Теректі аудандық мәдениет үйінде елімізге танымал актер, сценарист, режиссер, жерлесіміз Медет Аманбаевпен кездесу өтті.
"Теректіден түлеп ұшқан талант" атты шараны аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы ұйымдастырды.
Орталықтағы қос білім ордасының оқушылары және түрлі саладағы жастар өкілдері қатысқан кездесу еркін форматта өрбіді.
Медет Талғатұлы Аманбаев есімі қазақстандықтарға жақсы таныс. Теректі топырағында дүниеге келген актер "Патруль" туындысы арқылы танымалдыққа ие болды. Сонымен қатар, жерлесіміз "Красавчики до нашей эры", "Ангел-хранитель" секілді көпке танымал киноларда басты рөлді сомдаған. Телекөрермендердің сүйікті бағдарламасына айналған "Мәссаған", "Тематик-шоу" секілді жобалардың авторы да осы Медет.
Кездесуге жиналған жастар тарапынан туындаған сауалдарға еркін жауап берген қонағымыз іні-қарындастарына өмір жолын айтып берді.
- Бәріңізге мендей болыңыз деуден аулақпын. Мен де қарапайым отбасында өскен қазақтың бір баласымын. Әкем мен анам осы Теректіде тұрады. Жыл сайын уақыт тауып туған жерге келіп тұруға тырысамын. Мен бала кезімде көп армандадым. Мектеп қабырғасында белсенді болдым. Арман қуып Алматыға аттанып, жақсы орта таптым. Айтқым келетіні – армандаудан шаршамаңыздар, достар. Армандар орындалады,- деді Медет Талғатұлы.
Кездесуді жүргізген ауданымыздағы белсенді жас Ерасыл Әлібеков түрлі ойындар ұйымдастырып, қонақтың барлық қырын ашуға тырысты.
Теректіліктер атынан "AMANAT" партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мирхат Ибраев, Теректі аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Эрик Чигирев, аудандық мәдени-демалыс орталығы басшысы Арман Сағидоллин қош келдіңіз айтты.
Теректі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Таңатжанұлы уақыт тауып аудан жастарымен кездескен Медетке алғысын білдіріп, естелік сыйлық ұсынды.
Танымал актер, Теректі мақтанышы Медет Аманбаев келе жатқан ауданның 90 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Әділет Әлібекұлы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz