4.04.2018, 10:40
Оқылды: 48

Мәжіліс депутаты Зеленов тұрғындарымен жүздесті

Зеленов ауданына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Бақытбек Смағұл келді. Халық қалаулысын аудан әкімі Асхат Шахаров қарсылап, құрмет көрсетті.  

Сапарын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінен бастаған халық қалаулысы  волейболшылар мен самбошылардың жаттығуын тамашалады.

Спортшыларға рух берер өлеңін оқып: - Елбасы, ел үкіметі спорт саласына көңіл бөліп отыр. Қазіргі таңда еліміздің біраз аудан, ауылдарында осындай кешендер салынды. Алаңсыз дайындық жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алған өздеріңдей жас спортшылар болашақта еліміздің көк туын әлемдік додаларда желбіретеді деген үміттемін, - деп спортшыларға жаттығуларын үзбеу керектігін айтты.

Кейін «Достық» үйіне бас сұққан депутат этно-мәдени орталық жұмыстарымен танысты. «Рухани жаңғыру» алаңы жұмысымен танысқан мейман Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бағытында атқарылып жатырған жұмысқа көңілі толатындығын жеткізді. Сондай-ақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне кірген халық қалаулысы оқырмандармен жүздесті. Ұлттық тәрбие, патриотизм туралы әңгіме тиегін ағытқан Бақытбек Смағұлұлы болашақта әскери оқу орнына түсем деген ниеті бар жастарға да ағалық кеңесін берді.

Одан соң депутат аудан активімен кездесті. Ол жиынға Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуі арқау болды. Алдымен өз ұсынысын жеткізген аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Исмағұлов жер кезегінде тұрған халыққа жер беру жайын қатаң шеңберге салып тастағанын, барлық инфрақұрылымы жетіп тұрған телімдерді үлестіру ғана қалғанын айтып, бірнеше жылдар бойы қалаған жеріне қол жеткізе алмай жүрен тұрғындар сол бірнеше соток жерді үйлестіруді тек заң шеңберіне ғана қалдырмай аздаған бөлігін жергілікті атқарушы органның ұйғарымына берілсе деген ұсынысын айтты. Бұдан бөлек жиын барысында біркелкі мектеп формасы, жат ағым жетегінде кеткен азаматтар жайы мен әскерге шақырушылар туралы сұрақтар көтерілді.

Жиыннан соң Бақытбек Смағұлұлы аудандағы ауған соғысы ардагерлерімен кездесті. Еркін өрбіген әңгіме барысында ардагерлер өз ұсыныстарын айтып, пікір алмасты. Жергілікті ардагерлер арасынан өзімен бірге болған жанды да кездестірді. Ауған соғысы, Семей полигоны мен Чернобыльде және Тәжік-Ауған шекарасында болған азаматтардың мәртебесі жайында да сөз қозғалған жиын соңында: - Жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу ісіне ауған соғысы ардагерлері де белсенді араласуы керек. Өйткені сіздердің өмірлерің мен ерліктерің жайында оқушылар мен студенттер біліп жүруі керек, - деді Бақытбек Смағұлов.

Түгелбай Бисен

Зеленов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале