Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәлік Құлшар жұмыс сапарымен Шыңғырлау ауданының Ащысай ауылында болып, тұрғындармен Конституцияға енгізілуге жоспарланып отырған өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіруге бағытталған кездесу жиынын өткізді.
Кездесуде аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова еліміздің басты заңы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты үстіміздегі жылдың 5 маусымында өтетін референдум туралы қысқаша баяндап, сөз кезегін халық қалаулысына ұсынды. Өз сөзінде Мәлік Иманқұлұлы референдумда қаралатын мәселелер, Ата Заңға енгізілетін өзгерістер жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізе отырып, әр шыңғырлаулықты референдумға қатысуға шақырды. «Біз референдумға қатысу арқылы, өз ойымызды білдіру арқылы елімізге өзгерістер әкеле аламыз. Себебі «Жаңа Қазақстанды» құру жолында бұл өзгерістер бізге аса қажет. Бұл референдумның ерекшелігі – өзгерісті халық жасайды. Яғни тікелей өзінің дауысымен өзгеріске үлес қосады. Сондықтан әрбір дауыс өте маңызды,- деген ойын білдірді.
Жиыннан кейін Мәжіліс депутаты партия сайлауалды бағдарламасы аясында өткен жылы салынған аудан орталығындағы жалпы көлемі 2534 шаршы метр болатын 170 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты.
Жаңа нысанның әр залын, үйірмелерін аралай жүріп, спорт саласының мамандарымен және жас спортшылармен кездесті.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz