Жәнібек аудандық мәдениет және демалыс саябағында медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты шара өтті.
Мерекелік шарада аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов сөз сөйлеп, барша ақ халатты абзал жандарды мерекемен құттықтады. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің төл мерекесіне орай аудан әкімінің атынан аудандық аурухананың жалпы тәжірибелі дәрігері Анар Бердіғалиеваға, аудандық аурухананың күндізгі стационар бөлімінің мейірбикесі Гүлсара Сүйінғалиеваға, аудандық аурухананың мейірбикесі Айгүл Нығметоваға, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Іңкәр Хасайыноваға құттықтау хат табысталды.
Шара одан әрі Жәнібек ауданының 100 жылдығына орай Ақоба ауылдық округі көркемөнерпаздарының «Жәнібек жыр мекені, ән сарайым!» атты концерттік бағдарламасымен жалғасты. Аталмыш ауылдың әкімі Нұрлыбек Жакиннің алғысөзінен кейін, жекелеген өнерпаздар мен дуэт, трио және квартеттің орындауында шырқалған әндер көрерменнің көңілін бір көтеріп тастады.
Лаура Қайратқызы,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz