Кеше Рухани орталықта аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының ұйымдастыруымен 1 наурыз – Алғыс айту және 8 наурыз – халықаралық әйелдер мейрамына орай «Мейірімділік – анадан, әдептілік – данадан үйрен» атты мерекелік шара өтті.
Сайыс түрінде өткен шараға 8 ана қыздарымен қатысты. Жарыста қосымша білім беру ұйымдарының әдіскері Бибігүл Сахипова, жас туристтер станциясының басшысы міндетін уақытша атқарушы Қуат Имашев, орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы Дина Мукашева, Қ.Жантілеуов атындағы музыка мектебінің әдіскері Жастілек Хайрекешов, мектептен тыс жұмыс орталығының әдіскері Салтанат Борашева қатысушылардың өнерін бағалап, төрелік етті. Алдымен Қ.Жантілеуов музыка мектебінің домбыра сыныбының оқытушысы Гүлбар Шуақбаева оқушыларымен күмбірлете күй тартып, содан соң додаға қатысып, бақ сынайтын аналар мен қыздары ортаға шығып, өздерін таныстырды. Одан әрі «Кім жылдам?», «Бұл кім? Ол не?», «Орнын тап» атты қызықты ойындармен жалғасты.
Содан соң оқушылар өз өнерлерін ортаға салып, бірі әннен шашу шашса, бірі мың бұрала би билеп, көрерменнің ықыласына бөленді. Кеш жүргізушісі Аймырза Арманұлы ана туралы әсерлі монологты жүрекке жеткізе оқыды. Жиын барысында оқушылар аналарына тосынсый жасап, ана жүрегін шаттыққа бөледі. «Ата-ана - балаға сыншы» дегенді қалай түсінесіз деген сұрақ қойылса, оқушылар «Ана» сөзіне ассосация жасап кері байланыс жасады.
Шара соңында Анна Ажығалиева «Шебер ана», Люция Хайруллина «Парасатты ана», Айгүл Темірғалиева «Білімді ана», Альмира Хабиева «Кең жүректі ана» номинацияларымен марапатталса, Хамария Иманбаева «Өнегелі ана», Әсел Хасангалиева «Дана ана», Дариға Шайкенова «Мейірімді ана», Жансая Жұмағалиева «Мейірбан ана» номинацияларын иеленді. Үйірме жетекшілері – С.Қарекенова, С.Төлепова, Д.Маулетова, А.Фазылова, Ж.Абулхатина, С.Құрмашев, А.Шарипкалиев, Ж.Жұмағалиева, Э.Валиева.
Нұргүл Дүйсенбаева,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz