Қайырымдылық жасап, айналасындағыларға барын беріп, сауап алып, алғысқа бөленіп жататындар ізгілік, адамгершілік, мейірім сынды қасиеттердің адам тұрғанда жоғалмайтынын анық көрсетеді. Оның жарқын көрінісін Есенсай ауылынан көре алдық. Мұнда жергілікті азамат Серік Аймағамбетов 3 милилион теңгеге 15 дана компьютерді оқушыларға сыйға тартты. Ол ауылдық округ орталығындағы орта мектепке екі, Тасоба ауылындағы бастауыш мектепке бір дана компьютер табыс етіп, қалған 13-ін көпбалалы және аз қамтылған отбасындағы ұл-қызға үлестірді.
Алғабас ауылдық округінде су тасқынынан туындаған ахуалдың күрделі болғанын білеміз. Осында Қарағай мен Бесоба елді мекендеріне апарар жолды су шайып, ауыл тұрғындары қатынассыз қалды. Жерлестері қиын жағдайда қалғанда, алғабастық Ерболат Құрманғалиев пен Қайыржан Аманғалиев техникасы, жұмыс күшімен жәрдемдесіп, қаржылай да қолдау көрсетті. Сондай-ақ осы округтің түлегі, республикалық деңгейдегі бокс бапкері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО және Еуропа чемпионы Мырзағали Айтжанов та жерлестерінің су құрсауында қалғанын естіп, 500 000 теңге қаражатын жолдап, ағайынның амандығын тіледі.
Асыл Қайрат,
Ақжайық ауданы,
zhaikpress.kz