1.08.2023, 21:08
Оқылды: 397

Мектеп – базар, мұғалім – саудагер емес

Мұқым елдің мұраты мен мақсатына маңыз қойған мұғалімдердің мәртебесі  қашан да биік. Соңғы жылдары мәртебелі мамандыққа айтарлықтай басымдық беріліп, көңіл бөлінуде. Алаштың арқырап тұрған уағында ұстаздардың абыройы тұғырда болғанына шүбә жоқ. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім», - деген нақылы мен ақылы ұштасқан таптырмас кеңесі осыны дәлелдейді. Олардың беделі жөнінде үйде де әңгіме қозғалады.

86

Анам қалай мұғалімнен қорыққанын, берген тапсырмасын бұлжытпай орындайтынын, қас-қабағы арқылы нені сезініп тұратынын айтады. Бұл суреттеулерден кейін кеңес кезеңінде де оқытушы абыройының зеңгір көкпен таласқаны байқалады. Араға жылдар мен небір жүйелерді салып ардақты есімге сызат түскені көзі қарақты оқырманға аян. Ат тонымызды ала қашқанмен, дүниеде ақшамен байланысты құндылықтар бар. Жалақысы күнделікті күйбең тірліктен артылмайтын қауымның еңсесін басып, басын тік көтеріп жүре алмайтыны – ақиқат. Түптеп келгенде қоғамның аянышпен яки кемсіте қарайтын көзқарасының себебі мұғалім жалақысының аздығы болды. Ал мұны мемлекет қана емес әлем болып пандемияның белең алған тұсында байқадық. Телефонға шұқшия «білім» алған іні-қарындастарымызға қарапайым тапсырмаларды түсіндіре алмай, шығарған сәл қана қылықтарына төзе алмадық. Қысқасы, жарытып оқыта алмай, азар да безер болғанымыз жасырын емес. Сол кезде ғана біз орынсыз сын айтып, жөнсіз айыптап жүрген жандардың қадірін түсіндік. Оған дейін мардымсыз жалақыға күн көрген асыл қасиет иелеріне құрметіміз артып, ұл-қыздарымызды мектепке жіберуге асықтық. Білім саласындағы күрделі жыл саналған уақытта мұғалімдерге Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша қабылданған «Педагог мәртебесі» туралы заң қайта серпіліс берді. Сол кездегі білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те білім саласын қайта түлетті десек те, артық болмас. Ұзақ уақыт бойы «батасы берілмей ұзатылған қыздай» көз жасын көл еткен, қоғамның кетігін таба тұрып, қалануға дәті бармаған, не ата-анаға, не шәкіртіне сөзі өтпей, жасқанып жүрген жауапты мамандық қызметкерлері еңсе тіктеді. Тіпті қазір бұрынғыдай емес, бес-алты есе жалақысын алып, ай сайын білімін жетілдіретін жиындарға қатысып, жүріс-тұрысы мен киіміне мән бере бастады.

foto-rynok-aksuattb-press-reliz

Ортада сөзін нық сөйлеп, өзіне сене түсті. Қазір оларды адам санын толтыру үшін мәдениет үйіне күштеп әкеліп қоймайды. Сенбілікке қинап шығарып, кітап алар қолына қоқыс ұстатпайды. Есесіне пікірін тыңдап, ойымен санасады. Тұралап қалған саланы мемлекет басшысы осылайша аяққа тұрғызды. Бауырларымды мектептен алуға барғанда ұстаздардың жұмысын құштарлықпен атқарып жатқанын байқаймын. Бірақ оларды саудагер кейіпінде көргенде, қанша жыл аңсаған көңілді өздері таптағанына қапаланамын. Мен мектепте, колледжде оқығанда «носки сатамын», «құрт-қаймақ бар», «қарызға беремін» деген сөздері таңсық емес болатын. Себебі мұңы тереңдегі мұғалімдердің жай-күйін түсінетінмін. Қазір қанша ақша алса да, мәртебесін мемлекет биіктетіп берсе де осындай тұрпайы қарекетпен айналысатындар азаяр емес. Керсінше бір-бірімен жарысып, желілік маркетингқа тіркеліп, пиндуодуодан жұмыс уақытында тапсырыс беріп, абыр-сабыр болып жүр. Оның үстіне әлеуметтік желідегі жарнамалардан көз сүрінеді. Сырты түзеліп, іштегі байлығын молайтудың орнына іш киім сатып және оны желіге жүктегенін көрген шәкірт ұстазды қалай сыйламақ? Оған қоса «оқушылар бетімен кеткен», «сізді ұмытып, сен деуге көшті» деген орынсыз датты айтуға шебер мұғалімдер кінәні өздерінен көрмесе, сырттан ата-ананы жазғыруы әбестік. Өткенді білмей бүгінді бағалаудың қиын екенін ескеріп, ардагер ұстаз Дина Сапашеваның ойын білдік. Ол:

-Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі»,- деп бекер айтпаған ғой. Осыдан-ақ төрді алу үшін тұлға болуға ұмтылу керегін түсінуге болмай ма? Мен ұстаздық жолда өз ұстанымымнан айнымауға тырыстым. Бүгінде бейнетімнің зейнетін көріп отырмын. Мектепке келіп саудасын жүргізген педагогтерді де көре қалдым. Сырттай ерсі көрінеді. Біздің мамандық – қастерлі де қасиетті және кірпияз. Оны абайлап алып жүрмесек, беретін нәтижесі қорқынышты. Әркім өз ісімен айналысқаны дұрыс болар. Біз ойлағаннан да көп нәрсені талап ететін мамандық үшін ұсақ-түйек қалауымызды құрбан етуге әбден болады. Мемлекет айрықша көңіл бөліп отырған соң есімізді жинап, жүктелген жауапкершілікке адал болайық,- деп асқан біліммен жауап берді.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Бағида Сарбалинаның да пікірін білмекке бекініп, ұялы телефон арқылы байланысқа шықтық. Уақыты тығыз, жұмысы қауырт басшы бұл ойымызды бірден құптады. Екі-ақ минутта ойын жүйелі жеткізген ол:

-Түбегейлі қарсымын. Онымен күресіп те келемін. Қолдан келер қайран жоқ. Мұғалімдерге қанша түсіндірсем де, баяғы жартас – сол жартас. Онымен мемлекет басшысы заң жүзінде айналысып, қолға алмаса қиын болайын деп тұр. Бірден заңға жүгініп, бас пайдамызды ғана ойлайтын кезеңдеміз. Сол үшін түрлі себеппен өздерін ақтап алады,- деп ақтарылды.

Бәлкім жұрт білмей сөгетін сыры бар шығар деген ойда аудан мұғалімдерінің жанына үңілгіміз келген. Дегенмен біз ойлағандай болмады. Мазаламауды сұраған олар «қарға қарғаның көзін шұғымайды» деген біртүрлі түсінікте. Пікірін білгім келген білім саласының қызметкерлері сөзден тайқыды. Бірі «сауда саттықпен айналысқан ұнайтын шығар» десе, бірі құптарлық іске жатқызды. Айтуынша, өзі тапсырыс беріп, тұрақты түрде қалаған затын алып жүр. Жалғыз №1 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Әдемі Ахметова ғана қарсы болмады. Жиырма алты жыл еңбек етіп, мамандықтың қыр-сырын меңгерген ол былайша тарқатты:

-Мұғалім қай уақытта да өз ісінің шебері болуы керек. Дегенмен, заманға сай болғаны өте дұрыс деп ойлаймын. Егер сауда-саттықпен айналыса жүріп, өз жұмысын ұмытпай, жауапкершілік танытса ғана қарсылығым жоқ. Эсенс, орифлейм өнімдерін немесе адам денсаулығына пайдалы заттарды сатып айналасындағылардың алғысын алып жүргендерді білемін. Ұстаздарды қосымша іспен айналысады деп кінәлаудың қажеті жоқ. Әр адамға өз кәсібімен қатар денсаулық та керек,- деп түйіндеді.

Жеткізгіміз келгені мектеп–базар, мұғалім–саудагер емес. Сауда мұғалімдердің сүйікті ісіне айналса, құба-құп. Нарық заманында жеке кәсіппен айналысса да сөгуге болмайды. Жеке басына өтіп жалған жазғыратын ниетіміз де жоқ. Дегенмен, ата-ана мектепке балаларын білім алуға жіберді. Мұғалім жасаған сауданы көріп, кәсіпкер болсын деп жібермейді. Сөйте тұра олар перзенттерінің саналы болып өсіп, елге қызмет еткенін қалайды. Ал біздің мұғалімдер қауымы көзсіз саудаға көшсе, білім қараң қалады деген сөз. Білімнің күні қараң болса, елдің ертеңі жаман болады. Соны ұғынайық...

Әлібек Қаржау,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале