27.09.2021, 10:01
Оқылды: 115

Меценаттың мерейтойына арналды

Теректі ауданы Долин ауылындағы Чапаев ЖОББМ-де мектеп мұғалімдері мен қызметкерлері арасында волейболдан ашық турнир өтті. Спорт бәсекесі мектеп түлегі, меценат Сағидолла Еркебаевтың 70 жас мерейтойына арналған.

 IMG_20210925_132249_503

Сағидолла Батайұлы – Долин ауылында дүниеге келген. Мектепті ширек ғасыр бұрын бітірген кәсіпкер өзі білім алған Чапаев ЖОББМ-ін ешқашан ұмытқан емес. Ол әрдайым мектепке һәм ұжымға қолдау көрсетіп келеді. Кәсіпкер республикалық, облыстық түрлі сайыстарда жүлдегер атанған, оқуда озат болған оқушылар мен жемісті еңбек еткен ұстаздарға жыл сайын қаржылай сыйақы ұсынып тұрады. Мектепке «ГАЗЕЛЬ» автокөлігін сыйлап, білім ордасындағы робототехника кабинетін жабдықтап берген Сағидолла Батайұлына күллі аудан халқы риза.

IMG_20210925_132249_518

Жүрегі мейірімге толы кәсіпкердің мерейтойына арналған турнирге Чапаев ЖОББМ және Федоров қазақ мектебі командаларынан бөлек, Орал қаласы, Бәйтерек ауданының Қ.Аманжолов атындағы мектебі мен сол аудандағы «Асан» мектеп-бөбекжай кешені командасы, Жаңақала, Шыңғырлау, Тасқала ауданынан командалар қатысты.

Спорт бәсекесінің ашылу салтанатына Теректі ауданы әкімінің орынбасары Армат Байғазиев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

IMG-20210925-WA0074

Мерейтой иесінің шаңырағы атынан Мирлан Еркебаев сөз алып, аталмыш доданы ұйымдастырушыларға алғыс айтты.

Сағидолла Батайұлының сәлемін жеткізген ол турнирдің жалпы жүлде қоры 200 мың екендігін де тілге тиек қылды.

Мектеп директоры Мирас Абуғалиев ұжымның атынан меценатқа естелік сыйлық ұсынды.

Жарыс қонақтары мен қатысушыларына мектептің жас маманы Динара Рақымғалиқызы ән шашу тарту етті.

Турнир тұтастай бір күнге созылды. Барлық санитарлық жағдайлар сақталған додада сегіз команда екі топқа бөлініп сынға түсті.

FB_IMG_1632625850531

Сайып келгенде І орынды Орал қаласындағы №14 ЖОББМ ұжымы жеңіп алды. Тұғырдың екінші сатысына Жаңақала ауданынан келген Карманов мектеп-бөбекжай кешені ұжымы жайғасса, Федоров қазақ мектебі командасы үздік үштікті түйіндеді.

Арнайы аталымдар бойынша «Үздік ойын байланыстырушы» -Айдана Тлегенова (Бәйтерек ауданы, Асан мектеп-бөбекжай кешені), «Үздік қорғаушы» - Биман Сағдат (Бәйтерек ауданы, Қ.Аманжолов атындағы ЖОББМ), «Үздік шабуылшы» - Нұрбек Сұпығалиев (Жаңақала ауданы, Карманов мектеп-бөбекжай кешені), «Үздік ойыншы» - Есенғалиев Жастілек (Орал қаласы, 14 жалпы орта білім беретін мектебі) жеңімпаз атанды.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшалай және естелік сыйлықтармен марапатталды.

 

Әділет Әлібекұлы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале