағын ойланып қалдық.

Махамбеттің есімі намыстың, рухтың синониміне айналып кеткелі қай заман? Батыр ол дәрежеге оңай жетті ме? Жоқ. Ол «түн қатып жүріп, су татпай» жорық жүрді, «ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып» майданға кірді. Кім үшін? Өзінің өлеңімен жауап берсек, «қара қазан, сары баланың» қамы үшін. Ақыры, «Еділдің бойындағы ен тоғайға ел қондырсам» деп жүріп басынан айырылды.

 sdr

1836-1838 жылы Исатай Тайманов бастаған отаршылдарға қарсы көтерілістің қаһарманы Махамбет Өтемісұлының зираты өткен ғасырдың орта шеніне дейін белгісіз болып келді. 1958 жылы Оралға іссапармен келген белгілі академик Қажым Жұмалиев пен ақын Тайыр Жароков Махамбеттің мәңгілік мекенін іздеп, облыстық газет арқылы елге сұрау салады.

1958 жылы Орал өңіріне іссапармен барған Тайыр Жароков пен Қажым Жұмалиев «Орал өңірі» газетіне «Махамбеттің қабірін білетін жан бар ма?» деп сұрау салады. Осы сауал негізінде қабірді білетін Тайпақ ауданының тұрғыны Құрақ Бектұрғанов деген азамат байланысқа шығады. Арғы атасы Бектұрған Тәшенге, Тәшен баласы Дінмұхамедке, Дінмұхамед баласы Құраққа Махамбеттің бейітін көрсетіп аманаттаған екен. – деп жазады

Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Гүлжан Тоқмурзина «ATYRAY» газетіне берген мақаласында.

3

Дінмұхамед ақсақал белгі болуы үшін Махамбеттің басына тобылғы қамшыны қайысынан айырып көмеді. Баласына тобылғының шірімейтінін ескерткен. Құрақ Бектұрғанов атадан қалған ғасырлық құпияны жариялап, Махамбеттің бейітін көрсетті. Бұл оқиға жайлы Берқайыр Аманшиннің «Махамбеттің тағдыры» кітабында егжей-тегжей айтылған.

1966 жылы антрополог ғалым Ноэль Шаяхметов қабірді қазып алып, Махамбеттің бет-әлпетін құрастырамын деп, батырдың мүрдесін 17 жыл жертөледе ұстады деген де дерек бар. 1983 жылы Махамбет бабаның басы денесімен бірге қайта жерленіпті. 1995 жылы оның басына кесене тұрғызылды.

1

Бүгін таңмен Ақжайық ауданынан келген жоқшылар, белгілі ақындар Сағынтай Бисенғалиев пен Үзілдік Елубаеваны қарсылап алып, Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің қабылдауына апардық. Қонақтар сол жерде шаруасын айтты. Кейін ауылдың көнекөз қариясы Қайыржан Нұрмұханов пен журналист, ақын Махмет Қажиахметовты алға салып, Құрақтың бейітін іздеп, Жымпитыдағы үлкен қорымға қарай бардық.

6

Тайпақтың Алмалысында туып, сонда өмір сүрген Құрақ Бектұрғановтың Жымпитыға қандай қатысы бар? деген сауал санада көлбеңдей береді. Сөйтсек, оның қызы Сырым ауданы, Бұлан ауылына тұрмысқа шығыпты. Күйеубаласы Мақсот Ысқақов – Жымпиты аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет еткен. Кейінгі жылдары Құрақ қарияның өзі де Жымпиты өңіріне келіп тұрған. Осы жақта дүние салған.

5

Үлкен қауымға Құрақтың бейітін іздеп бара жатқанымызды естіген біздің редакцияның ардагері, көлік жүргізуші Темірболат Құспановтың есіне Жымпиты аудандық «Қызыл ту» газетінің редакторы, жазушы Бақтығұл Ойшыбаевтың баяғыда осы қауымға Құрақ деген кісінің басына келгені түсті. Зираттың да шамасын білетін болып шықты. Сөйтіп, Темірболат ағамыздың жолбастауымен қалың зираттың арасынан саман тастан көтерілген төртқұлақты үйдің орынына келдік. Мәрмәр құлпытаста: «Руы – Беріш, Қаратоқай. Бектұрғанов Құрақ Дінмұхамбетұлы. 1909 – 12.VII.1985. Белгі қойған: Балалары» - деп жазылыпты. Қазақты Махамбетімен қауыштырған Құрақ шал шынымен де Жымпитыда жатыр екен. Жанында зайыбы Бектұрған келіні Көшенқызы Жонаның да зираты бар. Екеуі бір жылда дүние салыпты.

4

- Қалың қазақ қарыздар тұлға ғой. Жатқан жері жарық болсын! - деп тебіренді бейіт басында тұрып Сағынтай ақын.

Кейін мұсылмандық жолмен аруақтардың рухына Құран бағышталды.

P.S. Сырым ауданының тарихы жыл өткен сайын қалыңдап келеді. Бүгін осы тарихқа тағы бір парақ қосылды. Биыл Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілістің басталғанына 185 жыл толады. Жымпитының осы көтеріліске байланысты тарихшылардың басын қосып жиын өткізуге, өзін батырдың басын тапқан Құрақ Бектұрғановтың мәңгілік тыным тапқан топырақ ретінде таныстыруға толық қақы бар. Айтпақшы, Құрақ пен жары Жона анамыздың зираттарының тасы желініп, құлапты. Мазарат салып мазаламасақ та, мал тұяғына қорлатпай, қоршап қойса болар еді.

 

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале